Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ПАРАСАТ БИІГІНДЕГІ ТАРЛАНБОЗ

Судьялық мамандықты басқа кәсіппен салыстыру мүмкін емес. Әдетте, қарапайым халықтың ұғымында «сот» деген сөздің өзі тек соттаушы ретінде сезіліп, суық естіліп жататыны жасырын емес. Шегінен шықпайтын міндеттері, судья әдебі секілді орындауға тиісті талаптары болатын бұл жұмыстың қиындығы басым, жауапкершілік жүгі ауыр. Өмірінің 40 жылға жуық уақытын сот саласына арнап, әділдікті таразылаған жанның бірі – Алматы қалалық сотының судьясы Нұрлан Мұхамеджанұлы 60 жастың асқаралы асуына абырой-беделімен көтеріліп отыр.

Адамның негізі балалық шақта қалыптасады десек, 1961 жылдың 27 наурызында Жамбыл облысы, Шу қаласында «Кең дүние, есігіңді аш, мен келемін!» деп өмірден өз үлесін сұрай келген Нұрлан жастайынан тепловоз жүргізушісі болып істейтін әкесі Мұхамеджан мен анасы Зейнекүлдің берген тәрбиесін бойына сіңіріп, көңіліне түйіп өсті. 1967–1977 жылдары Жамбыл облысы, Шу қаласындағы теміржолға қарасты Ю.Гагарин атындағы №308 орта мектепте білім алып, еңбекқор, білімге құштар, жауапкершіліктің жүгін терең сезінетін адам болуды мақсат тұтты. 1977 жылы мектепті бітірген жас түлек арман жетегінде ару қала Алматыға аттанды. Айқын мақсаты алға жетелеген жас жігіттің таудай талабы бармақтай бағымен қабысып, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға қабылданды. Еліміздің түкпір-түкпірінен білімге сусап келген қабілетті, талантты, дарынды, көздерінде оты бар жастардың қатарында болған Нұрлан жүрегі қалап түскен оқу орнын 1982 жылы бітіріп шықты. Қандай қызмет болса да, жоғары дәрежеге жетіп, оның биігіне көтерілу үшін барлық баспалдақтан өту керек. Ол үшін жанды жанып, тер төге еңбек етуді жастайынан санасына сіңіріп өсірген әке сөзі жадында жатталып қалған жас маман «заңгер» дипломын қолына алғаннан кейін алғашқы
еңбек жолын 1982 жылдың 27 қазанында тағылымдамадан өтуші болып бастады. Бір жылдан соң Талдықорған облысы, Сарқанд аудандық прокуратурасының тергеушісі болып жұмыс істеді. Қай қызметте жүрсе де, кісілігі мен кішілігі тұла бойында қатар өрілген Нұрлан Мұхамеджанұлы 1987 жылдың 13 шілдесінде Талдықорған облыстық прокуратурасы тергеу басқармасының прокуроры лауазымына тағайындалды. Судья болу – бұл заңгер үшін өсу жолының шыңы. Адам тағдырына араласып, билік айтуда судьяның ақылы мен білімі, білігі мен парасаты үндесіп, сөз сөйлеуі, жүріс-тұрысы мен пайым-парасаты өзгелерге үлгі болуы тиіс. Осындай талап үдесінен шыға білген жас заңгер 1992 жылдың 19 ақпанында Кербұлақ аудандық халық сотының судьясы лауазымына сайланып, сот төрағасы қызметіне тағайындалады. Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толғалы отырған егеменді еліміздің Ата Заңында айтылғандай, мемлекетімізде адам құқығы мен бостандығы сақталуының, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың қамтамасыз етілуінің бірден-бір кепілі болып табылатын Нұрлан Мұхамеджанұлының қызметі әрі қарай сатылап жоғарылай түсті. Судьяның сот жүйесіндегі басты тұлға екенін ешқашан естен шығармаған білікті маман ҚР Президентінің 1996 жылдың 18 қазанындағы №3220 Жарлығымен Кербұлақ аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды.
Сот абыройы – мемлекеттің абыройы дейтін болсақ, салиқалы судья өзінің адал қызметімен, кәсіби біліктілігімен сот беделін өсіре түсті. Сала жұмысында мол тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдап, сот процесін жүргізудің небір құпия сырларына қаныққан кәсіби маман 2002–2003 жылдары Алматы облысының Ескелді аудандық сотының төрағасы, 2003–2009 жылдары Алматы облыстық сотының судьясы болып істеді. 2009 жылы Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы, кейін ҚР Президентінің 2010 жылдың 26 ақпанындағы Жарлығымен Атырау облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы боп тағайындалды. Ал, 2010 жылдың 10 қарашасынан бері Алматы қалалық сотының судьясы боп табысты еңбек етіп келеді. Қырық жыл әділдік жолынан таймай, қырағы соттың сақшысы болу – бар адамның басына бұйыра бермейтін бақ. Көпшіліктің сот жүйесіне тек жазалаушы орын ретінде қарайтыны рас. Алайда, судьялар да өзгелер секілді ет пен сүйектен жаратылған, жүрегі бар адам екенін естен шығаруға болмас. Адамның тағдырына қатысты мәселеге билік айту, кесім жасау айтуға оңай, әрине. Судья болған соң, алдынан қилы тағдырлы, түрлі қылмыс жасаған адамдар өтеді. Нұрлан Мұхамеджанұлының да үкім немесе шешім шығарарда ерекше күйге түсетін сәттері аз болмайды. Қазылықтың қыр-сырын меңгере жүріп, ол жауапкершілігі мол үлкен істе ұсақ-түйектің болмайтынын терең ұғынды. Ең бастысы, әр адамның тағдырын өз жүрегінен өткізіп, әділ шешім шығаруға өзін дайындады. Өйткені, мұнда адамдардың құқығы мен бостандығы қорғалып, тағдыр талайы шешіледі. Соңғы кездері биліктің бір тармағы саналатын сот саласына қатысты айтылып жүрген сын-ескертпе, кемшілік, көңіл толмаушылық, тіпті, тыйылмай келе жатқан, бүкіл қоғамды жайлап отырған сыбайластық пен парақорлық фактілері, ара-тұра кездесіп қалатын судьяның қателігі, асығыс үкім шығаруы да парасат биігіндегі тұлғаның жанына батады.
Сот төрелігінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі екенін Мемлекет басшысы ҚР судьяларының VIII съезінде сөйлеген сөзінде атап өтті. Құқық қорғау органдары мен соттардың жұмысындағы бірқатар кемшіліктерге назар аударған Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін реформалау саласында айтарлықтай ілгерілеу болу үшін судьялардың кәсібилігіне, сот төрелігі мен сот ісін басқарудың сапасына негізделген түбегейлі жаңа тәсілдерге бет бұру керек деп санайды.
– Судьялар корпусы өздерінің күнделікті жұмысында адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз етуді басшылыққа алуы тиіс. Судьяларымыз адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуын басты назарда ұстауы керек. Еліміздің судьялары кәсіби біліктіліктерін ұдайы арттырып, жұмыс
тәсілдерін жетілдіріп, қалыптасқан ойлау жүйесін өзгертіп отыруы қажет. Бұл үшін сот саласындағы өзекті халықаралық үдерістерді ескеріп, судьялардың халықаралық қауымдастығымен тығыз байланыс орнату маңызды, – деді Қазақстан Президенті. «Елу жылда ел жаңа» демекші, қоғам
қарқынды өзгеруде, сондықтан, соттар да заман талабына сай болуы керек екені белгілі. Біздің кейіпкеріміздің көңіліне қуаныш ұялататын жайттар да аз емес. 2014 жылдан бастап, сот жүйесіндегі оңды өзгерістерді өз көзімен көріп, сезінгендіктен, оларға көңілі толатынын жасырмайды. Елбасының «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт жоспары, Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен қабылданған «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасы сот саласына жаңаша леп әкелді. Үш сатылы сот жүйесі, сот төрелігі, алқабилер, бітімгерлік секілді жаңалықтардың түп-төркінінде
осындай мақсат жатыр. Бүгінде аудандық соттан бастап, Жоғарғы Сотқа дейін барлығы дерлік сәулетті де сәнді ғимараттарға көшіріліп, судьялардың жұмыс істеулеріне барлық жағдай жасалуда. Олардың жұмыс орындары компьютермен, интернет желісімен, бейнебайланыс құралдарымен, басқа да
технология жетістіктерімен қамтамасыз етілген. Қазіргі пандемия кезінде еліміздің сот жүйесі күрделі сынақтан өтті. Карантинге қарамастан, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Сот жүйесі ақпараттық технологияның арқасында сот процесін қашықтан жүргізу форматына жедел көшірілді. Жаңа жұмыс тәсіліне көшкен соттардың басты міндеті – халықтың денсаулығын сақтай отырып, олардың құқықтарын қорғау. Бүгінде сот процестерінің 95 пайызы қашықтан жүргізілуде. Бұл күніне 4,5 мыңға жуық онлайн процесс өтетінінің дәлелі. Оң өзгеріс қазылар үшін де, қарапайым халық үшін де денсаулықты сақтау мақсатындағы ұтымды әрі оңтайлы шара болды. Нұрлан Мұхамеджанұлының сот жүйесіне сіңірген елеулі еңбегі бағаланып, «Үш би» төбелгісімен, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының, Алматы қалалық сотының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Өмір жолы өнегеге толы, шапағаттың шуағын шашқан тарланбоз азамат зайыбы Гүлнәр Иембергенқызы екеуі бас құрап, түтін түтеткен отбасылық ғұмырында қырмызыдай құлпырған қызы Айжанды, алтын асықтай қос ұлы Ерсін мен Арсенді дүниеге əкеліп, өсіріп-өндірді, оқытып, тәрбие берді. Бүгінде əр салада еңбек етіп жүрген балалары əке мен ананың салған сара жолымен өмірден өз орындарын тапқан. Адам өміріндегі елеулі жастың биігінен кейінге көз салған парасат иесінің артында қалдырған ізі айшық, жолы ашық. Болашақтан күтер үміті де аз емес.

Бағлан МАҚҰЛБЕКОВ, ҚР Жоғарғы Сотының отставкадағы судьясы:
– Нұрлан Мұхамеджанұлын 45 жылдан бері білемін. Екеуміз студент кезімізде ҚазМУ-дің заң факультетінде бір топта оқыдық. Текті жерден шыққан, ата-ананың тәрбиесін алған азамат. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін жан. Жолдас-жораның арасында қадірлі, беделді, сый-құрметке ие. Өте білімді заңгер, қай жерде жұмыс істесе де, өзін терең білімімен көрсете білді. Сол үшін әріптестері де, басшылары да Нұрланды сыйлайды. Нұрланның өзіне тән бір қасиеті – әділдікті жақсы көреді, қараулыққа жаны қас. Өзіндік ой-пікірі бар, айтары бар азамат. Ешқашан біреудің айтқанымен жүрген емес. Біздің салада өзі жете білмегендіктен немесе жоғарыдан біреу айтты екен деп «осылай жасау керек» деген әңгімелер туындап жатады ғой. Нұрлан ешқашан ондайға берілмейді. Өзінің темірдей тәртібі, берік ұстанымы, әділ пікірі бар. Оның бойында нағыз судьяға тән қасиеттер жетіп-артылады. Ол мықты сөйлейтін емес, мықты жазатын судья. Өйткені, Нұрлан қабылдаған процессуалды құжаттардың мазмұны терең, құқықтық жағынан өте сауатты, шегелеп тұрып жазады.

Боранбай ҒАЛИЕВ, Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы:
Нұрлан Мұхамеджанұлы Атырауда алқа төрағасы болып небары жарты жылдай жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында оның өте білімді, екі тілге бірдей сауатты маман екеніне көзім жетті. Жағымпаздануды білмейтін, ешкімнің бет-жүзіне қарамай, шындықты тура айтатын әділ басшы болды. «Турасын айтқан туғанына жақпайды» дегендей, бұл мінезі көп адамға ұнай бермейтін. Нұрлан сияқты мықты судьялар Қазақстанның сот жүйесінде өте аз, саусақпен санарлықтай. Тағы бір жақсы қасиеті – айтқан сөзіне жауап береді, кек сақтамайды. Сынды дұрыс қабылдап, артынан қудалау, өш алу деген болмайтын. Нұрекең өте мықты, қалай мақтаса да тұрарлық азамат.

Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий