Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстен күтеріміз көп

Алашшыл арда азамат Әлихан Бөкейханов өз заманында «Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» деген екен. Осы мағыналы сөз әлі күнге өз мәнін, маңызын жоғалтқан жоқ. Расында, қай кезде де заң адам пайдасына жазылуы тиіс. Әрі осы мақсатта жазылған заңның бірі деп осы жылдың шілде айынан бастап қолданысқа енгізілетін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін толық атауға болады. Өйткені бұл заң бүгінге дейін шешімін таппай келген жария-құқықтық дауларда қарапайым азаматтардың мүддесін қорғап, әкімшілік әділет институтын жандандыруға бағытталып отыр.

Бүгінде қазақстандық сотта жаңа кодекстің жаңалығын, артықшылығын түсіндіруді көздеген кешенді шаралар қолға алынуда. Жаңа заңның қоғамның қажетіне жарауы, елдің көңілінен шығуы көп ретте алдын ала түсіндіруге, таныстыруға байланысты. Соған орай, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің мақсаты, міндеті, нәтижесі жан-жақты ашып көрсетілуде. Бұдан бөлек республикамызда жария-құқықтық дауларды қарауға маманданған арнайы әкімшілік соттар жұмысын бастайды. Бүгінде судьяларды әкімшілік әділет шеңберіндегі мәселелерді заңдық тұрғыда таразылауға машықтандыру жұмыстар жүргізілуде. Жоғарғы Соттың білікті мамандарының дәрісін тыңдап, білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтаған судьялардың жаңа соттар жұмысын жандандыратынына сеніміміз мол.

Жаңа әкімшілік соттарды қазіргі мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттармен шатастырып жатқандар бар. Бұл соттар бұрынғыдай әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараумен айналысады. Ал жаңа сотқа жария-құқықтық дауларға төрелік ету сеніп тапсырылып отыр.

Кодекс әкімшілік рәсімдерге қатысты алты қағидатты белгілейді. Олар: мөлшерлестік, әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері, құқықтар басымдығының қағидаты, сенім құқығын қорғау, формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу және анықтық презумпциясы. Соның ішінде судья құзыретінің кеңеюі заң үстемдігінің салтанат құрып, азаматтар құқығының мінсіз қорғалуына септігін тигізеді. Кодекстің 16-бабы соттың белсенді рөліне арналады. Соған орай судья әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге мүмкіндік алды. Сонымен бірге қазылар енді өз бастамасымен немесе

әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинап, әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.

Тағы бір айрықша атап өтерлік жаңалықтың бірі – енді судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айта алады. Дегенмен, мұндай жаңашылдықты істің мәні бойынша жинақталған пікірмен шатастырмаған абзал. Осыдан көріп тұрғанымыздай, судья қойылған талап бойынша нақты қандай шешім қабылданатыны туралы айтуға құқылы емес.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің маңызын арттыратын келесі бір өзгеріс – сот актілерін орындамау, сол сияқты сотты құрметтемеудің өзге де көрінісі үшін жауаптылықтың артуына қатысты. Жаңа құжаттың 18-бабының 3-бөлігіне сай сот актілерін, сол сияқты соттың талаптарын орындамаған жағдайда процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Мұндай шараға алдымен ескерту, сот отырысы залынан шығарып жіберу және ақшалай өндіріп алу жатады. Бұған дейін тек алдыңғы екі шара қолданылғаны белгілі. Ал ақшалай өндіріп алу әкімшілік сот ісін жүргізудің жаңалығы. Кодексте ақшалай өндіріп алуды қолданудың жалпы тәртібі белгіленген. Ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бастап бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады. Ақшалай өндіріп алудың мөлшері әртүрлі болады, және бір тұлғаға (тарапқа) қатысты бірнеше рет қолданылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде сотты сыйлауға сот актілерін дер кезінде орындауға ықпал етеді.

Міне, осындай жаңашылдық ұсынатын жаңа кодекс еліміздегі әкімшілік әділетті биікке көтереді деген ойдамыз.

Ғалия Әбимұрат, Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий