Жаңалықтар | НовостиЭкономика

Монополист болу оңай ма?

Өткен жылдан бастап Қазақстан темір жолдарында тарифтік реформа жүзеге асырылуда

Болат магистральдар ел экономикасының негізгі бел омыртқасы болды және болып қала береді. Пандемия кезінде бүкіл әлем қимылсыз қалған жағдайда, жолаушылар пойыздары да қозғалыссыз тұрып қалды. Бірақ та контейнерлік пойыздар тоқтаған жоқ. Айтпақшы, теміржол тасымалдары нарығында бәсекелестіктің пайда болуы үшін кем дегенде бірқатар базалық шарттар орындалуы қажет. «ҚТЖ» ҰК» АҚ осы бағытта алға жылжи алды ма?

“Темір жолдағы бәсекелестік туралы»

2020 жылы теміржолшылар теміржол көлігімен жүк тасымалдау тарифтерінің жүйесін өзгертті. Өзгерістер 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Олар жүк тасымалы секторында бәсекелестік орта үшін базалық жағдайлар жасады. Қандай нақты өзгерістер туралы айтылады?

Теміржол көлігіндегі бәсекелестікті айтқанда, сөз магистральдық теміржол желісінің қызметтері туралы емес, яғни тасымалдар үшін инфрақұрылымдар мен темір жолдарды ұсынумен байланысты екендігін ескерте кеткен жөн. Қазақстандық модель әлемнің көптеген елдеріндегі сияқты, инфрақұрылым саласында бәсекелестікті көздемейді. Бұл сала – табиғи монополия.

Бәсекелестік ортаға локомотивтік тартым қызметтері және тасымалдау үшін ұсынылатын вагондар да түседі. Естеріңізге сала кетейік,  2017 жылғы 1 қаңтардан бастап тасымалдау үшін жүк вагондарын ұсыну жөніндегі қызметтерді реттеуден мемлекет толық бас тартқан болатын. Бұл қызмет бәсекелестік ортаға шығарылды.

Жүктерді тасымалдау ережелеріне сәйкес келетін вагондары бар барлық тұлғалар вагондармен тасымалдауды қамтамасыз ету бойынша қызметті шектеусіз көрсете алады. Осылайша, теміржолдағы бәсекелестікті дамыту қажеттілігі туралы айтылғанда локомотивтік тартымдағы бәсекелестік меңзеледі. Ол үшін негізгі шарттардың толық жиынтығы қажет. Осы шарттардың біріншісі – ұлттық жүк тасымалдаушы тарифінен жолаушылар локомотивтік тартымына жұмсалатын шығындарды жою.

«Кросс-субсидиялауды алынып тастауға қол жеткізілді»

2019 жылы-ақ компания басшылығы кросс-субсидиялауды болдырмау үшін құрал ретінде жолаушылар локомотивтерін бөлек шығарып, жүк және жолаушылар локомотивтеріне арналған шығындарды нақты бөлуді жоспарлады. 2020 жылы теміржолшылар жолаушылар локомотивтері паркімен операция жасайтын “Жолаушылар локомотивтері” ЖШС компаниясын құрды. Қазір жолаушылар локомотивтерін заңды түрде беру процесі жүріп жатыр.

Енді   жүк және жолаушылар локомотивтерінің кірістері мен шығындары толығымен бөлінді. 2020 жылы уәкілетті органға экспорттық, импорттық және ішкі қатынастардағы жүк локомотивтік тартым қызметтеріне арналған тариф есебінен қаржыландырылған жолаушылар локомотивтік тартымының шығындары туралы ақпарат ұсынылды. Уәкілетті орган бұл шығындарды жүк локомотивтік тартымына арналған тарифтен алып тастай алды. Осы қадамдар арқасында 2021 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап экспорттық, импорттық және ішкі қатынастардағы локомотивтік жүк тартымы тарифі орташа есеппен 6 пайызға кеміді.

Жүк тасымалдары есебінен жолаушылар тасымалын қолдауға келетін болсақ, ол бір елеулі өзгеріспен жүзеге асырылатын болады. Жолаушыларды тасымалдаушыларды қаржылық қолдау көзі экспорттық-импорттық және ішкі тасымалдардың тарифтік кірістері емес, ал транзиттен түсетін кірістер болады. Бұл ретте транзиттік қатынаста жүк тасымалдау жөнінде қызметтер көрсетуге тек «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ұлттық жүк тасымалдаушысы ғана айрықша құқыққа ие және оны иелене беретін болады.

Айта кету керек, бұл қолдау енді “Жолаушылар локомотивтері” ЖШС пайдасына «ҚТЖ – Жүк тасымалынан» жеке төлем түрінде ашық жүзеге асырылатын болады.          2021 жылы бұл сома 55 млрд теңгені құрайды. Яғни, жүк локомотивтік тартымы үшін транзит емес, ал экспорттық-импорттық және ішкі тасымалдар саласы бәсекелестік орта болып табылады.

Жолаушылар локомотивтік тартымына келетін болсақ, “Жолаушылар локомотивтері” ЖШС кірістері, шын мәнінде, толығымен республикалық бюджеттен берілетін субсидиялардан, сондай-ақ транзиттік қатынастағы жүк локомотивтік тартымы табыстарынан бөлінетін (кросс-субсидиялар) төлемнен тұратын болады. “Жолаушылар локомотивтері” ЖШС шығыстары осы кірістер шеңберінде айқындалатын болады.

 “Локомотивтік тартуға тарифтерді жіктеу туралы»

Локомотивтік жүк тартымы қызметтеріне тариф белгілеудің әділ шарттарын жасауға келетін болсақ, онда тарифтердің бүкіл жүйесі нарықта жалғыз локомотивтік тартым операторы жұмыс істейтіндігі, сол ғана жүктердің жалғыз тасымалдаушысы болып табылатындығы түсінігі негізінде құрылды.

2018 жылы нарықта пилоттық режимде басқа жеке тасымалдаушылар пайда болып, оларға жеке маршруттар бөлінген кезде жағдай өзгерді. Бұл тіпті де бәсекелестік емес, барлық бағыттардағы ұлттық тасымалдаушы монополиясын жекелеген бағыттардағы жеке тасымалдаушылар монополиясына ауыстыру. Өтпелі кезеңде бұл формат жұмыс істей алады. Бұл бұрын болмаған, желідегі бірнеше тасымалдаушының өзара әрекеттесуінің көптеген мәселелерін бір уақытта шешуге мүмкіндік береді. Бірақ мәселе мынада, жеке тасымалдаушылар өздері үшін ең аз шығын мен ең тиімді маршруттарды таңдай бастайды, ал ұлттық тасымалдаушыда бұндай таңдау құқығы жоқ.

Табыстылық бойынша басымдықты бағыттар – бұл, мысалы, электрлендірілген маршруттар, өйткені электр тартымына нақты шығындар жылу тарту шығындарынан әлдеқайда аз. Электр және жылу тарту тарифінің бірдей деңгейінде бұл электртартымында кірістердің жоғарылығын білдіреді. Осыған байланысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ ҚР Үкіметіне, Ұлттық экономика министрлігіне, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне локомотивтік тартымға тарифтерді саралауды енгізу ұсынысымен жүгінді. Атап айтқанда, электротартым қызметтеріне төмен тарифтер және тепловоз тартымы қызметтеріне неғұрлым жоғары тарифтер белгілеу туралы. Мемлекеттік органдар келтірілген уәждерді зерттей келіп,  бұл мәселеде теміржолшыларды қолдады.

Бұл жерде маневрлік тартым – құрамдарды қалыптастыру, вагондарды станциялық жолдардан кірме жолдарға және кері қарай тиеу және түсіру үшін тасымалдау мақсатында станциялық және кірме жолдардағы маневрлік локомотивтердің жұмысы туралы айту қажет. Кірме жолдардағы маневрлік тартым қызметі – бұл жеке меншік иелері қатысатын бәсекелестік секторы.

Тасымалдаушы жалғыз болған кезде, маневрлік локомотивтерге және олардың жұмысына жұмсалатын шығындар жүк локомотивтік тартымына арналған тарифпен толық өтеліп келді. Басқа тасымалдаушылар пайда болған кезде, жеке тасымалдаушылар құрамын қалыптастыру және тарату бойынша жұмысты ұлттық тасымалдаушы жүзеге асырады және осы жұмыс бойынша шығындарды өзінің жүк локомотивтік тартымының құнына қосады. Осылайша, ұлттық тасымалдаушының жүк локомотивтік тартымына арналған тариф осы шығындар есебінен жасанды түрде ұлғайтылды, бұл оның бәсекеге қабілетсіздігіне әкелді.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап маневрлік локомотивтердің көмегімен құрамдарды қалыптастыру және тарату функциясы магистральдық теміржол желісі қызметінің құрамына кірді, оған арналған шығыстар МТЖ тарифіне енгізілді. Енді инфрақұрылымның ұлттық операторы – “ҚТЖ” ҰК ” АҚ нарықта пойыздарды қалыптастыру және тарату үшін маневрлік жұмыс қызметтерін сатып ала алады.

                 «Теміржол тарифтері – мемэкономсаясат құралы»

Алайда, темір жолда толыққанды бәсекелестік ортаны қалыптастыру туралы айту әлі ерте. Локомотивтік тартым үшін бәсекелестік ортаны қалыптастырудағы ең құнды нәрсе – бұл тасымалдаушылардың қызмет көрсету сапасын жақсартуға және тарту бағасын төмендетуге деген ынтасы.

Келесі маңызды мәселе –локомотивтік тартымға жүк түрлері бойынша тарифтерді жіктеу. Өздеріңіз білетіндей, локомотивтің төмен құны бар топ бар, мысалы, бұл темір кені, көмір, астық. Локомотивтік тартудың орташа құны бар жүк тобы бар, мысалы, құрылыс жүктері, алюминий тотығы. Соңғысы, тарту құны жоғары жүктер – түсті металдар, мұнай өнімдері. Мысалы, мұнай өнімдеріне локомотивтік тарту тарифі көмірге арналған локомотивтік тарту тарифінен 4,6 есе асады.

Жүк түрлері бойынша тарифтердің мұндай әртүрлілігі (жүктердің 21 тобы) мүлдем өзге қағидаттар бойынша қалыптасатын өзіндік құнмен  қатар өмір сүреді. Өзіндік құнға әсер ететін негізгі факторлар пайдаланылатын тартым түрі (электрлендірілген/ электрлендірілмеген), тасымалдау көлемі, маршруттың қашықтығы, жүктің ауырлығы болып табылады. Неліктен жүктер бойынша тарифтерде осындай айырмашылық бар?  Себебі теміржол тарифтері – бұл мемлекеттік экономикалық саясат құралы болып табылады. Солардың арқасында тасымалдау шығындарымен байланысты жүктемені тауарлардың бір тобынан екіншісіне қайта бөле аласыз.

2013 жылға дейін вагондарды пайдалану тарифі жүк түрлері бойынша да жіктелді. Вагондардың жеке меншік иелерінің саны біртіндеп өсті, нәтижесінде вагондармен операция жасау қызметінің нарығы 2017 жылдан бастап толығымен қайта реттелді, бұл жүк түріне байланысты вагон құраушы тарифтерін жіктеуден толық бас тартуға әкелді.

Енді вагондармен жұмыс жасау бағасы нарықтық конъюнктураға және вагон түріне байланысты. Жүктердің осындай түрлерін тасымалдауды қолдау мәселелері астықты экспорттық тасымалдаудағыдай мемлекеттік субсидиялар есебінен шешілуі тиіс, не жүктердің түрлері бойынша тарифті жіктеуді ішінара МТЖ-ға ауыстыруға болады. Бейімделуіне қарай нарық біртіндеп жүк түрлері бойынша локомотивтік тартымға тарифті жіктеуден бас тартуға алып келеді. Бірақ та, бұл қаншалықты жақын арада болады, мәселе ашық күйінде қалып отыр.

Сая ЗАҒИПОВА, Нұр-Сұлтан қаласы

 

 

Комментарий