Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

АЛАШТЫҢ БАС ҚАЛАСЫНЫҢ БАҒЫ ҚАШАН ЖАНАДЫ?

Елімізде ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де күні бүгінге дейін Семей деген кезде, полигон деген сөз де бірге айтылып келген еді. Сондықтан, Елбасы айтқандай, Семей ядролық сынақ полигонын жабу еліміз тәуелсіздік алар сәтте қабылданған ең маңызды шешім болды. Аймақта 1949 жылдан бастап 40 жыл бойы жүргізілген 500-ге жуық сынақтың зардабы әлі күнге дейін жойылмай келеді. Ғалымдар оның бір емес, бірнеше ұрпаққа дейін жалғасатынын айтқанымен, үкімет кеңестік дәуірде де, тәуелсіздік кезеңінде де халықтың әлеуметтік-тұрмыстық және денсаулық жағдайын жақсартуда кешенді түрде белсенді іс-шаралар жасай алмауда.  

Тарихқа көз жүгіртсек, Доржикент қалашығы, Семипалатинск (Семипалат) бекінісі, Алаш-қаласы деген атауларға ие болған бұл қаланың негізі 1718 жылы қаланған. Доржикент аталған қалашықтың орнына салынған Семипалатинск 1783 жылы қала мәртебесін иеленсе, 1797 жылы уезд орталығы атанады. Ал, 1854 жылдың 1 қазанында жаңадан ашылған Семей облысының орталығына айналды. Одан кейін 10 жылға жетпейтін уақытта уездік
және шіркеулік-приход училищелері мен 23 мектеп ашылды. Жүн, тері өңдейтін кәсіпорындар жұмыс жасады. Мысалы, 1864 жылы әйелдер мектебі 2-ші разрядты училище болып қайта құрылып, 1883 жылы қоғамдық кітапхана мен өлкетану музейі, Орыс география қоғамының Батыс-Сібір бөлімшесі құрылды. Ерлер мен әйелдер гимназиялары, мұғалімдер семинариясы жұмыс істеп, онда Алаш зиялыларының үлкен бір тобы қалыптасты. Олардың ішінде Әлімхан Ермеков (ерлер гимназиясы), Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтпаев (мұғалімдер семинариясы) та болды. Алаш зиялылары қазақтың бас ақыны деп мойындаған Абай Құнанбайұлы да осында 1878–1904 жылдары Анияр Молдабаевтың үйінде тұрған. Сондықтан, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Алаштың бас қаласы, ХХІ ғасырдан бастап Абай елі деген бейресми атауларға ие болған Семей қазіргі таңда республикадағы ұзақ уақыт бойы облыс орталығы болған қала ретінде ғана тарихқа еніп отыр.

Өйткені, 1997 жылы ықшамдалуына байланысты облыс орталығы мәртебесін жоғалтқан Семипалатинск атауы 2007 жылдан бастап Семей деп өзгергенімен қаланың республиканың дамуындағы маңызы мен рөлі төмендеп, облыс деңгейіндегі қалаға айналды. Жыл сайын қыста жылусыз, ал
көктемде еріген қар суының астында қалып жүрген Алаштың бас қаласының сәулеті мен дәулеті соңғы жылдары көптің көңілін күпті етіп жүр. Бұған әкімдердің халық ілтипатына бөлене алмай жүргені де өз әсерін тигізуде. Мысалы, 30 жылда 13 рет әкімі өзгерген. Өзгелері бұл қызметті 1–5 жыл ғана атқарған. Бір кезде облыстың ғана емес, бүкіл республиканың маңдайалды қалаларының бірі болған Семейдің бүгінгі ұраны «Семей – Қазақстанның тарихи орталығы» деп айтылғанымен облыста ғана емес, республикада да Семейдің атын қайта оздыруға әзірге оның шамасы жетпей отыр. 2011 жылы Үкімет қаулысымен Семей қаласының бас жоспары бекітілген еді. Оны әзірлеу кезінде қала халқының саны 281,5 мың адамды құрап, 2025 жылы халық саны 400 мыңға жетеді деп жоспарланған. Алайда, 10 жылда 70 мың адамға ғана өсіп, 350 мыңға жуықтағанын ескерсек, әзірге бас жоспардан да қайран болмайтын сияқты.

Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы
330 мыңға жуық халқы бар Семей тұрғындарының 72% қазақ болса, соның – 24 % орыс, 3 %, басқалары – 4,2 %. Қалада 34 діни бірлестік тіркелген. Оның 19-ы исламдық (55,9%), 4-еуі православиялық (11,8 %), 2-еуі католиктік (5,8%), 9-ы протестанттық (26,5%). Олардың 22-сі қалада (10-ы ислам, 8-і протестанттық және екі-екіден провославиелік, католиктік), 12-сі қала аумағында (9-ы ислам, екеуі проваславиелік, біреуі протестанттық). Семейде 1854 жылы 8 мешіт болған, олардың жанында медреселер жұмыс жасаса, соның бірінде Абай діни білім алған. Сондай-ақ, Қамали мешіті жанындағы бұл медресенің 1991 жылы Абайдың әдеби-мемориалдық музей үйі жанына көшірілгенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Осыған қарамастан
халқы 1,5 ғасырда 15 мыңнан 330 мыңға дейін өскен Семейде мешіт саны 13-ке әрең жеткені естіген жанды қайран қалдырары анық. Тіпті, оның екеуі биыл Наурыз мерекесінде ғана ашылғанын да айта кеткен артық болмас. Оның біріншісі 2008 жылдың маусым айында басталып, кейін тоқтап қалғандықтан қаладағы сақалды құрылыстың біріне айналған Абай Құнанбайұлы мешіті. 2,5 жыл бұрын оны Тарбағатайдың ғана тумасына айналмай, кәсібімен бүкіл қазақтың мақтанышына айналған Дулат Тастекеев қайта жалғастыра бастаған кезде бүкіл семейлік қуанған болатын. Үміт алдамапты, Абайдың 175 жылдығына арналып, Тастекеевтер әулетінің қолдауымен, «Assyltas» қоғамдық қорының демеушілігімен 22 наурызда халық игілігіне берілген 2500 орындық мешіт қаладағы ең сәулетті нысанға айналды. Оның алдында Абай ауданындағы Қарауыл ауылында Құнанбай қажы мешіті ашылған «Бұл мешіт ешкімнің жекеменшігі емес. Бүгіннен бастап Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басқаруына өтеді. Әрдайым
халықты имандылыққа, ынтымаққа шақырып тұруына қала тұрғындары жауаптылық танытса, еліміз бен жеріміздің дамуына жасалған үлкен қадамдардың бірі болар еді», – дейді Дулат Тастекеев. Ал, Семей аймағы мен Семей қаласының бас имамы Асқар Мұқановтың айтуынша, биыл Наурыз мерекесі кезінде 21-22 күндері Семей өңірінде жаңадан 4 мешіт ашылды. Оның екеуі қалада, екеуі ауылдарда орналасқан. Соның бірі Абай Құнанбайұлы мешіті қалада ғана емес, бүкіл өңірдегі ең еңселі де, сәулетті ғимарат болып тұр. 2,5 мың адам сиятын бұл нысан алдағы уақытта Семейдің орталық мешітіне айналады. Енді құжаттары дайындалмақ. Жалпы қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысының Семей өңірінде 113 мешіт бар. Оның 13-і Семей қаласында орналасқан. Имандылық пен ізгіліктің ордасы ретінде бұл мешіттің ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері арнайы келіп, жүрекжарды сөздерін айтты. Елдің береке-бірлігінің артуына тілектестік білдірді. Алаштың бас қаласы, күллі Семей өңірі үшін бұл дамудың, өсіп-өркендеудің жаңа бір кезеңнің басы болуын Алла нәсіп етсін!
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий