Судья мінбері | Судебная система

Ашықтық жемқорлыққа жол бермейді

Қоғам дамуын барлық салада тежейтін сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу мемлекетіміздің ең өзекті мәселелерінің бірі. Сондықтан, 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы ел азаматтарының алдына жемқорлыққа төзбеу мәдениетін қалыптастыру міндетін қойды. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастар реттелумен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы және ішкі талдау жүргізудің үлгілік, сондай-ақ, мониторинг жүргізу қағидалары бекітілді. Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 13-қадамында да нақтыланды.

 Бұған қоса Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуы тиістігін айрықша атап, оны жеңуде бүкіл қоғамды белсене атсалысуға шақырды. Тағы бір айта кетерлігі, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтіп, мемлекеттік қызметкерлерді іріктеудің ашықтығы мен таңдаулы кадрларды алға жылжытуды қамтамасыз ететін мемлекеттік қызмет жүйесі туралы заң қабылданды. Бұл заң Елбасы алға қойып отырған халық пен мемлекетке қызмет ету бәрінен жоғары қағидасын бекітті.

 Елдің дамуын кері кетірер қауіпті дерттің алдын алуда соттар тарапынан да жүйелі реформалар жүзеге асуда.  Осы тұрғыдағы оңтайлы өзгерістердің бастысы жүйе жұмысына замануи озық технологиялар енгізіліп, сот төрелігіне қолжетімділік одан әрі артты. Заманауи технологиялар халықтың уақыты мен қаражатын үнемдеуге барынша ықпал етуде. Бүгінде құжат айналымдары толықтай электронды түрде жүргізіледі. Солардың бірін ғана атасақ, сот кабинеті сервисі. Бұл қызмет арқылы азаматтар сотқа келмей-ақ шағымдарын бере алады. Сонымен қатар, сот процесінің әрбір қатысушысы аталған сервис аясында процестің бейне және аудиожазбаларымен таныса алады. Мұндай шаралар өз кезегінде сала ашықтығын қамтамасыз етті. Ал, ашықтық қашанда жемқорлыққа жол бермейді. Судьялыққа үміткерлер мен судьяларға қойылар талаптар күшейтілді. Себебі, әділ сот судьялардың біліктілігі мен кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Саладағы оң өзгерістер еліміздің түрлі халықаралық рейтингтердегі позициясын жоғарылатты. Сот жүйесіндегі реформаларға қатысты көрсеткіштерді атасақ, мысалы, Дүниежүзілік экономикалық форумның ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан соңғы бес жыл ішінде «Сот тәуелсіздігі» индикаторында 43 позияцияға, ал, «Doing Business–2016» Дүниежүзілік Банк рейтингісінің «Келісім-шарттардың орындалуын қамтамасыз ету» индикаторында 27 позицияға көтерілді.

Жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың басты басты мақсаты жалпы халыққа бұл дертке ұрынудың соңы неге әкеліп соқтыратынын түсіндіріп, одан бойларын аулақ ұстауларын ұғындыру. Сондықтан, сыбайластыққа төзбеушілік танытып, қоғамдық кеселді болдырмауға жұмыла кірісу, яғни,  біріге жұмыс жасау бәрімізге ортақ іс десек, “Жемқорлық – індет, оны жою баршаға міндет” екенін ұмытпайық. Олай дейтініміз, елімізде сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты арнайы заңдар қабылданып, ауқымды істер жүзеге асқанымен одан құтылу оңай болмай тұр. Аристотелдің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу дегеніміз – бұл мемлекетте тұрақтылықты қамтамасыз етудің қажетті шарты» деген тұжырымына сүйенсек, сыбайлас жемқорлықпен күресте нақты бір нәтижеге қол жеткізбейінше, алға қойған мақсат – дамыған елдер қатарынан орын алу үдесінен шыға алмаймыз. Осы себепті, Елбасы айтқандай, ел тұрақтылығына селкеу түсіретін жегіқұртпен әрбір азамат, ұжым, бүкіл қоғам болып күресуге атсалысуымыз қажет. Сонда ғана межелеген биіктерді бағындыра аламыз.

Құралай Садырова,

Алмалы аудандық №2

сотының судьясы

Алматы қаласы

 

 

 

Комментарий