Судья мінбері | Судебная система

Медиация – тараптарды татуластыру құралы

«Медиация туралы» заңның қабылданғанына биыл 10 жыл толады. Бұл заңның әрбір ел үшін маңызы зор. Себебі, дауласқан тараптарды татуластырып, араздықты өршітпей басу қашанда құнды. Дамыған елдер медиациялық келісімдерге айрықша мән беріп келеді. Олардың тәжірибесіне терең ден қоя отырып бұл институттың басымдықтарына көз жеткізу қиын емес.

Мәселен, Америка Құрама штаттарында дау сот қарауына түспес бұрын міндетті түрде медиаторлар назарына ұсынылады. Бұл қажетті, қалыпты шара. Сондықтан тұрғындар өз құқығын қорғау үшін бірден сотқа жүгінбейді. Алдымен медиаторлардың кеңесін тыңдап, өзара бір бітімге келуге күш салады. Дауласушылар ортақ пәтуаға келмеген жағдайда ғана іс соттың талқылауына өтеді.

Медиацияны жылдар бойы дамытып, қолдаудың арқасында АҚШ пен батыс Еуропа елдеріндегі арыз-шағымдардың жартысынан көбі сотқа жетпей оң шешіліп жатады. Соның арқасында медиаторлар да тәжірибесін шыңдап, біліктілігін көтереді. Әрі олардың татуластыру келісімдерінен түсетін табысы да жеткілікті. Тараптар да ортақ келісімге келгендеріне, медиатордың шеберлігіне риза. Өйткені, апталап, айлап сотқа бару, дау қуу кімнің болсын төзімін тауысады. Оның уақыт пен қаржы жағынан да тиімсіз тұстары жетерлік. Әсіресе соттасу жұмыс істейтін азаматтардың өнімді еңбек етуіне үлкен кедергісін тигізеді.

Бұған қоса, тараптардың өзара келісімге келіп, медиацияға бас июі сот жүктемесіне де айтарлықтай игі ықпалын тигізеді. Мұның судьялар шығаратын шешімдер сапасын көтерудегі рөлі айрықша. Олай дейтініміз, сотта қаралатын іс-материалдар саны өссе, судьялардың күрделі істерді терең зерттеп, жіті қарауы қиындайды. Ал жүктеменің азаюы судьяларды күрмеуі қиын істерді жан-жақты зерделеп, сапалы түйін жасауына көмектеседі. Сонымен бірге, артық уақыттың болуы судьяың өзін-өзі жетілдіруіне, ізденуіне, қосымша әдебиеттер оқуына жол ашады.

«Медиация туралы» заң қолданысқа енгізілген он жылдың ішінде біздің елімізде де татуластыру тетіктерін жетілдірудің барлық мүмкіндіктері қолға алынды. Соның ішінде алдымен кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың шоғырын қалыптастыруға күш салынды. Алайда алғашқы тәжірибе көрсеткендей, тек медиаторлардың араласуымен медиацияны ілгерілету қиындық келтірді. Азаматтар медиация, медиаторлар қызметінің маңызын, мәнін түсінбеді. Сондықтан, жаңа институт басымдықтарын насихаттап түсіндіру жұмыстарына көп күш жұмсалды. Бұдан кейін екі тарап адвокаттарының дауды бейбіт шешуіне, екі жақты келісімге келтіруіне жол ашатын заңдық өзгеріс өмірге келді.

Бұл бастама орынды болғанымен, оны да медиацияны ілгерілетудің басты құралы дей алмаймыз. Жаңа институт судья-медиаторлардың тәжірибеге енгізілуімен жандана түсті. Себебі халық медиатор, адвокаттардан бұрын татуластырушы-судьяларға көбірек сенетінін аңғартты. Осыдан көріп тұрғанымыздай, азаматтар жылдар бойы қалыптасқан дағдыны өзгерткісі келмейтінін көрсетті. Соған орай, арнайы жобалар жасалып, татуластырушы-судьялар жұмысын жандандыруға күш салынды. Жоғарғы Сот тарапынан қолға алынған «Татуластыру: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасы сондай пәрменді шараның бірі болды.

Бүгінде медиацияның мақсаты мен міндетінен, артықшылықтарын азаматтар толықтай хабардар. Он жыл ішінде жүргізілген түсіндіру шаралары өз жемісін беріп жатыр. Яғни, «Медиация туралы» заң өзіне жүктелген сенім үдесінен шықты деуге болады.

 

Асель Утепова, Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий