Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиЭкономика

ТАПСЫРМА БАР, ӘРЕКЕТ ЖОҚ

Бір кездері барлық елді мекеннің іші-сырты мен ауыл және қалааралық жолдарының бойында жер жағдайына қарай терек, тал, қарағаш, жиде сияқты ағаштар жайқалып тұратын. Бұл адамға ғана емес, ұшқан құстан бастап, жүгірген аңға дейін барлық жан-жануарға ыстық пен суықта пана болып, шаң мен тозаңнан қорғайтын. 1990 жылдардағы өтпелі кезеңде ауылдық, аудандық, облыстық, республикалық маңызына қарамастан жол бойындағы ағаштардың көпшілігі қараусыз, күтімсіз қалды. Алды қурап, одан қалғаны отынға кесіліп кетті. Тіпті жол тұрмақ, елді мекендердегі желдің өтіне тосқауыл болады деп арнайы егілген жасыл желек те әй дер ажа, қой дер қожа болмағандықтан талан-таражға түсіп, жойылуда. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей, тіршілік қамымен ауыл тұрғындарынан аудан орталығы мен қалаларға қарай көшетіндер көбейді. Олардың көпшілігі орталықтан баспана таба алмағандықтан жағдайына қарай, қала сыртынан жер телімін сатып алып, үй салуға тырысуда.

Соның нәтижесінде жеке тұрғын үй құрылысына емес, ауыл шаруашылығына қарасты аумақта ширек ғасырдың ішінде жүздеген, мыңдаған жаңа ауылдар мен ықшам аудандар пайда болды. Олардың көпшілігінде әлі күнге дейін парк, скверлер жоқ. Тіпті қарама-қарсы бағытта қозғалған екі көлік әрең сиятын мұндай жерлерде ағаш егу тұрмақ, жолдың екі жағынан бірдей жаяу жүргіншілер жолағын салудың өзі кейде мұң боп қалды. Ал бірі 4-7 сотық жерде отбасына пана болар шағын үй мен монша және 2-3 түп жеміс ағашын қанағат тұтса, енді бірі сұранысты ескеріп, жер телімін түгел жалға берілетін пәтерлері бар құрылыспен толықтырғанды жөн көріп отыр. Жыпырлай салынған құрылысқа толы мұндай ауыл мен ықшам аудандар көбіне архитектуралық қана емес, қауіпсіздік және өзге де құрылыс нормаларына сай келе бермейді. Сондықтан халқы да, ауданы да айтарлықтай кеңейгеніне қарамастан Алматы сияқты қаланың өзінде ағаш саны 2-2,5 миллионнан аспай отыр. Ал тұрғындарының саны ресми түрде 1,9 млн, бейресми есеп бойынша 3 млн деп есептелетін қала үшін бұл көп дей алмайсыз. Оның өзі Баум тоғайы, Панфилов бағы, Орталық демалыс паркі сияқты орындардың есебінен сақталып тұрғанын ескерсек, республикадағы ең жасыл желекті қала саналатын Алматының өзінде ағаш егу жайы әлі толық шешілмегенін аңғаруға болады.
Биліктің үш сатысының жұмысына баға берген кезде де ешкімнің ештеңеге жауап бермейтінін дәл осы көгалдандыру саласына қарап топшылауға болады. Өйткені, көгалдандыруға қатысты ағаш егу, қурағанын кесу, ауру ағаштарды емдеуге қатысты жауапты мекемелердің жұмысына ауылда да, қалада да көңілі толмайтын адамдар саны жыл өткен сайын өспесе, кемімей келеді. Тіпті көлік пен жүргіншілердің үстіне құлаған ағаштан зардап шегушілер мәселесі бұқаралық ақпарат құралдарында қанша айтылып, жазылып, көрсетілгенімен одан нәтиже шығарған ешкім табылмай тұр. Бірі мәселені нөсер жауын мен боранға жапса, екіншісі мемлекеттік конкурс пен тендерге, үшіншісі мердігерлерге сілтеп, өз арасында ары-бері жүгіртіп шаршатқан соң еріксіз бәріне қолыңды бір сілтеуге мәжбүр етеді.

ЖОЛ БОЙЫНДА АҒАШ АЗ
Ауыл арасы тұрмақ, облыс және республикалық маңызы бар үлкен автожолдардың кейбір учаскелері қардан, бораннан қорғайтын ағаш егілмегендіктен қыста жиі қар басып қалып жатады. Тіпті, төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан ескерту жарияланбай жолға шығып кеткен кейбір көліктердің бір емес, бірнеше тәулік бойы қар астында қалып қоятын сәттері де аз емес. Егер бәрі ғылыми түрде есептеліп жасалғанда және оған қатысы бар барлық мекеме өз қызметін сапалы жүргізетін болса мұндай жағдай ілуде бір орын алып, тіпті оны мүлде болдырмауға да мүмкіндік
туар еді. Алайда бізде бәрі керісінше. Тұқымбақ, тәлімбақ секілді орындарды ел игілігіне тиімді пайдалануға ешкім жеткілікті деңгейде мән бермегендіктен, орман шаруашылығынан тартып, түрлі министрліктерге қарасты ғылыми-зерттеу институттарына дейінгі барлық құзырлы мекеменің тірлігі Крыловтың әйгілі мысалындағы аққу, шортан, һәм шаянның әрекеті секілді нәтижесіз. Осыған қарамастан олардың бәріне жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Алайда, оның қаншалықты жоспарланып, жүйелі түрде жүргізіліп, талданып, одан нақты қандай түйін
жасалғанын ешкім білмейді, білмек тұрмақ айта да алмайды. Өйткені, жұмыстың бәрі басы мен аяғы жоқ, салмағын тек қағаз ғана көтере алатын сансыз есептермен әбден шегенделген. Сондықтан басқасын былай қойғанда Семейден Жидебайға дейінгі Абай жолының өзі кейде жабылып қалады. Өйткені автожолдың бойында желмен сырғыған қарды тоқтататын және боранның күшін азайтатын ағаш егілетін арнайы жолақтар әлі күнге дейін қарастырылмаған. Мұндай жағдайды биылғы Наурыз мерекесі кезінде өзінің туған жері Абай ауданы Құндызды ауылында ашылған мешіттің ашылу рәсіміне барған кезде қазақ күресінен екі мәрте «Қазақстан барысы» жарысының жеңімпазы атанған Айбек Нұғымаров та басынан кешкен. Көлігімен жол бойында қалған оның қар құрсауынан құтқарылған сәті туралы арнайы көркем фильм түсірсе де болады. Ал Аягөз бен Қалбатаудың арасында кешке қарай жолда қалып, құтқару қызметіне хабарласқан журналистерге көмек келесі тәулікте таңғы бестерде әрең жеткен.

КӨШЕТ САУДАСЫ ҚЫЗЫП ТҰР
Бүгінде Қазақстанда жеміс-жидек қана емес, сәндік ағаштар мен бұталардың да тең жартысынан астамы сырттан тасымалданады. 1 метрі 30 мың теңгеден басталатын сәндік ағаштардың қазір кез келген түрін оңай табуға болады. Тек ақшаңыз болсын. Еуропа мен Азия елдерінен ғана емес, мұхиттың ар жағындағы өзге құрлықтардан да тұқым, көшет, тыңайтқыш пен дәрі-дәрмек, бау-бақша құралдары да импортталып жатыр. Мамандардың айтуынша, сонымен бірге санитарлық тексерулерге қарамастан бұрын қазақ жерінде болмаған өсімдіктердің жаңа аурулары да көбейген. Біреулер оған шетелдік сорттарды сатумен, жерсіндірумен айналысып жүрген тәлімбақтардың және жеке фирмалардың қатысы бар десе,
екіншілері бұл айып негізсіз екенін және оның әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда дәлелденбегенін алға тартады. Үшінші болжам бойынша, мұндай
жағдайдың қалыптасуы санитарлық, сараптамалық рұқсат беріп отырған мемлекеттік бақылау, қадағалау, реттеу қызметтерінің кінәсінен. Өйткені,
олардың зертханалық және заманауи техникалық құрал-жабдықтармен жарақтандырылуы өте әлсіз. Тіпті кейбір сарапшылар олардың ғылыми тұрғыдан да, материалдық-техникалық тұрғыдан да ХХ ғасырда қалып қойғанын айтып дабыл қағуда. Сондықтан да біз өзге тұрмақ жер бетіндегі бүкіл алманың отаны болғанымызбен, оның табиғи гендік қорын сақтай алмай отырмыз. Тіпті осы қалпымызда қалатын болсақ, одан мүлде айырылып қалуымыз да әбден мүмкін. Мұны ғалымдардың айтып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болса да, бұл салада айтарлықтай ілгерілеушілік байқалмайды.

ПРЕЗИДЕНТ СӨЗІ ЖЕРДЕ ҚАЛМАУЫ КЕРЕК
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында: «Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн. Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді. Елорданың айналасындағы жасыл желектің ауқымын ұлғайту мәселесі өте маңызды. Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек. Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн. Ел ішіндегі экологиялық
туризм мәдениетін белсенді дамыту – маңызды міндетіміз. Орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімі мейлінше «жасыл экономика» жағдайында
ілгерілеуге тиіс. Сондықтан қазірдің өзінде көміртегінің үлесін барынша азайтуға бағыт ұстаған жөн. Үкіметке ғылыми қауыммен және жеке сектормен бірлесіп, «жасыл өсім» жөніндегі ұсыныстар жиынтығын әзірлеуді тапсырамын» деген еді. Әзірге БАҚ-та құзырлы орындардың мұнша ағаш егілді, жыл соңына дейін оны мұнша данаға жеткіземіз деген есебінен өзге әңгімесін естіп те, көріп те жүрген жоқпыз. Ағаш егуді науқандық шараға ғана айналдырып, халыққа қайда, қандай ағаштың түрін егуге болатынын және қандай ағаш түрін жеке тұрғын үйде екпеген жөн екенін ұғындырып жатқан ешкім жоқ. Тіпті кейбір атқарушы орган өкілдері әркімнің өз ауласында өсіп тұрған және үйге, көшеге құлау қаупі бар ағаштарды өз бетімен кесуіне тыйым салып, бұл үшін айыппұл төлетуде. Сондай-ақ, тұрғындар өздеріне алдын ала өтініш бергенімен, оны дер кезінде кесіп үлгермегеніне қарамастан ол көлікке және үйге құлаған жағдайда шығынды өтеуден түрлі сылтау айтып сытылып кетуде. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» идеясы жүзеге асу үшін, әлі қанша уақыт керек екенін әзірге ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ оның ертегі емес, ерте ме, кеш пе әйтеуір бір орындалатынына сенім зор.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий