Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Қымбатты әріптестер! Сіздерді көктем мерекесі – Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
Біздің халқымыздың тамырын тереңге тартқан тарихында Наурыз мейрамы Ұлыстың ұлы күні деп аталған. Мұның өзіндік себебі де жоқ емес. Қытымыр қыстан қысылып шыққан жандар табиғат-ана бусанып, жаңғырып келетін көктемді қуанышпен қарсы алып, мол өнімге үміт артқан. Ерекше мәнмағынаға толы көктемнің бұл мерекесі алдағы күндерге сенім ұялататын.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Наурыз мейрамының негізгі мақсаты – қазақ жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық теңдікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға деген жанашырлықты қалыптастыру», – деп атап көрсетті. Көктем мерекесінің маңызын атап өткен Мемлекет басшысы Наурыз мейрамын тойлаудың тұжырымдамасын жасап, мазмұнын байыта түсуді тапсырды. Жұртшылыққа ұсынылған жаңа тұжырымдамаға сәйкес, бізде халықтың сүйікті мейрамын атап өтуге 10
күн бөлінген. Мереке Көрісу күні деп аталған 14 наурыздан бастау алады. Ырыс пен берекенің, халықтың бірлігі мен ынтымағының белгісіндей болған бұл атаулы күннің маңызы зор. Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаған адамдар бір-біріне жақсылық тілеп, өкпе-назын кешіреді, жастар үлкендерге құрмет көрсетіп, олардың баталарын алады. Наурыз мейрамының қалған күндері тарихты қадірлеуге, табиғатты сүюге, ата-баба рухын қастерлеуге, ізгі істер мен қайырымдылық шараларын өткізуге, ұлттық салт-дәстүрлерді, мәдениет пен спортты, қазақ халқының ұлттық тағамдарын насихаттауға арналған. Әр отбасы үшін қымбат саналатын жаңару мен жаңғыру мерекесін ыстық ықыласпен қарсы ала отырып, әркім ертеңгі күннен тек жақсылық күтеді. Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін!
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Сәкен АБДОЛЛА,
Қазақстан Республикасы
Судьялар одағының төрағасы,
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы

Комментарий