Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

МЕРЕКЕ КАРАНТИН ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЛАЙ АТАП ӨТІЛУІ КЕРЕК?

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Жыл сайын Наурыз мейрамында елімізде мерекелік іс-шаралар өтіп, алаңдарда наурызкөже мен ұлттық тағамдар пісіріліп, ән мен биден шашу шашылып, ұлттық ойындар ұйымдастырылатын. Ал биыл карантин талаптарына байланысты бәрі өзгеше. Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстан үкіметі адамдар көп жиналатын бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салды. Сондай-ақ, қонаққа бармауға және үйге қонақ шақырмауға кеңес берді. Мұндай жағдайда Наурыз мерекесін қалай атап өтуге болады?

Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, этнограф:
– Наурыз – сан ғасырлық тарихы бар мереке. Табиғатпен келбеті келіскен бұл мереке осы күнге дейін өзінің өзектілігі мен өнегесін жоймай келе жатқан, жақсылықтың басы. Қазіргі уақытта пандемия салдарынан шектеу, бармас-келмес, алмас-бермес деген сын кезеңде тұрғанымен де, Наурыздың өзектілігі мен бағасы артпаса, кеміген жоқ деп ойлаймын. Бәрімізге мәлім, наурыздың бірнеше атауы бар. Сол секілді Наурыз мерекесінде дайындалатын наурызкөже асының да бірнеше атауы бар. Мәселен, «амал көже» деген бар. Осындай қиын-қыстау уақытта адамдарға ой сала-тұғын, жақсы мен жаманды, артық пен кемді түсіндіретін, амалын табу үшін «амал көже» береді. Одан кейінгі ерекше атау – «тілеу көже». Тілеу көжеде осыған қосымша, тілекті толықтыра түсетін секілді. Мысалы, тілеу деген дүрмек, ұлан-асыр төгілетіндей шара емес, бұл жаратқаннан жақсылық тілеу. Қысылғанды, қиналғанды, аш пен тоқ болғанды тәубасына келтіретін – тілеу көже. Мұны «құдай көже» деп те атайды. «Жамандықтан сақтай гөр» деп құдай жолында берілетін көжені айтады. Мұның бәрін тізбелеп отырған себебім, қазіргі індет жайлаған уақытта бір-бірімізге демеу, тілеу болайық, осындай ізгі амалдар жасайық. Наурыз мерекесінде асыра сілтеу, аста төк, ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Ізгіліктің ізінде, жақсылықтың жолында жүруге нәсіп етсін!

Белгібай ШАХМЕТОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Наурыз мерекесі – түркі халықтары үшін қасиетті, ең қадірлі саналған мейрамдардың бірі. Наурыз – қара суық қыс айынан аман-есен шығып, тек
адамның ғана емес, күллі жаратылыстың жанданып, тіршілік бастауымен тұспа-тұс келетін мереке. Тарих тағылымының тереңінде жатқан бұл күн қай жағынан болмасын өте ерекше. Сондықтан да жыл сайын Наурыз мерекесін отбасымызбен атап өтеміз. Дегенмен былтырдан бері коронавирус
пандемиясына байланысты Наурыз мерекесі тойланып жатқан жоқ. Биыл да алаңдарда көпшілік іс-шаралар өткізілмейді. Қауіпті індеттің таралуының алдын алу шараларына байланысты әркім Наурызды өз жанұясында қарсы алғаны дұрыс деп жатыр. Дегенмен, төл мерекеміз болғандықтан, карантин талаптарын барынша сақтап, салт-дәстүрімізді ұстанып, наурызкөжемізді жасап, ақтан дәм татып, ән айтып, ерекше жарқын көңіл-күймен қарсы алуға тырысамыз. Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Індеттің тарауына байланысты баршамызда жауапкершілік болуы тиіс. Аманшылық болса, Наурызды келер жылдары кең көлемде атап өтуді нәсіп етсін!

Мақсат ЖАҚАУОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ аға оқытушысы, аймақтанушы:
– Әрине, биылғы жылы Наурыз мейрамын тойлау дәстүрлі қалпынан өзгеше болады. Бұған бәрімізге белгілі карантиндік талаптар мен пандемия кесірін тигізуде. Дегенмен, оның да жақсы жағын көре білуіміз керек. Бір-бірімізге барып, құттықтап, наурызкөжені ішпесек те, отбасылық мейрамның мызғымастығының күшеюі біршама арта түсетін уақыт болады. Меніңше, осы ұлттық киімді мән-мағынасыз кие салу көз алдайтын үрдіс секілді болып көрінеді. Мұны шын ықыластың әлсіздігінен деп түсінуіміз керек. Себебі, наурызға жетудің өзі қыстың ауыртпалығынан шыққан тіршілікке нағыз қуаныш сыйлатын кезең. Осы тұрғыдан алғанда, соңғы жылы елімізге оңай тиген жоқ. Ұлттық мейрамды отбасында қарсы алу кезінде наурызбен жақсылық келетінін ыстық үмітпен күтуге ұмтылатын сезім қалыптасады. Биылғы Наурыз – адамдар арасындағы ізгілікті, мейірімділікті, жақыныңды бағалауды үйретіп, жағдайдың оңалуын тілейтін шақ.
Екінші жағынан – Наурызды халықтық тойлау үрдістерін, танымдық мағлұматтарды қамтитын ақпарат көздерін көбейту қажет. Қоғамның өзі, тойлау, әдет-ғұрып, бұқаралық мәдениет минимализм идеясына ауысты. Құндылықтарды жүйелеп берді. Бұрынғыдай аста-төк, науқандық тойлау, негізсіз бәсекелесу, есепсіз ысырапшылдыққа жол берудің заманы артта қалды. Қытайда биылғы дәстүрлі онкүндік жаңа жылдарын үйлерінде тойлап шықты. Одан олар жаман болған жоқ. Сол себепті, уақытша қиындықтар бәрімізді ұлттық құндылықтарымызды орнымен, мағыналы қолдануға, бірақ өміршеңдігін сақтауға итермелеуде. Бәлкім, осы шаралар Ұлыстың ұлы күні әз-Наурызымызды шын обьективті бағалауға үйретіп, оны мүмкіндігімізге қарай атап өтуді қалыптастыратын болар.

Талғат ЖАНЫСБАЙ, Республикалық жоғары медициналық колледжі бас директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарихшы:

– Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі тарихында ерекше аталып өтілуге тиіс екі мереке бар. Оның бірі 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні болса, екіншісі – Наурыз мейрамы. Өкініштісі, осы ерекше мерекелеріміз жаңа жылдың, соның жарқ-жұрқ еткен жарнамаларының тасасында қалып қойып жатыр. Бұлай айтуыма себеп жоқ емес. Карантин жағдайында көшеге шығып, көрмелер ұйымдастырып, концерттік бағдарламалар қоймасақ та, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент секілді ірі мегаполистерде Наурыз мерекесімен құттықтайтын жарнамалар жасап, маңдайшалар ілу керек еді. Мысалы, жаңа жыл қарсаңында бір ай бұрын мерекелеу басталып кетеді емес пе!? Ал Наурыз мерекесінің басталуына үш күн қалса да, әлі күнге арнайы құттықтау жазуы бар жарнамалар көрмедім. Одан бөлек, Наурыз мерекесінің қарсаңында карантин талаптарын күшейтіп, барынша тойламауға шақырып жатыр. Әрине, ол да бір жағынан дұрыс. Ауа райы жылынған сайын қала тұрғындары бір-бірімен көбірек араласа бастайды. Қоғамдық көлік
пен демалыс орындарында жұрт көптеп жиналады. Салдарынан коронавирустың таралу жиілігі де артады. Бірақ карантин талаптарын сақтай отырып, Наурыз мерекесін атап өтуге болар еді деп ойлаймын. Мәселен, фаст-фуд сататын желілер мәзірлеріне наурызкөжені қосып, акция
жасап, тегін таратса да болады. Қала әкімдігі ұлттық киімдерімізбен челлендж ұйымдастырса, қандай керемет болар еді! Тіпті, қоғамдық көліктерге Наурыз мерекесімен құттықтайтын парақшалар ілсе де жарасар еді ғой! Қазіргі уақытта ЖОО колледждер мен білім ордалары Наурыз мерекесін онлайн форматта өткізіп жатыр. Біздің оқу орны да мерекеге орай қашықтан челлендж, байқаулар ұйымдастырып жатыр. Ең бастысы, тәжтажалдан аман болып, Наурыз мерекесін жаңа қуанышпен қарсы алайық. Уақыт бәрін өз орнына қояды деп сенемін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Сауланаманы дайындаған Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

 

Комментарий