Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жолдаған сауалында ауыл мектептеріндегі мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
«Қазақстанда жергілікті атқарушы органдарға бағынышты мектептердің 75%-і – ауыл мектептері. Онда барлық оқушының 46%-і оқиды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының дерегі бойынша, мектеп ғимаратының жағдайы балалардың үлгеріміне әсер етеді. Қазақстанда ауыл мектептерінің тек 1/4 бөлігі ғана бейімделген ғимараттарда орналасқан. Ауыл мектептерінің 13%-і абаттандырудың қандай да бір түрі жоқ.
31%-і тасымалдалатын суды пайдаланады. 45%-і тек даладағы дәретханаларды, 53%-і қатты отынмен жеке жылытуды қолданады. Ауыл мектептерінің жаңа модификациядағы кабинеттермен қамтамасыз етілуі төмен және 88%-і 4 мегабит секунд және одан жоғары жылдамдықтағы кең жолақты интернет желісіне қосылған. Мектептердің 8%-і ғана орта білім беруді ақпараттандыруға қатысады», – деп депутат ауыл мектептерінің кемші тұстарын тізді.
Оның айтуынша, Қазақстанда 10 мұғалімнің алтауы ауыл мектептерінде жұмыс істейді. Олардың 19%-ы – жоғары санатты, 61%-і – санаттары жоқ. Ауыл мен қала мектептері арасында білім беру шығындарының алшақтығы 2017 жылы 45,4%-ін құраған.
Депутат осының салдары ауылда білім беру сапасының төмендеуіне әкелетінін және бұл оқушылардың жетістіктерін сыртқы бағалау нәтижесінде байқалатынын айтты.
Осыған орай депутат бірқатар ұсынысын жеткізді:
– ауыл мектептерін қолдау «Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» жаңа мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттары болып белгілеу;
– ауыл мектептері оқушыларының білімін қала мектептерімен теңдестіру үшін олардың базалық жағдайлары мен тең білім беру мүмкіндіктерін жасау жөнінде кешенді шаралар қабылдау;
– ауыл мектептерін қолдау мен дамытудың нысаналы бағдарламасын іске қосу;
– жоғары сыныптарда оқытуды дараландыруға және білім алушыларды әлеуметтендіруге бағытталған бейіндік оқыту жүйесін құрып, ауыл мектептері оқушылар арасында кәсіптік бағдар беру жұмысын жандандыру.
Комментарий