Жаңалықтар | НовостиЭкономика

АҚҚА ҚАШАН АУЗЫМЫЗ ТОЛАДЫ?

Қазақстанның 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы кеңесте ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров сүт өндірісі 3,2%-ға ұлғайғанын айтқан. Атап айтқанда, сары май 26,5% (19,5 мың тоннадан 24,6 мың тоннаға дейін), өңделген сүт 4,9% (570,8 мың тоннадан 598,5 мың тоннаға дейін), қышқыл сүт өнімдері 4,8% (211,6 мың тоннадан 221,7 мың тоннаға дейін), ірімшік және сүзбе 4,5% (31,2 мың тоннадан 32,6 мың тоннаға дейін) артты деген еді. Осыған қарамастан Қазақстандағы сүт өнімдері импортының көлемі сүт шикізатына қосып есептегенде шамамен 0,5 млн тоннаны құрап отыр. Бұл мәлімет наурыз айындағы алғашқы Үкімет отырысында да айтылды. Министрлік отандық өнімді ұлғайту мәселесін тауарлық сүт фермаларының қуаттылықтарын толық пайдалану және оны кеңейту арқылы шешуді жоспарлауда. Бұл үшін жылына 35 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасы іске қосылмақ. Сондықтан былтыр жалпы қуаты 98 мың тонна болатын 48 сүт фермасы ашылды. Алайда оның 17-сі ғана өнеркәсіптік тауарлық сүт фермалары.

Агроөнеркәсіптік кешені аймақ экономикасын дамытудың негізгі драйвері болып отырған Алматы облысында алдағы бес жылда 22 тауарлы сүт фермасы ашылмақ. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, өз тұтынушыларына республика бойынша ең арзан сүт өнімдерін ұсынатын облыс үшін бұл үлкен көрсеткіш. Наурыздағы алғашқы Үкімет отырысында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин 2025 жылға қарай сүт өндіру көлемін 450 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік барын айтты. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов келесі жылы жылына 90 мың тоннаға дейін сүт өңдейтін «Эмиль» сүт зауытының құрылысы аяқталып, жалпы тауарлар тобына ірімшік пен бүгінгі күні импортталып отырған аралас құрамдағы өнімдер қосылатынын жеткізді. Сондай-ақ 2022 жылға дейін, қуаты жылына 13,7 мың тонна сүтті құрайтын 6 тауарлы сүт фермасын
іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады. Ал Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов: «былтыр 11 сүт фермасының құрылысы басталып, оның бесеуі іске қосылды. Алдағы жылдары 30 мың бас малға арналған 52 сүт фермасы салынады, нәтижесінде сүт өндірісі жыл сайын 150 мың тоннаға артады. Биыл екі сүт зауытында жаңғырту аяқталады. Осының арқасында сүт өңдеу 135 мың тоннаға дейін және ірімшік өндірісі 7,5
мың тоннаға дейін өспек. Сонымен қатар 3 мың басқа арналған сүт фермасының, сүт өңдеу зауытының құрылысы басталады» деді. Бір қарағанда, мұның бәрі көз қуантып, құлақ құрышын қандыратын қуанышты жаңалық болып көрінуі мүмкін. Алайда сиыр сүтінің тапшылығы осымен толық шешіледі деуге әлі ерте. Ауыл шаруашылығы министрі «Қазақстан 2023 жылы өзінөзі сүт өнімдерімен толық қамтамасыз ете алады» дегенімен, сүт өнімдерінің тұтыну көлемі жан басына шаққанда, дамыған елдермен салыстырғанда, әлі де төмен болғандықтан, сұранысты қамтамасыз ету үшін импорттық өнімге қойылатын шектеу туралы айтуға әлі ерте.

ШЕТЕЛДІКТЕР ҮШІН ТАПТЫРМАС НАРЫҚ
Сүт өнімдеріне Қазақстанда сұраныстың барын аңғарған соң, былтырдан бастап Татарстандағы «Агросила» компаниясы Қазақстанға халал сүт өнімдерін экспорттай бастады. Ресейдің өзінде тек күзден бастап сатыла бастаған оның сүт, ірімшік, қаймақ, қатық, құрт, сары майлары қазір біртіндеп Қазақстанның түрлі қалаларына да тарала бастады. Ұлттық стастистика бюросының мәліметіне қарағанда, 2020 жылы ТМД елдерінен тыс Австралия, Австрия, Бельгия, Германия, Грекия, Дания, Жаңа Зеландия, Иран, Испания, Италия, Латвия, Литва, Қытай, Нидерланды, Польша, Түркия, Швейцария, Финляндия, Франция, Эстония сияқты елдерден сүт өнімдерін импорттаған. Ең алдыңғы орында ТМД ғана емес, Еуразиялық
экономикалық одақтағы басты серіктес саналатын Ресей тұр. Оның ФТС деректері бойынша, 2020 жылы бұл елдің 207 мың тонна болатын 318 млн
долларлық экспорттық сүт өнімдерінің жартысынан көбі Қазақстанға сатылған. Бұл – нақты айтқанда, 132 млн доллардың өнімі.

ТҰТЫНУ НОРМАСЫ ОРЫНДАЛМАЙДЫ
2017 жыл Әділет министрлігінде тіркелген Ұлттық экономика министрлігінің 2016 жылғы бұйрығымен қабылданған «Азық-түлік өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген нормасы» бойынша, жылына әрбір адам 301 кг сүт пен өзге де сүт өнімдерін тұтынуы керек. Атап айтқанда, сиыр сүті – 45; жаңа сауылған ешкі және түйе сүті – 10; қымыз бен шұбат – 20; сиыр сүтінің қышқыл сүт өнімдері – 46; қаймақ – 6; сүзбе – 10,1; ірімшік – 5; сары май – 4,7 кг. Өкінішке қарай, бұл норма әлі күнге дейін толық орындалып жатқан жоқ. Мамандардың сөзіне қарағанда, Қазақстанда сүт өнімдеріне деген сұраныс норма бойынша 5 млн тонна, ғылыми норма бойынша 8 млн тонна болу керек. Алайда былтыр 598,5 мың тонна сүт өңделіп, 24,6 мың тонна сары май, 221,7 мың тонна қышқыл сүт өнімдері, 32,6 мың тонна ірімшік пен сүзбе өндірілген. Өңделген сүт өндірісінде – Солтүстік Қазақстан, Алматы, Ақмола облыстары; сары май өндірісінде – Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Алматы облыстары; қышқыл сүт өнімдері өндірісінде – Павлодар,
Алматы, Қостанай облыстары; ірімшік пен сүзбе өндірісінде – Алматы облысы, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан облысы; құрғақ сүт өндірісінде – Павлодар, Қостанай, Жамбыл мен Солтүстік Қазақстан облыстары, балмұздақ түрлерінен – Алматы қаласы, Алматы мен Түркістан облыстары республикада ең алдыңғы орындарда болды.

Мая АРАЛБАЙҚЫЗЫ, тамақ өнеркәсібі технологы:
– Қазіргі таңда нарықта сүт пен сүт өнімдері өте көп. Қай сауда орнына барсаңыз да, оның сан алуан түрін көресіз. Алайда сан мен сапаның арасы өте алшақ. Өйткені табиғи сүтті, ең ары кеткенде, барлық жағдай жасап, қажетті температурасында ұстағанның өзінде 10 тәуліктен артық сақтау мүмкін емес. Ал нарықтағы сүттердің жарамдылық уақытын қарасаңыз, 6 айдан 1 жылға дейін мерзім көрсетіліп жатады. Қолдағы сиырдың саны мен одан сауылатын сүтті есептеп көрсеңіз, нарықтағы сүт пен сүт өнімдерінің көлемімен еш сәйкес келмейді. Сосын бізде табиғи сүтті өңдейтін зауыттар өте аз. Оның технологиясы да бөлек. Егер табиғи өнімнің өзіндік құнын есептеп көрсеңіз, нарықтағы бағамен де еш сәйкеспейді. Мәселен, майлылығына байланысты 1 кг қаймаққа 25-30 литр, 1 кг ірімшікке 15-20 литр, 1 кг сүзбеге 10-20 литр табиғи сүт керек. Ал бізде сауда орындарына барсаңыз, 1 кг ірімшікті 1,5-2 мың теңгеден сатып жатқандар бар. Таза, сапалы өнімнің бағасы ешқашан мұндай болмайды. Бізде оны қадағалап, реттеп жатқан ешкім жоқ. Өз басым мұндай өнімдерді бала тұрмақ, ересек адамдардың да тұтынғанын қаламаймын. Оның бәрі тұнып тұрған – химия. Бұл денсаулыққа да өте зиянды.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий