Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ҚАР СУЫН КӘДЕГЕ ЖАРАТА АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ

Қазақстан соңғы бес жылда төтенше жағдайлар салдарын жою үшін 44 миллиардтан астам теңге жұмсапты. Сонда да қар мен жауын-шашыннан келер қауіп күшеймесе, азаймай тұр. Дамыған елдер әжетханадан шыққан суын да өңдеп, шетелдік туристер арнайы ат басын бұрар гүлзар баққа айналдырып отыр. Ал, бізде жыл сайын қайталанатын тірлік «Баяғы жартас бір жартастың» күйі. Құзырлы органдар табиғаттың таза сыйын жақсылыққа жұмсауға ұмтылмақ түгіл, керісінше, ел қоржынан миллиардтап қаржы алып, шығынға батыруда.

Осы жағынан алғанда тасқынның салдарын жоюға бөлінетін қаржы, құмға сіңген судай болып тұр. Бұл көріністің мемлекеттен қаржы бөлгізудің сылтауы сияқты көңілге мың-сан күдік ұялататыны да рас. Биыл да ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин: «Республика бойынша су басу қаупі бар 276 елді мекенде 270 мыңнан астам адам тұрады. Оларды тасқыннан қорғау үшін 2023 жылға дейінгі жаңа Жол картасы бекітілді, оны
іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден 160 миллиардтан астам теңге бөлу жоспарланып отыр», – деп жар салып отыр. Бұл біздің шенеуніктердің тасқын қаупіне қаржы бөлгізуден басқа мүмкіндікті мүлде ойламайтындықтарының анық көрінісі.
Су тапшылығы мен қуаңшылықтан дихандар еңбегі еш кетіп жатса, шеншекпенділер табиғи судың, яғни, қар мен жауынды пайдаланудың жолын
таппай, жөн-жосықсыз шығынға жол беруде. Осы орайда айта кетер жайт, қысы қатал Қызылорда облысының Ақтөбе өңірімен шекаралас ауылдарда кісі бойындай қар түсіп, жол жабылып қалатын кездері аз емес. Бірақ, жолды тазалайтын техникалар жоқ. Ауыл қариялары кеңес дәуірінде осы ауылдарда ондай техникалардың көп болғанын, олардың жекешелендіру ұранымен талан-таражға түскенін айтады. Төтенше жағдайға бөлінетін миллиардтарға ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін жеңілдететін, нақты айтқанда, қыста қар аршып, су тасқынына қалмаудың жолын қарастыратын техникалардың алынбайтынына еріксіз қынжыласың. Мұндағы мамандар мәліметіне сенсек, Үкіметтің қолдауымен мемлекеттік материалдық резервтен өңірлер үшін 365 бірлік техника шығарылған. Биыл да жанар-жағармай, инертті материалдар және құм салынған қаптардың қоры
жасалған. Төтеннен келер шығындарға арнайы резервтер көзделіп, 38 миллиардтай теңге бөлінген. 38 мың адамнан асатын азаматтық қорғау құрылымдары, 13 мыңға жуық техника, 500-ден астам жүзу және 2 500-ден аса су сору құралдары дайын тұрған көрінеді. Өкініштісі, көктем келмей жатып, Атырау облысында тасыған өзен салдарынан көпірлерді су шайып кетті. Сағыз ауылдық округінің әкімі Нұрәлі Әбишан: «Қалың қар, артынша жауған жаңбыр жағдайды ушықтырды. Ноғайты өзенінің үстімен өтетін көпір қирап қалды. Енді қайтадан жаңа көпір салу керек», –деп мәлімдеме жасады. Алматы облысында да жаңбыр салдарынан үш ауылды су басты. Атап айтқанда, Ескелді ауданының Ешкіөлмес және А.Алдабергенов, Көксу ауданының Талапты ауылдарында 40-тан астам үйдің қора-қопсысы суға толды. Бұл тұрғыда тиісті шаралар жасалды. Дегенмен, салдарды жойғаннан гөрі, оның себебін анықтап, алдын алу маңызды. Мұны ел тағдырын сеніп тапсырғандар түсінер деген үмітін халық 30 жылдан бері өшірмей келеді.

Сәкен АЛДАКЕНОВ, Семей қаласының тұрғыны:
– Шығыс Қазақстан өңірі жауын-шашын, қар суынан жыл сайын зардап шегеді. Сақтық шаралары алдын ала жүргізілсе, бұлай болмас еді. Жасыратыны жоқ, төтеншелік мамандар суды сорып, тұрғын үйлерге тиетін зиян салдарын азайтуға барынша тырысады. Бірақ, тұрғындардың құлаған қорасы мен қисайған шарбағын жөндеп бермейді. Арам өлген мал мен құсымыз, рәсуа болған астығымыз үшін өтемақы да алмадық. Су тасқыны халық үшін үлкен қауіпке айналды. Қар қалың түссе, уайым күшейеді. Сондықтан, су тасқынына бейім өңірлердегі қар мен жаңбыр суын жинап, дұрыс мақсатта қолданатын кез жеткен секілді.

P.S. Блогер Өркен Кенжебек Дубайға барған сапарынан кейін әлеуметтік желіде арнайы пост жазды. «Miracle Garden деген жеріне бардым. Бұл – әлемдегі ең үлкен гүл бағы. 45-50 млн гүл жайнап тұр. Осы бақ жайлы алғаш білгенде «Бұл арабтардың басына күн өтіп, әбден есірген екен. +50 градус ыстықта, құмда 50 млн гүлді өсіру уақыттан да, судан да ысырап емес пе?» деп кейігенмін. Білсем, күніне 767 мың литр су жұмсалады екен тағы. «Нағыз ысырап» дедім. Ары қарай білсем, бұл Дубайдың лас, жуынды, канализация суы екен ғой. Соны осында әбден тазартып, түнде гүлдерге құяды. Қараңыз, канализация суы да ысырап емес. Шөлде гүл де өсіп тұр. Турист келді. Аты шықты. Аты шықты дегеннен шығады, бұл бақта Гиннестің кітабына кірген үш жетістік тұр. Осыны білгенде арабтарға тағы да басымды идім. Не деймін? Мәләдес деймін!» дейді. Расында да бас иерлік тірлік.

 

Комментарий