Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ТӘРБИЕ — ТАЛ БЕСІКТЕН

Қазақ халқы қашанда ұл баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Бабадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді ұрпағының бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Әкелер өзінің білетін бар өнерін ұрпағына үйретіп, тәлім берген.

Телефонға телмірген бүгінгідей заманда ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыз иесіз қалмасын деген ізгі ниетпен балалардың назарын ұлттық тəрбиеге бұруды мақсат тұтқан батысқазақстандық кəсіпкерлер Ақылбек пен Ақмоншақ Ишановтар «Азамат» ұлттық-танымдық лагерін ашқан. Мұнда 9-13 жас аралығындағы ұл балалар үшін халқымыздың салт-дәстүрі мен құндылықтарын дәріптейтін түрлі шаралар, ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Бабалардың ізгі жолын жалғастырған ерлі-зайыпты кəсіпкерлер бұған дейін білім саласындағы түрлі деңгейдегі мекемелерде
қызмет еткендіктен, балаға білім мен тәрбие берудің əдіс-тəсілдерін жетік меңгерген.

Соның ішінде ұлттық тәрбиені басты бағдар етіп алған жандар лагерь жұмысы туралы ықыластана əңгімеледі. – «Азамат» деген сөз – жігіттің екінші есімі. Осы бір ауыз сөзде ұл балаға артылар жауапкершіліктің салмағы жатыр. Бұл біздің көптен ойымызда жүрген, пісіп-жетілген, тәжірибеге негізделген жобамыз еді. Әсірепатриоттық сөздерді айтып, тым әсірелегіміз келмейді. Әйтеуір, «Мен қоғамға не бердім?» деп артыңа бұрылып қарағанда, «Біз бармыз» деп қазақтың осындай қара домалақтары АЗАМАТ атын лайықты арқалап жүргенін көрсек дедік. Бәрі де ұлттық танымнан, отбасы мен қоғам тәрбиесінен бастау алады. Біз соның титімдей бір жеріне үлес қоса алсақ – бақыттымыз. Бала тәрбиесі бізге жат емес. Ұлт құндылықтарынан аттамайтындай етіп ата-анамыздан берілген тәрбие, азды-көпті жинаған тәжірибе, көргенді адамдармен аралас-құраластығымыз бар – соның бәрін өз балаларымыздың тәрбиесінде пайдаланып келеміз. Әрқашан тек өзімізде емес, өзгеде де болсын деген ниеттеміз. Ұлымыз Айсұлтан бес жасынан бастап жылқыға үйір болды. Жылқы ер баланың мінезін қалыптастырады. Сондықтан ата-бабамыз ерте жастан баласын атқа отырғызуға ерекше мән берген. Әр баласында атаулы жылқы түлігі болуына да барынша көңіл бөлген. Ал қазіргі кезде ұлына тұлпардың тегін таныстырмаса да, телефонның «тегін» танытып, телміртіп қойғандар көп. Көп ойланып-толғана кеп, ұлттық бағытта бала тәрбиесіне қатысты дүние жасауды қолға алдық. Атын «Азамат» деп қойғанымыз бекер емес. Балалардың санасына сол сөзді сіңіре берейік, жауапкершілікті көрсетейік, айтайық деген мақсатты ұстандық. Егер ұлыңыз мінезді, намысты, ержүрек, рухты болсын десеңіз, жиірек тұлпар тізгіндесін. Түбі қорғанымыз болады! – дейді ұлттық таным жолында тынбастан еңбек етіп келе жатқан әуесқой атбегі, жаттықтырушы, педагог-магистр Ақылбек Миразатұлы. Сөзін «Т.Досымовтың сөзімен айтсам, Ақылбектің қасында «Ұйықтап кетсем, түсімде сəйгүлік көрем» деп жүргеніме 4-5 жылдың жүзі болды» деп əдемі əзілмен бастаған Ақмоншақ жұбайының əңгімесін əрі қарай жалғап əкетті.


– Әу бастан ойымыз ұлттық спорт пен ғасырлардан жалғасқан тәлім-тәрбие мектебін ұштастыру еді. Əзірге, шектеу шараларына байланысты талаптарға сай, топқа тек 10-15 оқушыдан ғана қабылдай аламыз. Негізгі мақсатымыз ұлдарды атқа мінгізіп үйрету болғанымен, күн сайын сабақ
басталғанда бір сағаттай шама-шарқымыздың жеткенінше ер балаға қатысты салт-дәстүрлермен таныстырып, ата текті танудың маңыздылығына тоқталамыз. Қазақтың жауды да, дауды да тоқтатқан аталы сөздерін кеңірек ашып, дәріптеуге тырысамыз, мақал-мәтел мен бата жаттауға көңіл бөлеміз. Балалардың қызыға ден қоятыны осы мақал жарыстары болды. Күн сайын жаттап, жалғап, мағынасын талдап жарысады. Орысша сөйлеуге бейімделіп кеткен біраз баланың тілдерін дамытумен де айналысамыз. Ақылбек батырлар жырын жаттатқызбақшы болған, алайда уақыттың тығыздығына байланысты оған үлгермедік. Үш жылдан бері мектептегі қызметтен қол үзіп қалған менің өзіме де балалармен жұмыс істеу керемет әсер сыйлады. Тіпті соңында бәрі маған «жабылып», біраз састырғандары да бар. Түйгеніміз, сөз түсінетін, түсінгісі келетін балалар бар, соларды жоғалтып алмайықшы, – дейді тəжірибелі журналист, педагог-магистр Ақмоншақ Мақсотқызы. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, «Азамат» ұлттық-танымдық лагерінде өңірдегі белгілі азаматтарды шақырып, болашақ ел тізгінін ұстар өрендеріміз үшін шеберлік сыныптарын өткізу жолға қойылған.
– Жайық өңіріндегі ісі мен сөзі, азаматтығы үндесіп, қабысып жүретін әуесқой шебер Ұлан Сайтмұхаев қамшының неден және қалай өрілетіні туралы өнегелі әңгімесімен ұлдарға жігер беріп, намыстарын қайрап, әсерлі сәт сыйлады. Ұлттық ат спорты түрлері бойынша облыс мақтанышы, жамбы атудан ҚР чемпионы, спорт шебері Жанәділ Ғазезов жүргізген шеберлік сағатында қанында батырлығы бар халықтың ұрпағы ептілік, икемділік,
мергендік, қолдың күші сынға түсетін садақ атуды меңгерді.

Сондай-ақ кішкентай «азаматтықтар» жылқының дене бітімін таныды, ат әбзелдерін шатыстырмай, рет-ретімен ерттеуді үйренді, атқа дұрыс мініп-түсудің тәртібін түсінді. Тізгінді өздеріне бердік. Көпшілігі атқа бірінші рет жақындап тұрғанына қарамастан, жақсы нəтиже көрсетті. Алдағы уақытта ұлттық бағыттағы тұрақты үйірме немесе шағын клуб ретінде жұмыс аясын кеңейту ойымызда бар. Сол кезге қазақтанудан жоспарлаған жұмыстарымыз да жетерлік. Əзірге Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай «Жақсы ат – жанға серік» атты тағылымдық шара ұйымдастырғалы отырмыз. Шектеу шараларына байланысты көп адам жинай алмайтынымыз белгілі. Мектеп оқушыларына арналған экскурсия бағдарламасына жылқының бітімімен, ат әбзелдерімен таныстыру және ерттеу, атшана құралдарымен таныстыру және жегу, ат үстіндегі ұлттық ойындарға шолу, саумал, қымыз дайындау барысымен, киіз үйдің құрылысымен, ұлттық бұйымдармен таныстыру кіреді, – деді алдағы жоспарларымен бөліскен Ақмоншақ.
Айта кетейік, соңғы төрт жылдан бері жылқы шаруашылығымен айналысып келе жатқан Ишановтар шаруашылығы Жайық бойын жайлаған жұртшылыққа кеңінен таныс. Облыс орталығы Орал қаласының іргесінде бие байлап, адал, таза және ерекше қызмет көрсетіп, саумал, қымыз дайындаудың, қолданудың мәдениетін қалыптастыра білген Ақылбек пен Ақмоншақтың қымызханасы өңір тұрғындары арнайы іздеп келетін орынға
айналды. Ертелі-кеш үзілмейтін тұтынушылары тек саумал мен қымызды ішіп кетпей, ұлттық болмыстан, тұрмыстан бір нәрсе көріп, түйіп қайтса деген қос кəсіпкер қымызхананың ішінен шағын кітап көрмесін ашып қойған. Саумалмен сауығып, қымыздан қуат алуға келгендер телефонға телміріп отырмай, сөрелердегі ұлттық құндылықтар туралы кітаптарды парақтап, рухани азық жиып қайтады. Маңдай термен келген ақ адал еңбегін əрі қарай дамыту жолында аянбай жүрген Ақылбек пен Ақмоншақ «Саба» этнокешенінің құрылысын жүргізуде. Ерлі-зайыпты Ишановтардың ойға алған істері «Атамекен», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның БҚО филиалы тарапынан көрсетілген қолдау шараларының арқасында жүзеге асырылып жатқанын айтып өткен жөн. Қолға алған ісін дамыта жүріп, Алла берген төрт баласын өсіріп, жетілдіріп келе жатқан
Ақылбек пен Ақмоншақ сол ұрпақтың, кәсіптің қызығын көріп, халыққа пайдалы іс қылу арқылы адамдық парызымыз орындалады деп біледі.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті» 

Комментарий