Жаңалықтар | НовостиЭкономика

ҚОРШАҒАН ОРТА ҚАУІПТІ ЖАҒДАЙДА

Әлемде экология күннен-күнге нашарлап барады. Ғалымдар адамзаттың тұтас өркениет дағдарысына алып келетін қоршаған ортаның ластануы жағдайында өмір сүріп жатқанын жасырмайды. Әрине, бұдан Қазақстан да сырт қалып отырған жоқ. Табиғатты қорғау мақсатында қаншама шара қабылданып, қыруар қаржы бөлінсе де, еліміздің экологиялық жағдайы сын көтермейді. Керісінше, таза судың қоры азайып, ауаға тасталып жатқан радиациялық қалдықтар мен қоқыстар проблемаларды ушықтыруда. Бағалы аң-құстар мен балықтардың өсімін қалпына келтіру қиынға түсуде. Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, судың, ауаның ластануы салдарынан жекелеген аймақтарда обыр, тері, өкпе аурулары сынды қатерлі дерттер 40 пайызға артқан.

Қазақстанның тұтастай экологиялық жүйесіне жасалған толыққанды талдау жоқ. Ал, негізінде экология дегенде алдымен тұрғындар саны артып
жатқан Алматы, Нұр-Сұлтан, өнеркәсіпті қала Теміртау, Өскеменнің жағдайы алаңдатарлық. Сол секілді Балқаш өзені мен Ертіс бассейнінің
тартылуы, Іле Алатауы тау мұздарының еруі де қауіпті. Көптеген жердің бос қалып, тұздануы, және су қоймаларының ластанып, ондағы сирек кездесетін балықтардың азаюы да дабыл қағарлық. Тоқетерін айтқанда, еліміздің алдында бүкіл әлемге тән экологиялық қауіп-қатерлер: климаттың өзгеруі, жердің шөлейттенуі мен тозуы, биоалуантүрліліктің жоғалуы, топырақтың эрозиясы, ауа мен судың ластануы тұр. Сондай-ақ, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері, өнеркәсіп қалдықтарын кәдеге жарату, ерекше табиғи нысандардың экожүйесін қалпына келтіру және сақтау проблемалары айрықша назар аударуды қажет етеді. Жуырда ел экологиясына қатысты мәселе Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының отырысында көтерілді. Сенат төрағасының айтуынша, экологиялық проблемаларды мемлекеттің қатысуымен ғана шешу қиын. Бұл істе азаматтық сектор, ҮЕҰ, бизнес, жанашыр жандар мен еріктілер тарапынан да белсенді іс-қимыл қажет. Халық арасында экологиялық ойлау мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды дамыту кезек күттірмейді. Сондай-ақ, тиімді заңдар да керек. Бұл тұрғыда Президент бастамасымен Парламент қабылдаған Экологиялық кодекстің маңызы зор.

Ондағы нормалардың нәтижесінде қоршаған ортаны қорғау саласында жаңа ережелер жасалып, «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидаты іске асады. Ластаушыларға айыппұл төлемдерінің мөлшері артады. Жиында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев атмосферадағы ауаның сапасы мен қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу деңгейінің төмендігі күн тәртібіндегі бірінші мәселе екенін атады. Министрдің сөзінше, атмосфераға тасталып жатқан қалдық көлемі өсуде. Ол келтірген деректерге жүгінсек, 2020 жылы қалдықтар 2019 жылмен салыстырғанда 6 млн тоннаға артқан. Сондай-ақ, су ресурстарын үнемдеу саласында инфрақұрылымның ескіруі, судың ысырап болуы, үнемдеуге ынталандырудың жеткіліксіздігі орын алып отыр. М.Мырзағалиев сөзінен түйгеніміз, 2025 жылға дейін экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі Жол
картасында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған жаңа 24 полигон салу, ластанған жерлерді қалпына келтіру, жаңа 7 кәріз қалдықтарын тазарту кешенін салу және 12 құрылысты қайта жаңарту, сондай-ақ, 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары қамтылған. Сонымен қатар, осы құжат аясында экономиканы декарбонизациялау сценарийі мен «жасыл өсім» бойынша шаралар жүзеге асырылмақ.
Экологиялық проблемаларды шешуге, табиғи ресурстарды үнемдеуге және тұрақты дамуға қатысты сындарлы ұсыныс-пікірлер ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың эколог-зерттеушісі, ғылым және технологиялар саласындағы PhD Айымгүл Керімрайдің пікірі назар аудартты. Ол еліміздегі экологиялық мәселелерді шешуге азаматтардың белсенді қатысуы үшін ауада ластаушы заттардың концентрациясы жоғарылығы жайлы халықты жедел хабардар ету жүйесін құруды ұсынды. Жалпы, ауа сапасы туралы ақпарат жаңалықтар сайттары мен телеарналарда көпшілікке қолжетімді болуы керек. Ауаның сапасы туралы ақпарат көптеген елде ауа райы болжамымен бірге беріледі. Ауа райының қауіпті жағдайын хабарлайтын SMS-хабарлама сияқты ауаның ластану деңгейі жоғары болғанда да ақпарат берілуі керек. Бұл азаматтардың қоршаған ортаның тазалығын сақтауға деген ынтасын оятады. Ұлттық биотехнология орталығындағы Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Мақсат
Жабағин Ұлттық биобанк құруды ұсынды. Бұл Қазақстанның сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар түрлерін сақтауға
мүмкіндік береді. Жалпы, Қазақстанда өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің тізіміне флораның
387 және фаунаның 224 түрі енген. Қазіргі кезде сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқан тірі табиғат түрлерін қорғаудың дәстүрлі шаралары міндетті түрде инновациялық технологиялармен толықтырылуы керек. Атап айтқанда, «биодепозитарий» немесе «биобанк» деп аталатын биологиялық ресурстар орталықтарында жүзеге асатын криоколлекцияларда жасуша материалдары сақталғаны жөн. Мұндай биобанк халықаралық
стандарттарға сай келетін инфрақұрылымы бар, ғылыми мақсат және ұтымды пайдалану үшін биологиялық үлгілерді жинау, сақтау, өңдеу және тарату жөніндегі бірыңғай оператор бола алады. Осы ретте ол сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлердің мұздатылған жасушалық
материалдары сақталатын Frozen Ark халықаралық консорциумын, М.В.Ломоносов атындағы ММУнің «Нұх кемесі», сондай-ақ, АҚШ ұлттық денсаулық институты жанындағы тірі жүйелер депозитарийі және жаңа биологиялық белсенді заттарды іздеуге пайдаланылатын әртүрлі жануарлар мен өсімдіктердің 100000- нан астам сығындылары сақталатын Natural Product Repository коллекциясын мысалға келтірді. Жас сарапшыларымен кездесуде, сондай-ақ, тұрақты даму мен экологияның басқа да мәселелері талқыланды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев барлық ұсыныстар парламентшілердің заң шығару жұмысында және тиісті министрліктің қызметінде ескерілетінін атады.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий