Судья мінбері | Судебная система

Азаматтар мүддесі мемлекеттік органдармен тең деңгейде қорғалады

Елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) қабылданғаны баршаға мәлім. Жаңа заң бірінші шілдеде қолданысқа енеді. Онда жария-құқықтық дауларда азаматтардың өз мүдделерін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде қорғай алуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Соның бір мысалы, қарапайым азамат құзырлы орган қабылдаған қандай да бір актіні даулап, сотқа жүгінсе, дәлелдеу жауапкерге жүктеледі. Заңның осы нормасы тараптар арасындағы теңсіздікке жол бермейді.

Бұл Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, оларды жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Айта кетерлігі, әкімшілік орган болып тек мемлекеттік мекемелер ғана саналмайды. Бұл қатарға мемлекеттік басқару саласында өкілеттік берілген және өзін-өзі реттейтін ұйымдар кіреді. Мәселен, аталған Кодексте талап түрлері – дау айту, мәжбүрлеу, әрекетті жасау, тану болып нақты айқындалған. Сотқа дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау туралы талаптар бір айда, ал, тану туралы талап құқықтық қатынастар пайда болған сәттен бастап бес жыл ішінде беріледі. Әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру кезеңдеріне істі қозғау, өтініш беру, істі қарап, зерттеу, тыңдау, т.б. сатылар жатады.

ӘРПК-нің басты артықшылығы азаматтар мемлекеттік басқарудың заңсыз әрекеттері мен әрекетсіздігінен қорғалады. Мемлекеттік органның талапкер бола алмайтыны, яғни, оның тек жауапкер болатынының өзі құқықтың тең қорғалуын қамтамасыз етеді. Толық және жан-жақты қарауға кедергісі болмаса әкімшілік іс жауапкердің қатысуынсыз да қарала береді. Іске мүдделі адамдардың бәрі судьяның бастамасы немесе процеске қатысушының өтінішхаты бойынша тартылуы мүмкін. Кодекс талабына сай, әкімшілік сот ісін жүргізу ақылға қонымды мерзімде жүзеге асырылады. Шағымды жедел тәртіпте қарауға 20 жұмыс күні, ал, даулардың сотта қаралу процесіне, мысалы, апелляцияда 3, кассацияда 6 айға дейінгі мерзім қарастырылған. Ақылға қонымды мерзім істердің жекелеген санаттарын жүргізуде қолданылмайды. Заңды күшіне енген сот шешімін жауапкер бір айда орындап, сотқа хабарлауға міндетті. Сот шешімі ерікті түрде орындалмаса онда сотпен ақшалай айып өндіріледі. Сот уақытты тараптардың істі жедел қарау туралы өтініші негізінде шектеуі немесе созуы мүмкін. Есте ұстарлығы, егер дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі көзделсе, онда азамат сотқа осы тәртіп сақталғаннан кейін ғана жүгіне алады.

ӘРПК-да медиация рәсімдерін кеңінен қолдану шаралары да жан-жақты нақтыланған. Тараптарға дауды әкімшілік процестің барлық сатысында судья шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе партисипативтік рәсіммен реттеу туралы келісім жасау мүмкіндігі берілген. Бұл жауапкердің әкімшілік қалауына байланысты. Азаматтарға түсінікті болу үшін айта кетер болсақ, әкімшілік қалау – бұл әкімшілік орган, лауазымды адамның ел заңдарының негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі. ӘРПК-дағы тағы бір ерекшелік, мұндағы қаржылай айып өндірудің

Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстегі санкциялардан айырмашылығы бар. Яғни, айыппұл жазалау үшін емес, әкімшілік актіні орындауға мәжбүрлеу мақсатында қолданылады.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте сенім құқығын қорғау, теңгерімділік, ресми талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, соттың белсенді рөлі, сот талқылауының ақылға қонымды мерзімі, т.б. қағидаттары қамтылған. Сонымен қатар, әкімшілік орган, әкімшілік акт, әкімшілік әрекет немесе әрекетсіздік сияқты жаңа құқықтық санаттар белгіленген. Осылардың ішінде әкімшілік актілерге келсек, олар қолайлы жаңа құқықтар беретін, міндеттерді тоқтататын, жағдайды жақсартатын болып бөлінген.

ӘРПК Ата Заң мен халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарына, сондай-ақ, нормаларына негізделген.

Жанар Ибрагимова,

Алматы облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Комментарий