Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Жыл басы Наурыз – жақсылығымен жарылқасын!

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің тарихы тереңде. Көне деректер оның Орта Азия елдерінде 5000 жылдан астам уақыттан бері тойланып келе жатқанын көрсетеді. Күн мен түнді теңестіріп, тіршілікті жаңартатын жыл басының басты ерекшелігі тәрбиелік мәнінде. Яғни, наурыз ежелден тазару, жаңару мейрамы ретінде аталады. Күнделікті киім-кешектен бастап үй-жайды тазарту, жамандық пен өшпеділіктен арылу мен кешірімділікке, бейбітшілікке үндейді. Кейбір деректер наурыз келгенде шығыс елдерінің арадағы соғысты тоқтататынын да жоққа шығармайды. Ал, біздің халқымыз осы күні араздасқан адамдармен татуласып, өкпе-реніштің жолын жапқан. Наурызды көпшілік діни мереке санайды. Бұл құбылыс, әсіресе, Кеңес Одағының тұсында анық байқалды. Содан болар, наурызды атап өтуге тыйым салынды. Алайда, бұған қарамай, ата-әжелеріміз Наурызды айрықша қарсы алып, өзара мерекелейтін.

Қазақстанға Наурыз мейрамы 62 жылдан әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың ықпалымен оралды. Ресми ақпараттар 1988 жылы ақынның Орталық комитеттің бірінші хатшысы Г.Колбинге хат жазып, Наурызды қайта жандандыруға өтініш білдіргенін көрсетеді. Хаттың жауапсыз қалмағанына, яғни, нәтижелі болғанына жұртшылық куә. 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында “Халықаралық Наурыз мерекесі” қарары қабылданды. Осылайша Наурыз 14 елде мемлекеттік мереке ретінде мойындалды. Яғни, қазақтар, қырғыздар, өзбектер, түрікмендер, түріктер, тәжіктер мен ирандықтар, әзербайжандар, албаниялықтар, Ауғанстан, Ирак пен күрдтер, үндістер, македониялықтар мемлекеттік деңгейге көтерсе, татарлар мен башқұрттар, Қытай, сондай-ақ, жапондықтар өзара атап өтеді.

Наурыз мерекесі ұлттық ерекешелікке байланысты әртүрлі аталып өтілгенімен, қазаққа да, күрдке де, түрікке де, тәжікке де, баршаға ортақ рәсім – ол міндетті түрде құрамына жеті түрлі тағам салынған Наурыз көже дайындалады. Көжені әр ұлт өзінше атайды. Ел-жұрт бір-біріне айлап қонаққа барып, наурыз көже ішеді. 22 наурыз түнін қазақтар “Қызыр түні” немесе “бата түніне” санап, ұйықтамай, дұға-тілек тілейді.

Бізде Батыс өңірінде мереке 14 наурыздан, яғни, “көрісу” салтымен басталады. Мерекеде халық түрлі ойын-сауық ойындарын ұйымдастырып, ат жарыстырып, алтыбақан тепкен. Баршаға ортақ мейрам ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы күніне теңеледі. Халқымыз мерекеге Ұлыстың ұлы күні деген ерекше атау берген. Түркиялықтар наурызды қыдырлер деп тойлаған. Мәскеулік қандастарымыз бұл мейрамда өздерінің қаладағы ең үлкен сарайда жиналып, барлық диаспора өкілдерімен бірге өз өнерлерін көрсететін айтады. Ал, қытайлық қандастарымыз Кеңес үкіметінің тұсында да, басқа кезде де наурызды ұмытпаған. Бұл жақтағы өзгешелік – наурызды тойлау екінші айдың, яғни, ақпанның жиырмасынан басталған.

Ел тәуелсіздігімен бірге сот жүйесі де жаңарып, жаңғыруда. Жыл басы наурызда сала жұмысы одан әрі жанданып, бағындырар белестеріміз көп болсын. Осынау ұлық мерекемен барлық отандасымды құттықтаймын. Еліміз амандыққа, жұртымыз тыныштыққа бөленіп, тәуелсіздігіміз асқақтай берсін!

Басты мақсатымыз дамыған озық елдің қатарынан өз орнымызды алу десек, бірлік-берекеміз артып, Қазақстанның гүлденуі жолындағы еңбегіміз табысты болғай!

Құралай Байоразова, Панфилов аудандық сотының судьясы Алматы облысы

Комментарий