Судья мінбері | Судебная система

Мемлекеттік тілдің мәртебесі артып келеді

Елімізде тіл мәселесі жыл өткен сайын батыл айтылып, шешілуде. Жақында мемлекет басшысы да «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз» деген болатын. Демек тіл мәселесі толығымен қоғам назарында дей аламыз.

Қай ұлт болсын тілі арқылы ғана ерекше болмысы мен табиғи қалпын, өзіндік дәстүрін көрсете алады. Ұлт тілінің мемлекеттік тіл  ретінде танылуы тіл бағының жануы, мемлекеттік тілді білу сол мемлекеттегі әрбір азаматтың борышы саналуы тиіс. Мемлекеттік деңгейде тіл саясатының шешілуі – өте өзекті әрі тың маңызды мәселе. Бұл қазақ халқының рухани болмысының негізін сақтап дамуы, ұлттық идеология­лық саясаттың шешілуі деген сөз.

Қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және қағаздарын жүргізу тілі. Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін – өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады. Ол біздің сот жүйесіне де тікелей катысты.

Қазіргі уақытта сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану аясы жыл өткен сайын артып келеді. Сонымен қатар мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл біздің бір күндік немесе бір кезеңдік іс-шара ғана емес, тәуелсіздігіміз тұғырлы болу жолындағы негізгі бағыттардың бірегейі болуы тиіс. Сонда ғана діттеген межеге бұрын келеріміз анық. Сондықтан бүгінгі күні сот саласында мемлекеттік тілге айтарлықтай бетбұрыс байқалады.

Сот жүйесінің негізгі мақсаты азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және  Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан да сот алдында сот төрелігін сапалы атқару, әділ шешім шығару аталған құрылымдық жүйенің қоғам талабына сай үнемі жетіліп, оның ілгерілеуіне заманауи тетіктер мен кешенді сот реформаларын жүргізу қажеттілігімен қатар, яғни мемлекеттік тілді өз тұғырына қондырып, қазақ тілінде сот ісін жүргізу мәселесіне де жаппай көшетін қажеттілік туындататын уақыт жақын деп танимыз.

Эльмира Асубаева, Алматы облысы Панфилов аудандық сотының судьясы

 

Комментарий