Жаңалықтар | Новости

Google Translate жүйесінде қазақ тіліне дауыстап аудару қызметі пайда болды

 Google Translate дауыстап аудару жүйесіне қазақ тілі ресми түрде қосылды. Машиналық аудару технологиясын енгізу қазақ тілін сандық құрылғыларда бұрынғыдан да қолжетімді ете түседі. Сонымен қатар, Google Translate жүйесіндегі аударма сапасын жақсартады. Бұл ғаламдық әрі маңызды жоба Beeline Қазақстан компаниясының арқасында іске асты.

Сөйлеген сөзді танып-білу, өңдеу және аудару күрделі инженерлік әрі лингвистикалық шешімдерді қажет ететінін ескерте кеткен жөн. Бұл мәселелерді оңай шеше алатын тілдерде дауыстап аудару технологиясы білім беру жүйесінде, күнделікті қатынаста, бизнесте, тілді оқытуда және түрлі гаджеттерді басқаруда кеңінен қолданылады.

Google Translate-тегі сөздер мен сөйлемдерді танитын voice recognition жүйесі қазіргі уақытта iOS негізінде жұмыс істейтін құрылғыларға ғана арналған қолданбада қолжетімді. Кез келген басқа құрылғыда қызметті браузер арқылы пайдалануға болады. Жақын арада қолданба Anrdoid үшін жаңартылады, сонымен қатар десктоп нұсқасы шығады деген болжам бар.

«2012 жылы біздің компания Google+Kazakh жобасының серіктесіне айналды. Қазақ тілін аударма жүйесіне ресми түрде қосқан соң, бұл тілді дауыстап аудару мүмкіндігіне, яғни Voice-to-Text технологиясына қосып, қызметті жетілдіре түсу туралы ой келді. Google компаниясы мен «Ұлттық аударма бюросы» қоры арасында Google Translate командасы қазақ тілін дауыстық жүйеге қосу үшін жан-жақты көмек көрсететіні туралы келісім жасалды. Ал Beeline Қазақстан компаниясы жобаны іске асыру үшін грант тағайындады. Енді, міне, арада 10 жыл уақыт өткен соң күрделі әрі маңызды жұмыс атқарылды деп мақтанышпен айтуға болады. Біз инновациялық компания ретінде қазақ тілі аударма жүйесінде қолжетімді болып қана қоймай, жүйеде қолдануға мейлінше бейім болғанын қалаймыз», —  деп ойымен бөлісті Beeline Қазақстан Бас атқарушы директоры Настрадин Евгений

2015 жылы қазақ тілі Google әлемдік аударма қызметіне қосылғанын айта кету керек. Бұл «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының (бұдан бұрын «WikiBilim» деп аталған) екі жылға созылған орасан зор жұмысының арқасында мүмкін болды. Қордың қызметкерлері, еріктілер және арнайы тартылған мамандар қазақ және ағылшын тіліндегі параллель мәтіндерді жинау, көлемі көп материалды аудару және оларды жүйеге орналастыру үшін тынымсыз жұмыс істеді.

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы айтқандай машиналық аударма технологиясы түрлі аудиометариалдар негізінде тілді түсінуге үйренетін нейрондық желілерге негізделген.

«Жоба жаңа басталғанда ең басты мәселе — қазақ тілі Google Translate жүйесіне сәтті енетініне ешкімнің кепілдік бере алмағанында болды. Осыған қарамастан, Beeline бастамаға демеу көрсетіп, біз бірігіп тапжылмай еңбек ете бастадық және ісіміз сәтті болатынына кәміл сендік. Оның үстіне, жобаның сәтті болуы жүйеге аударманы қосып, жетілдіріп отырған немқұрайлы қарамайтын жандардың қатысуына және белсенділігіне байланысты болды. Тілді дауыстан тану сөйлеген сөзді аудару ғана емес, сондай-ақ тілдің қазіргі замандағы барлық машиналық оқыту және жасанды интеллект жүйелеріне кіруін білдіреді. Тану сапасы қолдану жиілігіне қарай жақсара түседі – адамдар технологияны неғұрлым жиі пайдаланған сайын, ол соғұрлым дамып, жетіле түседі».

Анықтама: Google Аудармашы (ағыл. Google Translate) — Google компаниясының мәтіннің бір бөлігін немесе веб-парақшаны автоматты түрде басқа тілге аударуға арналған веб-қызметі. Пайдаланушыларға кейбір тілдер бойынша аударма нұсқалары, мәселен, техникалық терминдердің нұсқалары ұсынылады, кейін олар аударма жүйесінің жаңартуларына енуі тиіс.

Басқа аударма қызметтеріне қарағанда, Google өзінің меншікті бағдарламалық қамсыздандыруын пайдаланады. Компания машиналық аударманың өзін-өзі оқыту алгоритмін пайдаланады деген болжам бар. 2017 жылғы наурызда анағұрлым сапалы аударма жасау үшін Google компаниясы аударманың қозғалтқышын толығымен нейрожелілерге ауыстырды.

Комментарий