Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

Фахриддин ҚАРАТАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: «Мәселе шешілмей, ЖЕР ДАУЫ өрши берері анық»

Баршаңызға белгілі, 2017 жылы жайылымдық жерлердің жетіспеушілігіне орай туындаған мәселелерді шешу мақсатында «ҚР Жайылымдар туралы» заңы қабылданды. Құжат жайылымдық алқаптарды тиімді бөлуге, оның ішінде жайылымдарды ұтымды пайдалануға және олардың инфрақұрылымын жақсартуға, жердің тозу процестерін болғызбауға бағытталған. Заңның 13-15-баптарына және Жер кодексінің 84-бабына сәйкес қабылданған нормаларда жайылым жерлердің тиімді қолданылуы жөнінде көрсетілген және мал өсірумен айналысатын үй шаруашылықтарының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Бұл заңның қолданысқа енгеніне төрт жылдан астам уақыт өтті. Өкінішке қарай, жергілікті атқарушы органдар бұл құжат талаптарына жеткілікті түрде мән бермей келеді. Заңның 13-бабына сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілер – жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарлар өңірлерде тәжірибе жүзінде орындалмайды. Соның салдарынан ауыл тұрғындары арасында әлі күнге дейін түсініспеушіліктер мен наразылықтар туындап, жер мәселесі бойынша даулар көбеюде. Бұл мәселені тездетіп қолға алмасақ, жер дауы халық арасында бұдан әрі өрши беретіні анық. Жоспарларда ұсынылған карталар мен схемалар қолданыстағы заңнамада көзделген мәліметтерді қамтымайды және оған сәйкес келмейді. 2021 жылдың 26 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталып, бұл алқаптардың 36 пайызына ғана мал жайылатынын, қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатқанына назар аудартты. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алып, ауыл тұрғындарының игілігіне беруді тапсырды. Өкінішке қарай, осы жүктелген міндетті орындауда ешбір іс-қимыл байқалмайды.
«Nur Otan» партиясының Партиялық бақылау комитетінің комиссиясы аталған мәселені қарастырып, тиісті мемлекеттік органдарға жайылымдық жерлерге қатысты нақты ұсыныстар берген болатын. Олар ескерусіз қалып отыр. Аталған комиссияның мәліметіне сүйенсек, елді мекендер үшін жайылымдық жерлердің тапшылығы барлық облыстар бойынша байқалады. Мысалы, басқа өңірлерге қарағанда, Түркістан облысында бұл проблема өзекті болып тұр. Онда 8 476,9 мың гектар жер жетіспейді. Одан кейін Алматы облысы 4576,9 мың гектар, Қызылорда облысы 3 697,8 мың гектар және Жамбыл облысында 3329,7 мың гектар жайылымдық жерге мұқтаждық бар. Жайылымдарды пайдалану тиімділігін арттыру үшін облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық округтер, кенттер, ауылдық әкімдіктеріне ағымдағы жылдың аяғына дейінгі мерзімде «ҚР Жайылымдар туралы» заң талаптарына сай «Жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларды» жасап, қабылдау қажет. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар елді мекендерде қолданылмай жатқан жайылымдық жер телімдерін мемлекеттік меншікке қайтарып, нағыз жұмыс істейтін адамдарға беруді қолға алуы тиіс.
Дайындаған А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий