Жаңалықтар | Новости

“Жағдай әлі де тұрақталған жоқ” – Алматы санитария дәрігері

Алматыда коронавирусқа қатысты жағдай әлі де тұрақталған жоқ. Бұл туралы қалалық әкімдік және Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері ӨКҚ онлайн-брифингінде хабарлады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

31 наурызда коронавирус инфекциясын жұқтырған 515 жағдайы тіркелді, оның 434-і симптомсыз және 81-і симптоммен. Емделіп шыққандар – 285. Бүгін шығарылғандар – 248, ауруханаға түскендер – 317.

“Инфекциялық стационарларда барлығы 2 849 адам жатыр, оның ішінде 107-сі бала. Ересектерден 45-і аса ауыр жағдайда, 409-ы ауыр, 2 395-і орташа дәрежеде. Реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде барлығы 152 науқас жатыр, онда 298 орын бос. ӨЖЖ-де-сегіз адам, инвазивті емес ӨЖЖ-де – 58 адам, 42 аппарат жұмыс істеп тұр.

Халық аренада 34 науқас ем қабылдап жатыр, онда жалпы мың орын бар. Жеті қонақүйдегі карантинге арналған орын бос емес”, – деді Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі, телемедицина орталығының басшысы Лаура Мырзағали.

Сондай-ақ, ол қаладағы вакцинация туралы айтты. Оның айтуынша, бірінші ақпаннан сәуірге дейін вакцинаның 15 750 дозасы түскен. Бірінші компонент 100 пайызға игерілді. Ревакцинация жүріп жатыр. Екінші компонентті 3 810 адам салдырды. Бүгін төртінші транш бойынша – вакцинаның 21 860 дозасы үлестіріледі.

“Жағдай әлі де тұрақты емес. Алматы “қызыл” аймақта орналасқан. Бұл мутацияланған штамдардың таралуына байланысты. Наурыздың басынан бастап коронавирус жұқтырған  9 525 дерек тіркелді. Наурызда өсім қаңтар-ақпанмен салыстырғанда ең жоғары көрсеткіш болып тұр. Сырқаттанғандардың ең көп пайызы ЖК немесе ЖШС-де жұмыс істейтін адамдар”, – деді Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова

Комментарий