Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

ШЕНДІЛЕРДІҢ ЗЕЙНЕТ ЖАСЫН ҰЗАРТУ ҚАЖЕТ ПЕ?

Полицейлердің зейнетке шығу жасы ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев депутаттар алдында: «Құқық қорғау қызметкерлері нағыз керек кезде зейнетке шығады. Майорларға – 52, подполковниктерге – 55, полковниктерге – 58, ал, жоғары басқару құрамына – 63 жастан бастап зейнетке шығу қажет» деді.
Халық қалаулылары бұл бастаманы қолдады. Сенатор Әбдәлі Нұралиев дамыған елдерде полицейлер еңбек өтілінің шекті мерзімі қазақстандықтарға қарағанда жоғары екенін айтты. Сонымен қатар, ол Германияда, Канадада, АҚШ-та және Жапонияда құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін зейнеткерлікке шығу 65 жасты құрайтынын атап өтті. Ресейде 2016 жылдан бастап полковниктерге бекітілген шекті жас – 60. Қазақстанда шекті жас полковниктер үшін – 55. Сол себепті, жұмысқа жарамды жоғары кәсіби кадрлардың тұрақсыздығы байқалатынын жеткізді. Министрдің сөзінше, өте тәжірибелі, кәсіби мамандар 45-55 жаста қызметімен қош айтысуға мәжбүр. Өйткені, заңға сай, полицейлер қызметтік пәтерді жекешелендіру үшін зейнетке шығуы керек. Сондықтан, Е.Тұрғымбаев бұл норманы алып тастауды ұсынды. Министр сөзіне жүгінсек, қызметкерлер ішкі істер органдарына 22 жасында келеді, 20 жылдан соң олар өз саласы үшін ең білікті маман болады. Мәселен, подполковниктер ішкі істер органдарына қажет бөлімше немесе орган бастығы. Ал, қазіргі заңның негізінде біз оны зейнетке шығуға итермелейміз. 20 жылдан аса өмірін ел тыныштығын қорғауға арнаған маманға қызметтік пәтерін жекешелендіру құқығы берілуі тиіс. Ал, 20 жыл еңбек өтілі бар полиция қайтыс болса, оның отбасы мүшелері осы мүмкіндікке ие болуы тиіс. Себебі, білікті кадрлардың жұмыстан кетуінің бір себебі осы жайтпен де байланысты.
Көп елде қылмыстық іздестіру сапындағы қызметкерлер мен жұмысы кабинетпен байланысты жедел уәкілдер зейнетке ерте шығады. Өйткені,
олардың жұмысы уақытпен санаспайды. Физикалық және психологиялық тұрғыда стресске жиі ұшырайды. Мәселен, Австрияда қарапайым азамат 65 жасында, ал, полицейлер 58-ге келгенде еңбегінің зейнетін көруге құқылы. Ал, біздегі құқық қорғау қызметкерлерінің қызмет ету жасы ұзартылуы қаншалықты әділ әрі тиімді болмақ?

Жаңаөмір ЖАМАЛОВ, ішкі қызмет полковнигі:
– Өзім де талай жыл құқық қорғау саласында қызмет жасадым. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Полицейлердің 60 жастан зейнетке шығуына қарсымын. Өйткені, олар күні-түні, тоз-тозы шығып қызмет істейді. Тамақтарын да дұрыс ішпейді, отбасы түгілі өз денсаулықтарына көңіл аударуға уақыттары жоқ. Заңды демалысының өзінде тыныш жатқызбайды, кез келген уақытта жұмысқа шақырып алады. Жылына бір рет орталық госпитальге жатып, ем алатын заңды мүмкіндігіне де қол жеткізе алмайды. Себебі, жұмыстан қолдары тимейді. Сөйтіп жүргенде денсаулықтары нашарлайды. Қарапайым мысал, дұрыс ұйықтамаған адамның денсаулығы темірдей мықты деу күлкілі. Ал, денсаулығы жоқ қызметкерді жұмысқа жегіп қою қаншалықты дұрыс? Қатардағы полицейлер денсаулығын күтуге басшылық та құлықсыз. Ереже бойынша құқық қорғау қызметкерлері жылына бір рет медициналық тексерістен өтіп, 15 күн стационарлық ем-шара алуы керек. Бірақ, бұл бізде іс жүзінде орындалмайды. Мұндай мүмкіндікті ардагерлер ғана пайдаланады. Ішкі істер органдарында соңғы 5 жылда қызметкерлерді жұмыстан босату үрдісі белең алды. Митингілер мен түрлі төтенше жағдайларда қызметкерлер
жетіспейді. Сосын не істейді, түнгі кезекшіліктен шығып, демалуы тиіс қызметкер ұйқы көрмей сапта тұрады. Одан сапалы жұмыс күту мүмкін бе? Материалдық жағдайларын айтпағанда, құқықтары қорғалмайды. Басқаның құқығын қорғауға құлықсыздық осыдан шығады. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жоғарыдағыларды қызықтырмайды. Есесіне ертелі-кеш жұмыс істеуін қалайды. Өкініштісі, ішкі істер саласындағылардың көбі қызметтік өрлеу, өзін-өзі көрсету, жарнамалау үшін жүреді. Тіреуі жоқ, қарапайым қызметкерлердің еңбегі бағаланбайды. 15–20 жыл қызмет істеп «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісін ала алмағандар Ардагерлер кеңесін жағалап жүр. Еңбегі бағаланбайтын қызметте ұзақ уақыт жүруге полицейлердің жүйкесі шыдай ма? Өз жұмысын сүймейтін адам зейнетке шығуды ғана ойлайды. Ондай қызметкерді ұзақ ұстап отырудың қандай қажеті бар? Жоғары басшылық зейнет жасын 60-тан асыруды ұсынуда. Өз басым зейнет жасын ұзаққа созуды құп көрмеймін.

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, заңгер-құқықтанушы:
– Полицейлердің көпшілігі күн сайын кезекшілікте жүреді. Көлікте ұйықтайды, неше түрлі адамдармен кездеседі. Яғни, күнделікті қызметінде күйзеліске түсетін учаскелік инспекторлар мен жол сақшыларының зейнет жасын ұзарту қисынсыз. Ал, таза кеңседе қағазбен отыратындардың зейнет жасын созуға қарсылығым жоқ. Бізде заң қабылданса, ережені бәріне бірдей жасайды. Мысалы, інім қылмыстық іздестіруде жұмыс істейді. Теңізге батып кеткен адамдарды құтқару үшін күннің суығында бір жарым сағат суда жүрді. Сол бауырым қазір қатты ауырып жатыр. Халықпен бірге ыстық-суыққа кеудесін тосып жүргендерді ұзақ ұстауға болмайды. Денсаулықтарын ойлау керек. 45-55 жасында зейнетке шығарудың басты себебі осында. Ішкі істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңесті басқардым. Сол тұста кеңсе жұмысындағылар мен баспасөз хатшыларында, тіпті, бухгалтерлер де де майор, подполковник, полковник шендері болды. Солардың барлығын алдырып тастадық. Сол кезде бір министрден «Оларға шеннің қажеті не осы?» деп сұрадым. «Ой, іс-шараларда олар да көшеде тұрады» дейді. Ал, оларға көшеге шығудың қажеті не? Тағы бір жайтты айтайын, бізде министр түгілі бөлім бастығының кабинетіне кіре алмайсың. Министрлер үйін күні-түні полицейлер күзетеді. Өмірін күзетке арнайтындарға зейнет жасын қартайғанша күттірудің қажеті жоқ.

Жадыра МҮСІЛІМ

Комментарий