Жаңалықтар | Новости

Түзеу мекемесінен тігінші мамандығын алған азамат жеке кәсібін ашты

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің аумақтық  пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға  әлеуметтік-құқықтық көмектер белсенді көрсетіліп келеді. Қазіргі таңда пробация есебіндегі сотталғандардың басым көпшілігі жеке кәсіпке бет бұрған.

Есептегі азаматтардың бірі мал шаруашылығымен айналысса, бірі бетон өнімдерін шығарып, шаштараз, компьютер жөндеу орталықтарын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз тігу ісінің  шебері Қызылорда қалалық  пробация есебіндегі Айбек есімді азамат. Шеберді сөзге тартып, сыры көп тігін кәсібін қайдан, қалай игергендігін  сұрап білдік.

Айбек жастықтың желігімен бұзақылық және кісі өлтіру бабымен істі болады. Небәрі 20 жасында 8 жылды арқалап абақтыға қамалады. Ол Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде жазасын өтей жүріп, кәсіптік білім алып, тігінші мамандығын алады.

«Мектепті де жақсы оқыдым деп айта алмаймын. Қызба мінезім бар. Осы қызба мінезімнен опық жеп, темір тордан бір –ақ шықтым.  Жоғары білім де ала алмадым. Мекемеде жазамды өтей жүріп,білім алуға ұмтылдым. Жаныма жақындау тігіншілік мамандығын таңдап,осы мамандықта  оқи жүріп,  маталардың түрін ажырату, өрнек салу, бұйымдарды пішінге келтіруді үйрендім. Диплом алған соң, мекеме қызметкерлері мекеменің өндіріс аймағындағы тігін цехына жұмысқа орналастырды. Мен кез-келген тігін машинасын қалай түзетуді, матамен жұмыс жасағанда инелер мен жіптердің санын таңдауды, тігісті қалай түзетуді білдім . Егер осы қылмысты жасамағанда тігінші болмас едім. Тігінші болу үшін шыдамдылық, икемділік, ептілік қасиеттер болса жеткілікті. Өз бойымдағы осындай қасиеттердің  арқасында біраз нәрсе үйрендім.

2019 жылы Қызылорда қаласының №2 соттың қаулысымен Қылмыстық кодексінің 73- бабына сәйкес жазамның өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылып, темір тордан босатылып, пробация есебіне алындым. Абақтыдан шыққан соң, жеке кәсіп ашсам деген арманым болды. Қызылорда қалалық пробация қызметкерлері әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз қаражатты алуыма ықпал етті.  Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, «Кәсіпкерлік негіздері» курсын тәмамдап, бизнес жоспар құрып, нәтижесінде, 555 600 теңге көлеміндегі қаражатқа қол жеткіздім. Қайтарымсыз қаражатқа тігін машинасын, қажетті құрал- жабдықтарды сатып алып, қазіргі уақытта  тапсырыспен киім тігіп жатырмын. Түзеу мекемесінде алған білімім, кәдеге жарап, өз жеке кәсібімді ашуыма түрткі болды. Мен бұл кәсібіме толықтай дайын болып келдім. Тігіншілік мамандығын алуыма ықпал жасаған ЗК-169/5 мекемесінің  қызметкерлеріне және мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізуіме көмек көрсеткен Қызылорда қалалық пробация қызметкерлеріне алғысым шексіз», -деп әңгімесін аяқтады. Айбекпен әңгіме барысында  Мұқағали атамыз мына бір өлеңі ойыма оралды.

Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе,

Өмір, өмір! Болмайды түңілуге,

Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,

Қайта тұрыпқақың бар жүгіруге.

 

 Бізде Айбектің кәсібін одан әрі дамытып, өз ісінің шебері болатынына сеніміміз мол.

Мемлекетіміз тарапынан жасалып жатқан бұндай көмектер пробация қызметі есебіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендіруге зор көмегін тигізуде.

 

Дана Достанова

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті

Комментарий