Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ЖАҚСЫ ТІЛЕК — ЖАРЫМ ЫРЫС

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын әркім өз отбасында қарсы алады. Бұл күні сыйлы қонақтарға халқымыздың кәделі әрі ең басты тағамдары пісіріледі. Қазақтың мерекесінде «дастарқанда тағам мол болса, сол жылы ақ мол болады» деген ырым бар. Дастарқанда тағамның көп болуына баса мән берген ақ жаулықты ананың бірі – Түркістан облысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерлермен бірге он төрт жылдан аса қызмет етіп келе жатқан Гүлбану Батырова.

Бала кезінен темір тәртіпке бағынып, ерлермен бірге сап түзеп, полиция қызметкері болуды армандаған Гүлбану Қайратқызы бүгінде полиция майоры. Ол Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында 1986 жылы дүниеге келген. Он бір жылдық мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы Орталық Азия университетінде «құқықтану» мамандығы бойынша білім алған. Оқуын озат аяқтаған жас қыз өзінің туған өлкесі Созақ ауданы полиция бөліміне ақпараттық сараптама тобының инспекторы болып қызметке орналасады. Қызметінің ауырлығына қарамастан, өзінің таңдауына Гүлбану еш өкінген емес. Жолдасы Джумашев Ғазиз да – ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Түркістан облысы бойынша басқарма прокуроры.


Гүлбану – жұмыста майор, ал үйде екі ұл, екі қыздың анасы, үлкен шаңырақтың ұйытқысы. Гүлбану келін болып түскен кезден бастап қазақтың дәстүрлері мен ұлттық тағамдарының жасалуын енесінен үйренді. Жыл сайын Наурыз мейрамында әулеттің үлкендері жиналып, дастарқан жайып, түрлі тағамдар дайындайды. Гүлбану қоғам тыныштығын қорғаумен қатар, үйде бармағынан бал тамған ұлттық тағамдардың аспазы дерсіз. Ол өзі әзірлейтін наурызкөже, әсіп, ет тарту, қарынбүрме тағамдарының жасалуымен бөлісті:
– Ұлыстың ұлы күнін наурызкөжесіз елестету мүмкін емес. Біздің ырымшыл халқымыз әу бастан-ақ қасиетті 7 санына баса мән берген. Сол себепті де наурызкөжені жеті түрлі дәмнен «отбасында құт-береке болсын» деген ниетпен жасаған. Алдымен «өмір өзендей тасысын» деген тілекпен қазанға су құйылады. Қазан толы суға «ас мол болсын», «қыстан көктемге аман-есен жете берейік» деген ырыммен сақталған сүр ет, қазы салынады. «Сақталған сүр ет тоқтық береді, майлы ет жылулық береді» деп енем айтып отыратын. Көжені ыдысқа толтырып құяды. Бұл «жаңа келген жылда несібесі ортаймасын» дегенді білдіреді. Әрі сол құйылған көжені тауысып ішу керек. Сондықтан болар наурызкөжені халық арасында «тілеу көже», «мол көже», «құдайы көже» деп атаған. Қазақтың ең ерекше қасиеттерінің бірі – қонақжайлылық. Осы қасиетті Гүлбану Қайратқызы да бойына сіңіріп өскен. Наурыз мейрамында келген қонақтарды күліп қарсы алып, дастарқанға түрлі тағамдар мен қымыз, қымыран, шұбат, айран қояды. Тарыдан, талқаннан жасалған түрлі тәттілер мен бауырсақ, шелпек, қаттама да қонақтарға ұсынылады. Жалпы, дастарқанда құс сүтінен басқаның бәрі
болады, тіпті қонақтар дастарқаннан кесе қоятын жер таппай қалатын кез де болады. Бұл Гүлбанудың ысырапшылдығы емес, кеңпейілділігінің, даладай дархандығының белгісі болса керек.
Раушан НАРБЕК 

Комментарий