Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ТЕГІН ҚЫЗМЕТ ТЕГІН БОЛМАЙ ТҰР

Онлайн өмір онлайн қызметтің маңызын арттырды. Арақашықтықты сақтап, мүмкіндігінше онлайн қызметке жүгінуді қоғамның өзі талап етіп келеді. Сондықтан, бүгінде көптеген мекеме офлайн қызмет көрсете бермейді. Бұл қызмет үйде де қолжетімді болғандықтан, мүмкіндігінше өз-өзіңе қызмет етуді міндеттейді. Соның дәлелі қазір зейнетақы қорындағы жинаған қаржысын тексере алмай, тексергенімен шектік мөлшерден асқан қаржысына қол жеткізе алмай жүргендер көп. «Отбасы банктегі» операторлар да, БЖЗҚ қызметкерлері де қызметті онлайн алу қажет екенін айтады.

Шыны керек, «Цифрлы Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Электронды құжат айналымы» деп жарияға жар салғанда ысқырығымыз жер жарады, бірақ, «айдағанымыз, расында да, бес ешкі» деңгейінде. Өйткені, үкіметтік жиындарда жоғарыдағы ұғымдар міндетті түрде қозғалады. Ал, халық арасында ол жүйелердің жүзеге асуы қалай десек, оған бір ғана мысал келтірейік. Журналист Әйгерім Әшірханқызы «Жаңа жылдан соң ЭЦҚ алу үшін ноутбугымды қостым. Алдымен NCALayer бағдарламасын ноутбукқа орнату қажет екен. Ғаламтордан жүктеп те, лицензиясы бар бағдарламаны орнатып та көрдім. Ғаламтор жылдамдығының әлсіздігінен бағдарлама орнатылмады. Ал, ЭЦҚ алу үшін ең алдымен компьютеріңе әлгі бағдарлама керек екен» дейді. Онлайн қызметке жүгінгісі келетін халықтың алдынан шығатын ең бірінші мәселе осы.
Жақында «2021 жылы Елордада, ал, 2025 жылы республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 5G интернеті қосылады» деген ресми хабарлама тарады. Шыны керек, қазір тарифке сай, ақысын төлеп отырсаң да, не қолымыздағы телефонымызда, не роутерімізде 4G интернет желісі ұстамайды. Тіпті, жаңа жылдан бері еліміздегі байланыс операторларына тиісті деңгейде қызмет көрсете алмағандары үшін бірнеше рет айыппұл да салынды. Яғни, еліміздегі ғаламтор жылдамдығы тек мемлекеттік мінберлерде ғана жоғарылап жатыр, ал, халық қолданып отырған ғаламтор жылдамдығын төбе басына шығып немесе үйдің шатырында отырып сабақ оқып жүрген оқушылар деңгейінен-ақ байқауға болады. Ғаламтор жылдамдығы осындай болғанда, онлайн қызмет жайлы айту мүмкін бе?! Рас, 1414 нөміріне хабарласып, бірыңғай байланыс қызметі арқылы кеңес алуға болар. Бірақ, желідегі жүктеменің жоғарылығынан азаматтар қаншама уақытын жоғалтады? «Жедел желі» қызметін ұзақ күту мен қайта-қайта қоңырау шалудан жалығып, төзімі таусылғандар бәрібір Халыққа қызмет көрсету орталығын бетке алуға мәжбүр болады. Бұл ЭЦҚ алудағы екінші мәселе. Яғни, онлайн қызмет қолжетімсіз, оның сапасы сын көтермейді. «ЭЦҚ алу үшін ноутбугымда қажетті бағдарлама болмай, 1414 қызметінен кеңес ала алмай, орталыққа баруыма тура келді. ХҚКО-ға жақындағаным сол еді, «ЭЦҚ ашамыз, ЭЦҚ жаңартып береміз, мың теңге» деген жас жігіттер жолымды кес-кестей берді. Байқасам, орталықтың алдында түрлі нотариус қызметімен қоса, «ЭЦҚ ашамыз» деген хабарландырулар да қаптап кетіпті. Онлайн қызмет қолжетімді болса, екі ортада делдалдар неғып жүр?!» дейді ашынған журналист Әйгерім Әшірханқызы. Бұл бүгінгі күні халық кездесіп отырған үшінші мәселе. Осылайша жүйенің өзі қызметті үйден қолжетімсіз етіп, ауадан ақша жасайтындардың тегін қызметті сатуына мүмкіндік жасап отыр…
Әр адамның жеке дерекқоры сақталатын дербес электронды цифрлық қолтаңбасы қалайша кез келген жерде, көшеде ашыла береді?! Жекелеген адамдарға ЭЦҚ ашу құзыретін кім берген? Тегін қызмет қалайша дәл Халыққа қызмет көрсету орталықтарының алдында ақылы саудалануда? Жалпы, қоғамның дамуына халық ілесе алып жатыр ма? Үлкен мінберлер мен кабинеттерде ғана айтылатын электронды құжат айналымы ұғымының жұмыс істеуі қалай? Бұл сұрақтарға бас қатырып жатқан құзырлы орындар жоқтыың қасы. Айтпақшы, whatsapp қосымшамда өзім тұратын аймақ тұрғындарына арналған арнайы чат бар. Кеше кешкісін «ЭЦҚ аша алмай отырмын, балабақша үшін» деп бір келіншектің смс жазғаны сол, келесі тұрғын «Сәт» дүкеніне барсаң, 2000 теңгеге ашып береді» деп жөн сілтеді. Цифрланған Қазақстанның цифрлы қызметінің хал-қадірі әзірге осылай болып тұр…

Мырзабек БЕКБЕРДІ, заңгер:
– Елімізде мемлекеттік онлайн қызмет көрсету әлі шикі. Қазір көптеген мемлекеттік мекемелер мен банктер, т.б. жерлер «қызметкерлер карантиндік шараларға сай қысқартылған. Сондықтан, көп қызметті онлайнға ауыстырғанбыз» деп, кейбір қызмет түрлерін көрсетуден бас тартады. Ал, халық қызмет қолжетімсіз болғандықтан, амалсыз ақысын беріп делдалдар көмегіне сүйенеді. Айналып келгенде, қолжетімсіздік жемқорлықтың өршуі мен тегін қызметтің сатылуына ықпал етіп отыр. ХҚКО-лардың қос қанатында бірнеше нотариус, адвокат кеңселері орналасқан. Әрқайсысының есігінен «ЭЦҚ жасаймыз» деген жазуды көруге болады. Ал, оларға бұл құзыретті кім берген? Өз басым мұндай заңсыздыққа көз жұму – жемқорлыққа жол ашу деп санаймын. Сондықтан, тиісті орындар онлайн тегін қызметтің сатылуына мүмкіндігінше жол бермей, олардың қолжетімді болуын қадағалаулары керек. 

Қуаныш ЕРМЕКОВА,
«Заң газеті»

Комментарий