Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ПАНДЕМИЯМЕН ӨТКЕН БІР ЖЫЛ

Осыдан бір жыл бұрын төрткіл дүниені шарпыған ковид инфекциясының лаңы біздің елге де жеткен еді. Сол кездегі елдің бас санитары болған Жандарбек Бекшиннің «ақыры бізге де коронавирус жетті» деген тарихи сөзі де осы кезде айтылған еді. Расында, осы сәттен бастап, елдегі індетті жұқтырушылар саны сәт сайын өсе бастады. Бұл елде Президент Жарлығымен төтенше жағдай жарияланып, алаңсыз халықтың өмірі 180 градусқа күрт өзгерген еді. Жер мен көктегі қатынас толық тоқтады. Қалаларда қатаң карантин жарияланып, блок-бекеттер енгізілді.

Мемлекет халықты оқшаулаумен қатар қолдау да көрсетті. Жалақысыз қалғандарға әлеуметтік төлем жасады. Көп балалы отбасыларға, қарттар
мен мүгедектерге азық-түлік себеттері үлестірілді. Коммуналдық төлемдер өтелді. Кәсіпкерлерге де барынша көмек берілді. Олар салықтан босатылып, жеңілдетілген несие қарастырылды. Осындай қатаң шаралар арқасында қауіптің беті қайтты. Әрине, мұның бәрі ел экономикасы үшін оңай сынақ емес еді. Пандемия негізінен шикізат өндіруге бейімделген, өңдеуші кәсіпорындары жоққа тән Қазақстандағы біраз проблеманың бетін
жалаңаштады. Көп адамдар нәпақа тауып отырған кәсібінен айырылып, жұмыссыздық өрши түсті. Оның салдары экономикалық көрсеткіштерге тиді. Тек қана құрылыс саласында оң өзгерістер болды. Алайда, экономикалық сарапшылардың айтуынша, ол көбіршік, яғни, бағаның қымбаттауынан ғана өсіп жатқан көрсеткіш. Бұл дұрыс емес, өйткені бір күні көпіршік жарылып кетсе, оның әсері халықтың әл-ауқатында да өз көрінісін табады. Сол секілді қызмет көрсету салалары, атап айтқанда: көлік, қоғамдық тамақтандыру, ойын-сауық, туризммен байланысты қызметтер түгелдей зардап шекті. Әсіресе, денсаулық, білім саласы үшін індеттің жайылуы үлкен сынақ болды. Мемлекеттік бюджеттің 50 пайыздан астамы халықты әлеуметтік қолдауға жұмсалып, бұл үрдіс әлі де жалғасуда. «Бір жаманның бір жақсылығы бар» дейді халық даналығы. Пандемия осылай елді қанша жерден тұйыққа тіреп, күрделі проблемалар туындатса да, бұғып жатқан ішкі мүмкіндіктердің, ресурстардың ашылуына түрткі болды. Олардың бірегейі ақпараттық технологияның өмірімізге қарқынды түрде енгізіліп, цифрландырудың жылдамдатылуы еді. Соның арқасында офлайннан онлайнға көшу көптеген жұмыс үрдістерінде кеңінен тарады. Ең қуантарлығы, бұған дейін ұзын арқау, кең тұсауға салынып келген ғаламтор желісі шалғайдағы елді мекендерге жетті. Көптеген бизнестер жаңа қырынан ашылды. Бүгінде ақпараттық технология, цифрландырудың өмірімізге дендеп еніп, барлық саланың жұмыс ырғағына айналуы бюджет тапшылығын тудырып, көптеген бағдарламалардың жүзеге асуына кедергі келтіріп жатқан көлеңкелі экономиканың үлесін азайтқаны белгілі болып отыр. Мәселен, «Pro Gente» экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі Мақсат Халықтың айтуынша, осыдан бір-екі жыл бұрын 70 трлн шамасында болған жалпы ішкі өнімінің 21 трлн теңгеден астамы тасада жүрген екен. Онлайн-банкингтің дамуы осы қаржыны жарыққа шығарыпты. Бүгінде миллиардтар айналып жүрген той бизнесіндегі салық ұсталмайтын беташар, асаба, әншілерге, фотографтар қызметіне кететін ақшалар бақылаудан тыс қалып келсе, пандемияның арқасында соның бәрі тежеліп, экономикаға оңтайлы әсерін тигізіп жатыр. Қазір 2020 жылдың қорытындысы бойынша, көлеңкелі экономиканың үлесі 23 пайызға дейін азайыпты. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты рейтинг көрсеткішін шығарып отыратын агенттіктердің мәліметі бойынша, Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа жақын ел болып, бұл тұрғыдағы тазалық деңгейі бойынша 120-шы орында тұрған еді. Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстан 94-орынға көтеріліпті. Пандемияның ең пайдалы тұсы дегенде экономикалық сарапшылардың осы көлеңкелі экономиканың азаюын үлкен жетістік ретінде айтуы орынды. Себебі, бұл құбылыс кез келген мемлекеттің қас жауы. Осы көрсеткіш көлемі артқан сайын мемлекеттік бюджеттің түсімдері азаяды. Ал, оның ауқымы неғұрлым кемісе, ақшаның бәрі жарыққа шығып, оның айналымы үдерісінде тазалық орнайды. Өкінішке орай, соңғы жылдарда көлеңкелі экономиканың салдарынан бюджет тапшылығы ұлғайып кетті. Оны Ұлттық қордағы қаржымен жабу үрдіске айналды. Келешек ұрпаққа арналған қаржы осылайша бүгінгі күннің қажеттіліктеріне жұмсалуда. Өткен жылы пандемияның салдарынан Ұлттық қордан 4,7 триллион теңге трансферттелсе, биыл тағы 3 трлн теңге бюджет жыртығын жамауға бағытталыпты. Егер көлеңкеде жүрген 21 трлн теңге заңдастырылатын болса, мемлекеттік бюджеттің кірісі артып, бұл халықтың бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің оңынан шешілуіне ықпалын тигізер еді. Осы ретте «Ұлттық қорға» қайта-қайта қол салуды тоқтатып, керісінше, Норвегия секілді қаржы көлемін ұлғайтып алған болар едік. Халқы 6 миллионға жетпейтін бұл елдің Ұлттық қорындағы ақша көлемі 1 трлн доллардан асады екен. Бұл дегеніміз, қор жылына кем дегенде он пайыз табыс әкелетін жағдайда жыл сайын 100 млрд доллардан астам қаражат табады деген сөз. Нақты жағдайда бұл табыстың көлемі әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бізге белгілісі осы кіріс Норвегия халқына сый ретінде беріліп, соның арқасында халық шалқып өмір сүріп жатыр. Ал, біздің Ұлттық қорымызда небары 57 млрд доллар бар. Осыны тым болмағанда 200 млрд долларға жеткізіп алсақ, оның кірісін әлеуметтік мәселелерді шешуге, халқымызды баспанамен қамтамасыз етуге, адами капиталды дамытуға, ғылымды өркендетуге жұмылдыратын едік. Бұл біздің экономикамыздың тез аяғынан тұруына ықпалын тигізер еді» деген Мақсат Халықтың сөзінің ақиқат екені әлемдік үрдістен көрініп отыр. Экономикадағы ақша айналымы ашық елдердегі өмір сапасы бөлек. Нақ осы көрсеткіштің жақсаруы сыбайлас жемқорлық фактілерін азайтып, кез келген мемлекеттің тез дамып, өркендеуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық рейтингісінде таза мемлекет ретінде танытып, сыртқы инвесторлар да экономикаға қаржы салып, жаңа технологияның келуіне жол ашады. Жалпы, сыбайлас жемқорлық жоқ жерде заң үстемдік құрады, заң үстемдік құрған елде ашықтық, әділеттілік бар екені әлдеқашан дәлелденген ақиқат. Егер Қазақстан да осындай жағдайға жетсе аз ғана мерзім ішінде өз мемлекетімізде экономиканың жаңа моделін құрайтыны анық.
Қазіргі таңда ірі қалаларда пандемияның қайта өршу қаупі тұр, егер қайта жалғасса, қызмет көрсету саласындағы компаниялар жабылады. Бұл олардағы азаматтардың жұмыссыз қалуына, кедейшіліктің көбеюіне ықпал етеді. Зерттеу институттарының айтуынша, Қазақстанда 6 млн бала бар. Соның 1 миллионы кедей отбасында өмір сүріп жатыр. Дүниежүзілік банктің жуырда берген мәліметі бойынша, Қазақстанда кедейшілік деңгейі індет жағдайында 14 пайызға дейін ұлғайып кетуі мүмкін. Бұл болашағымыз үшін алаңдаушылық тудыратын қауіпті үрдіс. Өйткені, кедей отбасыларында өсіп жатқан балалардың қарым-қабілетінің, білімінің дамуы төмендейтіні ақиқат. Бұл болашақта Қазақстан экономикасына қажет білікті кадрлар санының азаюына алып келетін фактор. Сондықтан сарапшылар мемлекеттің көп балалы, асыраушысынан айырылған, яғни, әлеуметтік көмекке
мұқтаж отбасыларға қатты назар аударылып, жергілікті әкімдіктерден үлкен қолдау жасалу қажеттігін айтады. Тым болмаса, осы балаларды тегін үйірмелермен, тегін факультативтік сабақтармен қамтамасыз ету күн тәртібінде жедел қойылуы қажет. Мамандар көтеріп отырған тағы бір өзекті мәселе – нақты статистиканың жасалу қажеттігі. Үкімет ұсынып отырған қазіргі жұмыссыздық, кедейшілік деңгейі жөніндегі көрсеткіштер дұрыс емес.
Бізге шынайы жағдайды сипаттайтын нақты сандар керек. Сонда ғана мемлекеттің қабылдап отырған бағдарламалары өзінің жемісін береді. Үшіншіден, бизнеске өте үлкен қолдау керек. Несие алуға қоятын кепілдіктері жоқ болып отырған кәсіпкерлерге мемлекет, жергілікті әкімдіктер тарапынан осы тұрғыда нақты көмек жасалғаны жөн. Сонымен қатар ақша-несие саясатын дұрыс жүргізу де өзекті болып отыр. Жақында Ұлттық банк Үкіметпен меморандумға қол қойды. Мұндағы мақсат – бағаның өсімін тұрақтандыру. Бұл дұрыс қадам. Өйткені, бағаны ұстап тұруға Ұлттық банк дәрменсіз. Инфляция 3 пайызға түссе, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі сонша деңгейде азаяды. Бұл бірінші деңгейлі банктің екінші деңгейлі банкке беретін қарызының өсімі. Екінші деңгейлі банк 5 пайызбен несие алса, онда олардың халыққа беретін несиесінің өсімі де арзандайды. Қазір 5-10-20 бағдарламасына үлкен балл жинаған азаматтар ғана ілігеді. Егер ақшаның құнын арттырсақ, онда алты пайыздық ипотека бүкіл халыққа қолжетімді болады. Ол үшін арнаулы бағдарламаға қатысудың да қажеті жоқ, кім несие алғысы келсе, бәрі ала береді. Сол уақытқа жету үшін нақты батыл шешімдер қажет. Ұлттық банкке Үкіметтің индустрияландыру бағдарламалары арқылы көмегі қажет. Үкімет көбіне азық-түліктің бағасын ұстап тұруды көздеп, базарларды бақылайды. Мұның тиімділігі уақытша. Қажеті – қазіргі қолда бар индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырып, өнімдері сұранысқа ие болатын зауыттардың көптеп салынуы. Бұл ақшаның құнын өсіріп, халықтың әлеуметтік жағдайының артуына жол ашады. Қазақстан биыл өз Тәуелсіздігінің отызыншы жылына қадам басып отыр. Бұл кезең тұтас халық үшін сын сәтке тап келді. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев осы мерейтой бойынша құрылған мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында барша әлем жұртшылығы бастан кешіп жатқан күрделі кезеңде ысырапқа жол беріп, той тойлаудан гөрі халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керектігін, елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етудің қажеті жоғын айрықша атап көрсеткен еді. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Өйткені, Тәуелсіздіктің тұғыры – қуатты экономика.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий