Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиЭкономика

«ҚАЗАҚТЫҢ ТІРІ Я ӨЛІ БОЛУ МӘСЕЛЕСІ»

«Қай заманда да жер дауын бірінші орынға қойған қазақ халқы үшін ата-бабадан қалған бай мұра – ұланғайыр даланы көздің қарашығындай сақтап қалу XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында ең өзекті мәселеге айналды. Бұл жөнінде «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 13 сәуірдегі санында жарияланған «Жер мәселесі» атты бас мақалада «Бұл күнде қазақ қажетінің арасында ең біріншісі – жер мәселесі» – деп жазылуы бекер емес-тін. Осы мақаласында Алаш ардақтысы А.Байтұрсынұлы: «Әркім жер деген сөзді жеңіл түсініп жүрген секілді. Бұл терең ойлап, тексере қарайтын іс» дей келе, «Аңдаспаған мәселе» атты еңбегінде «Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры – жер мәсесі. Бұл – қазақтың тірі я өлі болу мәселесі. Бұл турасында түсініп жетпей қателесіп, қазақты теріс жолға салғанымыз – 5 миллион адамның обалын мойнымызға жүктегеніміз. Сондықтан, бұл турасында қазаққа ақыл айтқанымыз қазақ та һәм басқалар да қате ұқпастай етіп, анықтап ашып сөйлегеніміз абзал» деп өз ойын қорытындылаған.

Жер реформасы жөніндегі комиссияның 70 адамнан тұратын құрамы жарияланған күннен бастап-ақ, оны сан-саққа жүгіртушілер аз болған жоқ. Біреуі «анау неге жоқ, мынау неге жүр» десе, екіншілері ешкімнің атын атап, түсін түстемей-ақ, бәрін жайдақ атқа теріс мінгізуде. Үшіншілері кімнің қандай
азаматтық қоғам институтынан қатысып отырғанына емес, жеке басына көз алартып, елдің назарын басқа жаққа аударуға тырысуда. Сондықтан, алғашқы отырыс өтер-өтпестен әлеуметтік желіде «Тоқаевтың жер комиссиясы жерді сатуды қолдап, қызыл кеңірдек болуда», «Жер комиссиясы неге керек?», «Қазақтың жеріне әйелдердің қатысы жоқ па?» деген сияқты жазбалар көбейді. Бұған комиссияның кейбір мүшелерінің бір-біріне сын садағын кезеп, жұртшылық арасында пікірталас тудыруы мен БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушыларының бұрмаланған, мәтіннен үзіп-жұлып алынған жекелеген сөздер мен тіркестерді теріс мақсатта пайдалануы да түрткі болуда. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаткер Расул Жұмалы фейсбуктегі парақшасында: «10 сотық жер алу үшін кезекте тұрған 1,5 миллион Қазақстан азаматтарының заңдық құқығын орындау керек» деген сөзімді Kaznews, Nur. kz «Расул Жумалы предложил выделить некоторым казахстанцам по 10 соток земли» қылып бұрмалап беріпті» деп жазды. Сондықтан, Жер реформасы комиссиясының тағы бір мүшесі, Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның Nege.kz тілшісіне берген сұхбатында: «Шынын айту керек, жер мәселесі болсын, басқа да мәселелер болсын, бізде популизм де, саясат та бар. Жұртқа ұнауды көздейтіндер аз емес. Әлеуметтік желілерде кейбір азаматтар билікті жау қылып көрсеткісі келеді» деген сөзінің жаны бар.

Комиссия қалай құрылды?
Мемлекет басшысы 2019 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Менің ұстанымым – жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық» деді. Өкінішке қарай, игерілмей жатқан жер телімін қайтарып алу кезінде істі созбалаңға салудың түрлі амал-айласы орын алатын болды. Осындай жағдайда жерді ешкім пайдаланбай, бос қалады деп ескертті. Сондай-ақ, Үкімет тиісті құқықтық актілерді жедел қабылдап, игерілмей, бос жатқан жерлерді экономикалық айналымға енгізу шараларын қолға алуы жайлы тапсырма берді. Сонымен қатар, 2021 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий
күшін жоятынын еске салды. Президенттің айтуынша, жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ, Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуі тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет. Биылғы жылдың басында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында бұл ойын: «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан, биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн» деп тағы бір нықтады.
Жалпы, елімізде ҚР Президентінiң тапсырмасымен 2016 жылы да Жер реформасы жөнiнде комиссия құрылған болатын. Сол тұста ҚР Премьер-министрiнiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық еткен құрамға Парламент депутаттары, Үкiмет мүшелерi, мемлекеттiк органдар,
саяси партиялар, агробизнес өкiлдерi, ғалымдар мен қоғам белсендiлерiнен 75 адам кірген. Оның жұмысы туралы ақпараттарды жариялау үшін арнайы Jerturaly.kz порталы да iске қосылды.

Жер дауы неге азаймай тұр?
Жерге қатысты әңгіме қозғалған сайын әркім өз ой-пікірін айтып, талқылау барысында ұсынылып отырған мәселе бастапқы мақсатынан ауытқып, бағыт-бағдарынан айырылып қалатын жағдай жиі орын алуда. Сондықтан, жеке тұрғын үй құрылысынан бастап, өндірістік, ауылшаруашылық, ғарыштық және қару-жарақ сынақ алаңдарына дейінгі жалға берілетін жердің бәрінде әлі күнге дейін түйткілді жайттар азаймай тұр. Өкінішке қарай, биліктің үш тармағы да өзіне жүктелген міндетті атқаруда өз принциптерін заң аясында қорғауда табандылық көрсете алмай жүргені шындық. Біреуі, оны заңның әлсіздігімен, екіншісі – Үкіметтің жұмысымен, үшіншісі – азаматтық қоғам белсенділігінің төмендігімен байланыстырады. Сондықтан, қала тұрмақ, ауылда да жер алу мұң боп тұр. Бірқатар өңірде жайылымдық, шабындық, егістік жерлер тиімді пайдаланылмауда. Не өзі игермей, не өзгеге
бермей, жүздеген, мыңдаған гектар жерді қоршап алып, қызғыштай қорушылар аз емес. Оның бәрі алғашқы отырыста комиссия мүшелері тарапынан айтылды. Оған төрағалық еткен Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов 25 ақпанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында ҚР Президенті ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сонымен қатар, қандастарға беруге толықтай тыйым салу туралы саяси шешім жарияланғанын еске салып, заң жобасы 12 наурызда Парламентке енгізілгенін айтты. Бұған қоса әлі де болса шешілмей жатқан мәселелермен 8 мемлекеттік органның күнделікті жұмыс істейтінін жеткізді. Комиссия мүшелері аптасына бір рет бас қосуға уағдаласты.

Жигули ДАЙРАБАЕВ, «Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің қауымдастық нысанындағы бірлестігінің басқарма төрағасы:

– Жерді шетелдіктерге жалға беру, сатуға қатысты барлық әңгімеге Президент өзі нүкте қойды. Бұл жер комиссиясының жұмысын біршама жеңілдетті. Қазір ауыл шаруашылығы жерлері қаралып жатыр. Бізге республиканың түкпір-түкпірінен арыз-шағым көп түседі. Шілде айында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер комитеті, сонымен қатар, филиал басшыларын бірлестік кеңсесіне арнайы жинап, талқылағанбыз. Комиссияның алғашқы отырысында мен айтқан 5 мәселенің орындалуын алдағы уақытта да бақылауға аламыз.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий