Жаңалықтар | Новости

ШҚО полицейлері көліктен 19 келі есірткіні тапты

Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері көліктен 19 келі есірткіні тапты.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полиция қызметкерлері «Дәрмек» жедел алдын алу шарасы аясында 5518 әскери бөлімінің арнайы жасағымен бірлесіп, Жарма ауданы Қалбатау ауылының маңындағы «Алматы-Өскемен» тасжолында «Volvo-580» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлікте жүргізуші мен Жамбыл облысының 39 жастағы тұрғыны болды.
«Тексеру барысында автокөлік жүксалғышынан екі дөңгелек табылды. Оның ішінен скотчпен оралған «кептірілген марихуана» салынған 19 түйіншек шықты», – деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Тергеу барысында күдіктінің танысына мән-жайды айтпай, оған автокөлігімен Өскемен қаласына дейін дөңгелектерді жеткізіп беруін өтінгені анықталды. Белгілі болғандай, ер адам Жамбыл облысынан есірткі жеткізу арнасын ұйымдастыруға тырысқан.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 19,5 келіні құрады. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынған. ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Шығыс Қазақстан облысы

Комментарий