Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «ҚАЗАҚТАРДЫҢ ЕЛГЕ КЕЛУІНЕ КЕДЕРГІ КӨП»

Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болған Қазақстан үшін халық санын көбейту қашан да маңызды. Өйткені, қауіптің бастысы халық санының аздығынан туындайды. ҚР Ұлттық қауіпсіздік туралы заң талабына сай, Ұлттық қауіпсіздіктің негізгі мәселелерінің бірі демографиялық ахуалдың нашарлауы болып табылады.

Республика Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында «Соңғы жылдары түрлі себепке байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік және шығыс өңірлерге орналастыруды жандандырамыз» деді. Сарапшылар алыс-жақын шетелдерде 7 млн-ға жуық қазақ тұратынын айтуда. Бұл көрсеткіш Қазақстан халқының 38 пайызына тең. Олардың 15-20 жылда ассимиляцияға ұшырау қаупі өте жоғары. Демографиялық аспектіде қазақ ұлты үшін бұл үлкен әлеует болып табылады. Қазір Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 млн адамға жуықтайды екен. Осы адами ресурсты біз неге дұрыс пайдаланбаймыз? Бұған кім
кедергі? 1993–2021 жылдар аралығында бөлінген квота кестесіне қарасақ, адам саны жүз еседей азайып кеткен. 1993 жылы ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мың, 2010 жылы 100 мыңнан аса адам қабылдаған Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында 1426 адамға ғана квота бөлген. Бұрынғы межеден жүз еседей төмен антирекордқа жететіндей басымызға не күн туды? Мұның бірден-бір себебі, кезінде көші-қонды жандандырған Көші-қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр министрлікке, квотаға ұсыныс беру әр облыс әкімшілігіне берілгенінен болып тұр. Әкімдер шетелдегі қандастарымызды шақыруға құлықсыз. Өйткені, қоныстанушыларды орналастырудың қиындығынан қашады. Олардың ел ырысын емес, жан тыныштығын ойлауының кесірінен квота бөлу күрт қысқарды. Мысалы, жоғарыда атап кеткендей, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары 2017–2021 жылдары квота бөлуге бес жыл қатарынан бір де бір адам ұсынбаған. Сондықтан, бүгінде әр министрлікке шашырап кеткен басқармаларды бір органға жинап, Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті қайта құру керек. Екіншіден, қандастарымыздың азаматтық алу мәселесі әлі қиындықтан шыға алмай келеді. Мысалы, Ресей, Израиль секілді мемлекеттерде азаматтық алу үшін бір ғана құжат талап етіліп, мәселе бір күнде шешілсе, кең байтақ жерімен салыстырғанда халқы өте аз Қазақстанда бұл тұрғыда 48 құжат жинау қажет. Біз де қандастар үшін қажетті құжат санын барынша шектеп, оларға азаматтықты бірден беру мәселесін шешуміз керек. Азаматтық алуда жинайтын қаптаған құжат саны аздай, кейінгі кезде тағы бір қиын кедергі пайда болды. Шетелдегі қазақтардың өздерінің қазақ екенін дәлелдеу мен оны құжат жүзінде рәсімдеуі ең басты мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан, этникалық қазақ екендігін дәлелдейтін құжатты беру тетігін дұрыс жолға қоймасақ, алдағы аз уақытта көп қандасымыздан айырылып қалу қаупі басым.
Қандастарды, әсіресе, елдің солтүстігіне қоныстандыру қажет. Бұл өңірлердегі ауылдарда бос қалған үйлердің бағасы 200-500 мың теңге аралығында. Ал, әкімдік салып беріп жатқан үйлер үшін 7,5 млн талап етеді. Қандай адам 40 есе қымбат үйге ұмтылады? Шеттегі қандастарымызды жүйелі түрде көшіріп алу, біріншіден, Тәуелсіз мемлекетіміз үшін аса маңыздысы халық санын арттыру. Екіншіден, қазір кейбір шет елдерде өз тілінде оқи алмай, ана тілі мен ұлттық ғұрыптарынан айырылып қалуда, мысалы, Қытайда кейінгі кезде, АҚШ бастаған алпауыт елдер айыптап жатқан саяси қысымға түсуден құтқарады. Тағы да қайталап айтамын, бұл үшін бізге Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті қайта құрып, өңірлерге қандастарды кіріктіру, олардан азаматтық алу үшін талап ететін тұрақты тіркеуді жеңілдету жұмыстарын бейімдеу-кіріктіру орталықтарына жүктеу керек. Сонымен бірге, ХҚКО арқылы ҚР азаматтығын қабылдайтын арнайы бөлім ашып, «бір терезе» қағидаты бойынша құжат тапсыруға мүмкіндік беруді жүзеге асырған жөн.
Дайындаған
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий