Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

БАСПАНА БАЛАЛАРҒА ҚАЙТАРЫЛУЫ ТИІС

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ НАЗАРЫНА!

Газетімізге Шымкент қаласының тұрғыны Айтбай Дүйсебаев хабарласты. Тағдыры маңдайынан сипамаған 72 жастағы қарияның өмір жолы бұралаң соқпақтарға толы екен. Тұрақты жұмысы болмай, бірнеше рет үйленіп, ажырасып жүріп, соңғы он жылдан бері өзінен 26 жас кіші Сорока Лиана Федоровнамен азаматтық некеде тұрып келген.
Айтуынша, 2013 жылдың 4 қыркүйегінде өздері тұрып жатқан Шымкент қаласы, «Қайнар бұлақ» саяжайында әйелі Л.Сороканы өлтірді деген айып тағылып, Оңтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен ҚР Қылмыстық кодексі 96-бабының 1-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылған. A.Дүйсебаев сотталып кеткенде, артында Лиана екеуінен туған Елизавета (04.09.2005 ж.т.) және Мақсат (16.05.2007 ж.т.) есімді кәмелетке толмаған қыз бен ұл балалар үйіне орналастырылған. Анасының жеке басын куәландыратын құжаттарының болмауына байланысты Лиза мен Мақсаттың туу туралы куәліктері уақытында алынбай, құжатсыз жүре берген. А.Дүйсебаевтың құжат алу үшін бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты. ҚР ОҚО ІІД Шымкент қаласы әл-Фараби ауданы ІІБ-нің 2011 жылғы 4 сәуірдегі №99 анықтамасында 1974 жылдың 22 тамызында Ресей Федерациясы, Краснояр өлкесіндегі Черногорск қаласында дүниеге келген Сорока Лиана Федоровнаның төлқұжатын жоғалтып алуына байланысты оның соңғы құжаттанған жері деп көрсетілген Украинаның Алматы қаласындағы елшілігіне сұраныс жібергендігі туралы айтылған. Алайда, Украинадан келетін құжатты Лиана марқұм алып үлгермепті. Ал, Айтбай ақсақал өзінің
әкеліқ құқығын дәлелдеп үлгермей, темір тордың арғы жағына кете барады. Қазіргі таңда Шымкент қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 19 ақпандағы №274 қаулысымен құжаттар бойынша әкесі жоқ, анасының қайтыс болған кәмелетке толмаған Сорока Елизавета Айтбайқызы мен Сорока Мақсат Айтбайұлы Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасына қарасты «№4 балалар үйі» КММ-де тәрбиеленіп жатыр. Бізге хабарласқан Айтбай Дүйсебаев балаларын көре алмай жүргенін айтып шағымданды. «Өзіме тағайындалған жаза мерзімінің 6 жылын өтеп, 2019 жылдың 28 қазанында Еңбекші аудандық сотының қаулысымен шартты жазамен босап шықтым. Түрмеден келген бойда бірден ұлым мен қызым тәрбиеленіп жатқан Сайрамдағы балалар үйіне бардым. Басшыларына жолықтым. Бірақ, заңды түрде әкелік құқығым болмағандықтан, балаларыммен кездесуге рұқсат бермеді. ДНК сараптамасын жасап, басқа да тиісті құқықтық рәсімдер арқылы әкелік құқығымды анықтап, Лиза мен Мақсаттың тегін Дүйсебаев деп өзгерттім. Содан соң ғана перзенттерімді көруге, белгіленген күндері келіп тұруға, телефонмен сөйлесуге рұқсат алдым. Балаларым сағынып қалыпты. Мен кеткенде Мақсатым – 6, Лизам – 8 жаста еді. Кішкентай болса да, әкелерін ұмытпапты. Қазір қызым 16-ға, ұлым 14-ке келді. Алла қаласа, қызым биыл 9 сыныпты бітіреді. Барған сайын маған: «Әке, бізді өз қолыңызға алыңызшы. Сізбен бірге тұрғымыз келеді», – дейді балапандарым. Алғым-ақ келеді, бірақ, бір кедергілер болып тұр. 2020 жылдан бастап мекеме басшылары балаларыммен кездесу тұрмақ, телефон арқылы тілдесуге рұқсат бермей отыр», – дейді бауыр еті балаларына деген сағыныштан өзегі өртенген әке. Аталған балалар мекемесі басшысының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бектемісова Әлия Құрманғалиқызымен телефон арқылы хабарласқанымызда, былай деді: «Иә, Елизавета мен Мақсат біздің балалар үйіне 2014 жылы қалалық бейімдеу орталығынан келді. Айтбай ағайды білеміз, ол кісінің басындағы жағдайлармен де жақсы таныспыз. Балалардың екеуінің де қолында ұялы телефондары бар. Әкелерімен кез келген уақытта қалағандарынша сөйлесіп тұрады. Сондықтан, «телефонмен сөйлестірмейді» деген сөзі шындыққа жанаспайды. Қазір білім беру үрдісі қашықтан оқуға көшірілгендіктен, біздегі тәрбиеленушілердің барлығы да демеушілер көмегімен смартфон, планшет, ноутбуктармен толық қамтамасыз етілді. Бұрын телефон ұстау уақытына шектеу қойылса, қазір ол алынып тасталды. Тәрбиеленушілерге қойылатын бір талап – кешкі  21.30-да ұйқыға жатады, сол кезде телефон ұстауға рұқсат жоқ.
Ал, кіргізбеу туралы айтар болсам, Шымкент қалалық бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен карантинге байланысты балалар үйіне кіргізуге шектеу қойылған. Бұл жерде 80-ге жуық бала бар. Сондықтан, шектеулерді балалардың қауіпсіздігі үшін денсаулығын сақтау мақсатында жасалған шара деп түсінген жөн. Тек баланы асырап немесе қамқоршылыққа, қорғаншылыққа алатын жандарға ғана ПЦР-тестінің қорытындысы бойынша бетперде тағып, арақашықтықты сақтай отырып, кездесуге рұқсат етіледі. Айтбай аға карантин басталғанға дейін әр жексенбі сайын келіп тұратын. Ол кісіге балаларды өз қолына алуға кеңес бердік. Елизавета да, Мақсат та әкесімен тұруға қарсы емес. Әзірге ол кісіде тұрғын үй мәселесі шешілмей тұр. Сол жағы шешілсе, балаларын алуға қатысты құжаттарын рәсімдеуге кірісе берсе де болады». Шағымданушының басты мәселесі баспана болып отыр. «Менің 1999 жылдың 1 наурызынан бастап тұрған Шымкент қаласы, «Қайнар бұлақ» саяжайы, «Металлург» тұтыну кооперативі, Жемісті көшесі, 5 үйде қазіргі күні Гүлжан Мамырова деген азаматша тұрып жатыр. Ол бұл үйді Рысбай Дюсебаевтан сатып алыпты. Тергеу барысында анықталғандай, сатып алу құжаты болмаған. Бірақ, Г.Мамырова үйімді босатпай отыр. Шымкент қаласы, Қаратау аудандық әділет басқармасының 2019 жылғы 26 қыркүйекте берген анықтамасында «Металлург» тұтыну кооперативі, БСН 980740005820, 14.08.2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өткен (мүшелер саны: 35). Кейін аталған кооперативтің төрағасы, (25.09.2014 ж., А.А.Арысбаева), мекенжайы (23.11.2015 ж.), мүшелер құрамы мен санының өзгеруіне (15.04.2017ж., байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. «Заңды тұлғалар» дерекқорында 15.04.2017 жылдан бастап Дүйсебаев Айтбай Әжібекұлы «Металлург» тұтыну кооперативінің мүшесі болып табылады» деп көрсетілген. Сонымен қатар, «Металлург» тұтынушылар кооперативінің төрағасы А.Арысбаеваның 2019 жылдың 19 қарашасында берген анықтамасы да бар. Онда аталған мекенжайдағы үйдің иесі болып табылатыным туралы жазылған», – дейді Айтбай Әжібекұлы.
Заң бойынша тиесілі баспанасына қолы жетпей, бүгінде Шымкент қаласындағы бейімдеу орталығын мекен етіп жатқан азаматтың алдағы арманы – үйін заман талабына сай жөндеуден өткізіп, қос балапанын қолына алып, тәрбиелеп жеткізу. Әкелері бола тұра, балалар үйінде тірі жетім болып жүрген Лиза мен Мақсаттың да отбасы жылуына бөленіп өсуіне толық құқы бар. Сондықтан, Шымкент қаласының басшылары тағдыр талқысына түссе де, ұлғайған жасына қарамай, қайрат-жігерін жоғалтпаған, алдағы күнге деген үміті зор қарияның баспанасын қайтаруына, ұл-қызын қайта құшағына алуына қолдан келген көмектерін көрсетіп, басты назарда ұстауы қажет деп есептейміз. Газет редакциясы аталған мәселені алдағы уақытта да қадағалап отырады.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий