Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ТӘЖТАЖАЛ ТҮРЛЕНІП ЖАТЫР

Елімізде коронавирус дерті соңғы аптада өрши түсті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылдың 27 наурызында берген мәліметіне сәйкес, республика бойынша 1485 адамда коронавирус ПТР арқылы расталған. Жалпы, ел бойынша ауырғандар саны 238 785 адамды құрайды.

Қазіргі таңда тәжтажалдың түрленіп, Алматыда SARS-CoV-2-нің «ұлыбританиялық» және «оңтүстікафрикалық» мутациясының штаммдары анықталған. Бұл туралы 19 наурызда министр Алексей Цой хабарлады. Алматыдағы ҚазҰАЗУ халықаралық вакцинология орталығының басшысы
Қайсар Табынов университет қызметкерлерінің, сондай-ақ, TreeGene генетикалық зертханасының жедел және үйлесімді жұмысының арқасында COVID-19-ға оң нәтиже көрсеткен екі үлгінің толық S гені жүйеленгенін мәлімдеді. Ғалым мұндай мутациясы бар вирустардың жұғу деңгейі 70%-ға
дейін артатынын да хабардар етті. Алматыда үш айда КВИ жұқтырғандардың саны 13 мыңнан асып жығылған. 2020 жылы бұл көрсеткіш 18 мың науқасты құраған. Қ.Табынов бұл вирустардың ғалымдарға COVID-19-ға қарсы отандық және шетелдік вакциналар мен дәрі-дәрмектердің тиімділігін
бағалауға мүмкіндік беретінін ашып айтты.
Вакцина демекші, Ұлыбритания ғалымдарының ескертуінше, коронавирустың оңтүстікафрикалық түрі олардың тиімділігін 30 пайызға төмендетуі мүмкін. Ал, Daily Mail сайтындағы ақпарат SAGE жүргізген талдау нәтижесі бұл штамм вакцинацияланған немесе бұрын вирус жұқтырған адамдар антиденелерінің тиімділігін 10 есеге дейін төмендететінін көрсетеді. Сынақтар AstraZeneca вакцинасына жүргізілген. Ресми түрде B.1.351 деп аталатын оңтүстікафрикалық штаммның тікенекті ақуызында үш негізгі мутация бар, бұл оған иммундық жүйеден «жасырынуға» көмектеседі. COVID-19 адам жасушаларына жабысу үшін өз инесін қолданады, ал, қазіргі вакциналар адам ағзасына осы ақуызды тануға үйрету үшін жасалған. SEGA бразилиялық P.1 нұсқасы аса алаңдаушылық тудырмайтынын, өйткені, оның мутациясы аз, бірақ, біршама төзімді болуы мүмкін екені жарияланды. Оңтүстікафрикалық штамм түпнұсқаға қарағанда 60 пайызға жұқпалы саналады екен. «Спутник V» вакцинасы коронавирустың жаңа штаммдарына төтеп бере ала ма?» деген сауалға қазақстандық ғалымдар ресейлік әріптестерінің аталған вакцинаның ұлыбританиялық штаммнан қорғай алатынын хабарлағанын, енді қазір африкалық штаммға әсерін зерттеп жатқанын айтады.

Министр тапсырмасы
Алматыға арнайы іссапармен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәселені инфекцияның одан әрі таралу қаупін, вирустың жаңа мутацияларын ескере отырып шешуге назар аудартты. А.Цой жергілікті атқарушы органдардың, Денсаулық сақтау министрлігінің, қалалық денсаулық сақтау басқармасының, жетекші клиницистер мен санэпидбақылау қызметі мамандарының, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті қызметкерлерімен, КВИ-мен күрес жөніндегі штабтың көшпелі отырысын өткізді. Министр Алматыдағы эпидемиологиялық ахуалдың бақылау болмағандықтан нашарлағанын айтып, Алматы медициналық активінің алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды. КВИ жағдайларының бақылаусыз өсуіне әсер ететін коронавирус ошақтарын уақытылы анықтаудың маңызы зор екенін атаған А.Цой шектеу шараларын қатаң сақтауды, барлық бағыт бойынша инфекцияны оқшаулау жұмысын күшейтуді тапсырды.

Алматы індетпен күреске дайын ба?
Қызыл аймақтағы Алматы қаласында 21-28 наурыз аралығында енгізілген локдаун бүгінде 12 сәуірге дейін ұзартылды. Себебі, қала әкімі Б. Сағынтаев Алматыда індеттің үшінші толқыны басталғанын хабарлады. Екі миллионға жуық тұрғыны бар алып шаһардың жаңа мутацияға ие болған
қатерлі індетке қарсы күресуге дайындық деңгейі қандай десек, қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров коронавирусқа шалдыққан науқастарға
арналған 28 емханада 7011 кереует, жансақтау бөлімдерінде 250 орын әзір тұрғанын айтты. Бүгінгі таңда бұларда індет жұқтырған алматылықтар емделуде. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының 90 орынға есептелген филиалы пайдалануға берілді, жалпы саны 1080 кереуетке арналған модульді екі емхана салынды. Ауруды іштен жұқтыруды болдырмау мақсатында қаладағы барлық медициналық мекемелерде зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Пандемияға қарсы күрес барысында ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін қала тұрғындарына қашықтықтан кеңес беретін телемедицина орталығының жұмысы жолға қойылған. Бүгінде орталықтың операторлары симптомсыз және сырқаты жеңіл түрдегі науқастарға тәулік бойы қызмет етуде. Індетке қарсы күрестің алғы шебінде 2000-ға жуық медициналық қызметкер еңбек етсе, 2758-і резервте. Алматыда жалпықалалық медициналық оттегімен қамтамасыз ету бағдарламасы қабылданған. Мақсаты – шаһардағы 16 емхананы оттегімен жүз пайыз қамтамасыз ету. 2020 жылы оттегі жабдығы 6 емханаға қойылса, қалған 10-ы биылғы жылдың межесінде. Арнайы жасақталған тұрақты қор дәріханалар жүйесі мен ауруханаларды қажетті дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етуде.

Той басталмай жатып тарқады
Әрине, өршіп тұрған дерттің бетін қауіпсіздік шараларын сақтап, атап айтқанда, бетперде тағып, халық көп жиналған жерге бармай, өзін оқшаулап
ұстау арқылы ғана қайтаруға болады. Өкініштісі, қала тұрғындары ескертулерге құлақ асып жатқан жоқ. Бұрынғыша той-томалақтан қалмай, отбасылық мерекелерді өткізуде. Жуырда ғана, Алматының Ақсай-4 ықшамауданындағы «Достар сарайы» мейрамханасында өткізіліп жатқан қыз ұзату тойын мониторингтік топ мүшелері тоқтатып, 70-тен астам қонақты таратып жіберді. Той иелеріне қатысты тиісті шара қолданылды. Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 21-26 наурыз аралығында мониторингтік топ мүшелері 1911 нысанды тексерген. Нәтижесінде санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтамаған 300 кәсіпкерлік нысанға 230 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Бетперде тағу режимін бұзған 693 жеке тұлға ҚР ӘҚТК-нің 425-бабына сәйкес, жауапкершілікке тартылған. Құзырлы сала мамандары жүргізген зерттеулер наурыз айының үш аптасында ковидке шалдыққан науқастардың 38%-ы – 20-39, 27% – 40-59 жас аралығындағылар, ал, 20% – 60 жастан асқандар екендігін көрсеткен. Сондай-ақ, зерттеу нәтижелері бойынша, індеттің жұғу ықтималдығы қоғамдық орындарда (сауда-саттық, тамақтану нысандары) 42%-ды, қоғамдық көлікте
18%-ды, отбасылық шараларда 2%-ды құраған. Осыған байланысты Алматы қаласының бас санитары Жандарбек Бекшин қалалықтарды ковидке қарсы қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырып, қатерлі топқа жататын жасы ұлғайған және созылмалы сырқаты бар жандардың үйден шықпауын өтінді.

Екпе ғана ем болады
Сала мамандарының пайымынша, қауіпті кеселден сақтанудың бірден-бір тиімді әдісі – вакцина. Екпе алған адамда вирусқа қарсы иммунитет қалыптасып, антиденелер пайда болады. Оның әсері 6 айға, тіпті, 1 жылға жететіні болжануда. Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналаудың бірінші кезеңі белсенді жүзеге асуда. Сәуірде елімізге коронавирусқа қарсы қытайлық Sinovac вакцинасының үш миллион, ресейлік «Спутник Лайт»
вакцинасының тағы бір миллион дозасы әкелінбек. Алексей Цойдың сөзіне сенсек, бүгінде Қарағанды зауыты 750 мың доза өндірсе, келесі айда бір миллион доза шығарады. Жеткізу мәселесі бойынша Pfizer компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, сәуір айында 81,5 мың алматылық коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын салдырады. «Спутник V»
вакцинасының бірінші 1750 дозасы ақпанда алынып, екі компонент те 100 пайызға игерілген. Екіншісі, наурызда 10 800 доза көлемінде болған. Үшінші толқын 3200 доза наурызда жеткізілген. Басқарма өкілдері баспасөз хабарламасында мамыр айында вакцинаның 65 200 дозасын жеткізу жоспары барын, алайда, оның бұдан да көп болуы мүмкін екенін көрсеткен.

Балаларға арналған вакцина
Ересектерді баудай түсіріп жатқан қауіпті кесел балаларды да аяйтын емес. Алматыда мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің індетті жұқтыруы үш есеге (тәулігіне 16 жағдай) және қашықтықтан білім алып жатқан мектеп оқушыларының арасында 4 есеге (тәулігіне 28 жағдай) өсіп отыр. Осы жағдайда «Балаларға арналған қандай вакцина бар?» деген сауал туындайды. Әдеттегідей шетелдік тәжірибеге көз салсақ, америкалық Pfizer компаниясы BioNTech неміс серіктесімен бірлесіп жасаған коронавирусқа қарсы вакцинасын 12 жасқа дейінгі балаларға қауіпсіздігі мен тиімділігін анықтау үшін клиникалық сынақ өткізуді бастаған. «Біз серіктес BioNTech-пен бірге 6 айдан 11 жасқа дейінгі балаларға COVID19-ға қарсы вакцинаның әсерін бағалау үшін жаһандық зерттеу жарияладық», – деді Pfizer компаниясының бас директоры Альберт Бурл Twitter-де. «Pfizer және BioNTech балалар қауіпсіздігі үш түрлі дозада – 10, 20 және 30 микрограмм егуді жоспарлап отыр. Оған 144 бала қатысады. Вакцинаның I/II фазасын зерттеу үшін екі рет екпе салу жоспарланған. Балалар вакцинаның алғашқы дозасын 24 наурызда қабылдады», – дейді Pfizer өкілі Шарон Кастильо. Мұндай клиникалық сынақтарды американдық Moderna биотехнологиялық компаниясы да өткізген. Мамандар қолданыстағы заңнамалар бойынша Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балаларды коронавирусқа қарсы егу жоспары жоқтығын айтып отыр.

ПТР-тестсіз шетелге шыға алмайды
Мамыражай өмірімізге карантиндік қатаң шектеулер енгізілген тұста ел ішінде және көршілес мемлекеттермен арада жүретін жердегі көлік қатынасын тыйып тастаған Қазақстанның әуе қақпасының айқара ашық жатқаны халықтың наразылығын туғызғаны есімізде. Шетелден келгендерге қойылар талаптар күшейді. Мәселен, ПТР-тест тапсырмағандар шетелге шыға алмайды. Қазақстанға қайтарда да ПТР-тестсіз туристік компаниялар қызмет көрсетпейді.

Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий