Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ҰЛЫС КҮНІ ҚАЛАНЫ БЕЗЕНДІРУГЕ НЕГЕ МӘН БЕРІЛМЕЙДІ?

Жаңа жылда екі ай бұрын басталатын безендірулер Ұлыстың ұлы күні қарсаңында көзге шалынбайды. Неге? Осы сауалнаманы дайындау барысында жергілікті жердегі атқарушы билік өкілдеріне қоңырау шалып, мүмкіндігінше жауап алуға тырыстық. Шын мәнінде өзі басқарып отырған аумақты мерекеге сай безендіруге не кедергі екенін білгіміз келді. Бір әкім уәде бергенмен, кейін телефон қоңырауын көтермей қашса, енді бір әкімнің орынбасарлары сауалымызды көрсе де, жауапсыз қалдырды. Ауыл, қала, облысты безендіруде соншалықты айтылмайтын не құпия барын білмедік, бірақ осындай «естімейтін» әдеттен арылмайынша, мәселе шешілмесі анық.

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, қоғам қайраткері, Мәжілістің экс-депутаты:

– Жылда Наурыз мерекесіне орай қаланы безендіру ісі ойдағыдай бола қоймайтын. Әйтеуір, шамалы күн қалғанда санаулы билбордты ырым үшін жасап, көз қылып көрнекі жерге іліп қоятын. Ал биыл республика бойынша Ұлыстың ұлық мерекесіне дайындық тым жұпыны болып тұр. Естуімше, үлкен мереке Түркістан қаласында ұйымдастырылатын көрінеді және барлық күш, қаржы сонда жұмсалып жатыр. Пандемия кедергі болмаса, Үкімет мүшелері де сол жаққа іссапарға барып, жаңа облыста Наурыз мерекесін кең көлемде тойлауды жоспарлап отыр. Өз басым биыл безендіру ісіне аса мән бермеудің сырын осыдан іздедім. Рас, жаңа жылдағыдай екі ай бұрын барлық жер безендіріліп, мерекелік көңіл-күй жаппай бұқараның бойында сезілмейтіні қынжылтады.
– Соған қарап әлі де болса ұлттық мерекеге деген ұмтылыс халықтың бойына сіңе қоймағандай әсер қалдырады. Көңілді қатты жабырқататыны осы. Бірақ мемлекет тарапынан бетбұрыс болмағаннан кейін, халықта қандай белсенділік, мерекеге деген түзу көзқарас болсын? Көшеге шыққанда ұлттық мерекенің иісі сезілмеген соң, ұрпағымыз да бұл күннің қадір-қасиетін жетік түсінбей келеді. Жылда «он күн тойлаймыз», «бір ай тойлаймыз» деп ауызша алаулатып, жалаулатып айтылады. Бірақ жеме-жемге келгенде ұлттық мерекеміз әлі күнге өзінің дәрежесіне сай тойланбай отыр. Бетбұрыс болмаған соң, белгілі бір тойлану сценарийі де қалыптаспай жатыр. Наурызды шын мәнінде ұлттық, халықтық мерекеге айналдырамыз десек, алдымен негізгі қадамды айналаны безендіруден бастау керек еді. Жалпы, Наурыз мерекесіне орай қаланы безендірмеудің бірнеше себебін көрсетуге болады. Оның біріншісі жергілікті атқарушы билік тарапынан ниеттің жоқтығымен, идеяның аздығымен байланысты. Ел басқарып отырғандар мерекені тек концерт беру, дастарқан жасап бәйге ұйымдастыру деп түсінеді. Ал оның тәрбиелік, эстетикалық жағы үнемі қалтарыста қалуда. Негізі ұлттың ерекшеліктерін қалыптастыратын бірден-бір тетік – ұлттық мереке! Сондықтан айтулы мерекелерімізді халықтың санасына сіңіру үшін этнографтармен, қоғам қайраткерлерімен бірлесіп, арнайы бір тұжырымдамасын қалыптастыра отырып атап өту керек деп ойлаймын. Айта кетер жайт, пандемияның безендіруге еш қатысы жоқ. Төтенше жағдай болса да, жаңа жылда шыршалар құрылып, қала безендірілді ғой. Демек, қаланың ойдағыдай безендірілмеуін карантиннен іздеу қисынсыз.

Данияр ҒИБРАТҰЛЫ, Орал қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы:

– Наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелетін сәті. Бұл – біздің басты ұлттық мерекеміз. Биыл Наурыз мерекесіне орай Орал қаласында безендіру жұмыстары жүргізілді. Бұл мәселені біз үнемі басты назарымызда ұстаймыз. Мәселен, қаладағы Тұңғыш Президент алаңы мен Арбатта киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды. Алтыбақандар, сондай-ақ Мөңкеұлы көшесінің бойындағы алаң мен Мәметова алаңында да бар. Қаланың тұрғындары үшін фотосуретке түсуге арналған киіз үй орнатылды. Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры мен Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында мерекелік пилондар орын тепті.
– Сонымен қатар қала көшелері мен қаланың кент, селолық округтеріндегі 15 ситибордтарда мерекелік баннерлер орналастырылды. Бұдан бөлек, тынымбақтарда, алаңдарда мерекеге байланысты архитектуралық формалар, композициялар қойылып, аркалар оюлармен, гүлдермен безендірілді. Шаһардың негізгі даңғылдарының бойындағы бағаналарға ұлттық ою-өрнектері бар штандарттар ілінді. Жалпы, ұлттық мерекеде немесе басқа да мерекелік, мерейтойлық шараларда қаланың безендірілуіне мән беріп отырамыз. Себебі, безендіру – мерекеге халықты ұйыстырудың, елді ортақ мақсатқа жұмылдырудың басты тетігі.

Комментарий