Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ІНДЕТ НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

Әлемде COVID-19 вирусына шалдығушылар саны артып, ажал құшып жатқандар қатары көбеюде. Бұл жөнінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше аурулар бойынша өкілі Мария Ван Керкхове мәлімдеді. Оның айтуынша, мамандар қатарынан бес апта коронавирустың әлем бойынша таралу қарқынының артуына көз жеткізген. Соңғы аптада ауырғандар саны 12 пайызға артқан. Коронавирустың таралу жеделдігінің ұлғаюына жоғары жұқпалылығымен ерекшеленетін британдық штамм ықпал етуде.

Аурудың таралуы еліміздің екі ірі қаласы, яғни, Алматы мен Нұр-Сұлтанда көш бастап тұр. Жағдай бұлайша жалғаса берсе Нұр-Сұлтанда реанимациялық және инфекциялық кереуеттер жетіспей қалуы мүмкін. Бүгінгі таңда қордағы кереуеттің 63 пайызы толған. Ауырғандар санының артуына орай, қалалық стационарларда қосымша кереуеттік қор жасақталуда. Нұр-Сұлтанда 5 мың кереует жабдықтауға болады. Азаматтар санитарлық ережелерді сақтамаса, бар ресурстар жетпей, жағдай ушығуы, соның салдары коронавирустың асқынуы мүмкін екені айтылуда.
Елордалық дәрігерлер аурудың өршуін сақтық шараларының сақталмауымен байланыстыруда. Ресми ақпараттарға сүйенсек, індет наурыз айының алғашқы мереке күндері күшейген. Тұрғындардың 8 наурызды тойлап, халықтың көп шоғыраланатын жерлерге баруы вирустың таралуын жылдамдатқан. Бас дәрігер сәуір айында тәулігіне 1700 адамның коронавирусқа шалдығатынын болжады. Карантиндік шектеулер аймақтардағы аурудың таралу деңгейіне сай енуде. Сонымен қатар, жаппай екпе салу қолға алынғаны белгілі. Сәуірден бастап вакцина созылмалы аурулары бар және 64-тен асқандарға егіледі. Батпандап кіретін аурудан сақтанбаса – зардабы аз емес екеніне бүгінде көз әбден жетті. Қаншама жан мезгілсіз ажал құшты. Белгілі дәрігер Ж.Досқалиевтің айтуынша, бұл дерт ағзаның ең күрделі жүрек, бауыр, өкпе секілді органдарын зақымдайды. Сондықтан, аурудың өзімен қатар салдарымен де күресу оңайға түспейді. Вакцинациядан тиімді әдіс жоғын алға тартқан Ж.Досқалиевтің халыққа берер кеңесі – жалған ақпараттарға сенбей, тек ресми орындардың кеңесіне құлақ салып, тез арада екпе жасату керек. Тоқетерін айтқанда, бұл індеттің лаңы немқұрайдылықты көтермейді. Қазір ауырмай жүрмін деп ойлап, сақтық шарасын ұмыту өзіңді немесе жақыныңды жазылмас дертке шалдықтырып, ажал құштыруы мүмкін. Абайлайық ағайын, сақтанғанды құдай сақтайды.

Төрегелді ШАРМАНОВ, академик: «САҚТАНСАҚ – САҚТАЛАМЫЗ»
— Халықты жаппай коронавирусқа қарсы екпе салмай індеттің таралуына шектеу қоя алмаймыз. Өйткені, қазақ бір-бірімен араласпаса отыра алмайтын халық. Ешқандай шектеу шаралары бұған тосқауыл бола алмайды. Байқасаңыздар, ешкім карантинге қарап жатқан жоқ. Естуімізше, мейрамхана иелерімен, полицейлермен келісіп, тойларды өткізіп жатыр. Бір-бірінің үйіне соғымбасыға барып жүргендер де жетерлік. Бұл дұрыс емес. Сақтансақ — сақталамыз. Біз тек өзімізді емес, жақындарымызды да қорғау үшін қойылған ортақ талаптарға бағынуымыз керек. Өкінішке қарай, менталитетіміз өз дегенін жасауда. Осының салдарынан карантин нәтиже бермей, аурудың таралу ауқымы артуда. Сондықтан, екпені жаппай жасаудан өзге жол жоқ.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА
«Заң газеті»

Комментарий