Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Юрий ИЛЬИН, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: «ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ БАСТЫ СЕБЕПКЕРІ – АДАМ…»

– Сіздің министрлік Үкіметтің құрамындағы «ең жасы». Төтенше жағдай министрлігінің құрылуы құтқару қызметінің жұмысына қалай əсер етті?
– Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылғалы бері азаматтық қорғау саласындағы заңнаманы қайта қарау, заңнан туындайтын актілерге өзгерістер енгізу, операциялық жəне стратегиялық жоспарларды, 2030 жылға дейін азаматтық қорғау органдарын дамыту тұжырымдамасын, 2021–2025 жылдарға су тасқыны қаупінің алдын алуға арналған жаңа жол картасын жасау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Табиғи апаттардың қауіп қатерін азайту бойынша жұмыс жалғасын табуда Министрліктің жаңадан құрылғанын ескере отырып, бірінші кезекте «Азаматтық қорғау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда. Парламентпен бірлесе отырып, азаматтық қорғау жүйесін цифрландыру мен хабар тарату нормалары, əскери қызметшілердің, төтенше жағдайды ескерту жəне зардаптарын жоюды іске асыратын қызметкерлердің, құтқарушылардың, сонымен бірге осы салаға бағынышты мемлекеттік мекемелердің басқа да қызметкерлерінің əлеуметтік кепілдіктері қайта қаралатын болады. Қылмыстық-процессуалдық кодекске өртті зерттеуге байланысты тергеу қызметін қайтару ұсынылуда. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркəсіптік қауіпсіздік мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жасалды. Бұл маңызды құжат өнеркəсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамалық нормаларды жетілдіруге, қауіпті нысандарда мемлекеттік бақылау жүргізудің тиімділігін
арттыруға, апаттан құтқару қызметін ұсынатын жəне өнеркəсіптік қауіпсіздік саласында мұндай жұмыстар жүргізуге құқық беретін аттестациялаудан өткен ұйымдардың қызметін реттеуге бағытталған. Ол қазіргі таңда Парламент Сенатының қарауында жатыр. Министрлік құрылған сəттен бері 50-ден астам заңнан туындайтын нормативтік құқықтық актіге өзгеріс енгізілді, біздің қызметіміз бойынша Қазақстан Республикасының 5 кодексі мен 20 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі деп күтілуде.
– Құзырлы министрлік болған соң төтенше жағдайға тап болғандардың сіздерден көмек сұрайтыны түсінікті. Ал сан қырлы тұрмыстық жағдайларды шешуге ведомствоның күші мен қаржысы жете ме?
– Қазіргі таңда елімізді төтенше жағдайлардан қорғауға 416 өрт сөндіру бөлімшесі мен 56 жедел құтқару стансасы жұмылдырылған. 115 депо (28%) мен 30 станция (53%) облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда, 68 депо (16%) мен 15 станция (27%) – облыстық маңызы бар қалаларда, 230 депо (56%) мен 11 станция (20%) – республиканың елді мекендерінде орналасқан. ТЖМ бойынша барлығы 234 өрт сөндіру бөлімі, 119 өрт сөндіру бекеті, 59 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, 4 мамандандырылған отряд бар. Өрт сөндіру қызметі 3 399 өрттен құтқару техникасымен жарақтандырылған. Үкімет қолдауының арқасында республикалық жəне жергілікті бюджеттің есебінен 2018–2020 жылдар аралығында жол картасы жүзеге асырылған. Соның арқасында соңғы үш жылдың ішінде өрттен құтқару бөлімшелерін жарақтандыру деңгейі 40-тан 54%-ға өсті, осы кезеңде барлығы 597 бірлік техника мен 22 мың өрттен құтқару құрал-жабдықтары алынды. Қазіргі таңда азаматтық қорғау бөлімшелерін материалды-техникалық жабдықтау бойынша 2021–2023 жылдарға арналған осыған ұқсас жол картасы жасалып, бекітілді. Өрт сөндіру барысында қолданылатын күш пен қаржыға келер болсақ, кейінгі жылдары республиканың өрт сөндіру қызметінің қарамағындағы дəстүрлі өрт сөндіргіш автокөліктердің қатарына инновациялық құрамы бар техникалардың жаңа үлгілері де енді. Бұлар – су үнемдеуші технологиямен жабдықталған, компрессиялық көбік, су тұманы мен бу тамшыларының қоспасын шашу жүйесімен жинақталған автокөліктер. Көп қабатты биік үйлердің көптеп
салынуы жоғарғы қабаттағы адамдарды құтқару мен өрт сөндірудің заманауи əдісін қолдануды талап етеді. Осы мақсатта республиканың өрт сөндіру
қызметінің қарамағына биіктігі 30-90 метр болатын заманауи автосатылар мен көтергіштер, соның ішінде су толтырылған цистернасы бар біріктірілген автосатылар берілген. Мұндай автокөліктер бір мезетте бірнеше автокөлікті алмастыра алады. Көлік қаптаған қала көшелерінде жедел əрекет ету мақсатында Алматы қаласының гарнизонына «ЯВА-660» өрт сөндіруші мотоциклдері берілген. Өрт сөндіруші мотоциклдер арқаға іліп алатын қолмен басқарылатын өрт сөндіру жүйесімен, лақтыратын өрт сөндіргіштермен, құрылымдарды қолмен кесіп, ашатын біріктірілген апаттан
құтқару құралдарымен, дəрігерге дейін көмек көрсетуге қажетті медициналық бұйымдар жиынтығымен жабдықталған. Суы аз аудандардағы ірі көлемдегі төтенше жағдайларды жою жəне əртүрлі нысандарды қорғау үшін өрт сөндіру қызметінің қарамағына сыйымдылығы 30 тоннаға дейін су
жəне бір тонна көбікті бакадоны құрайтын цистерналардан тұратын жылжымалы су қоймасы болып табылатын өрт сөндіру автопойызының 2 данасы
берілді.
– Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінде кадр мəселесі қалай шешілуде?
– Қазіргі таңда елімізде 18 мың өрт сөндіруші мен құтқарушы бар. Республика бойынша 200-ден астам өрт сөндіру бөлімшесінде қызметкерлер саны аз. Кадрмен толықтыру үшін шамамен 4 мыңдай адам керек. Сонымен қатар таяу жылдары 11 өрт сөндіру депосын іске қосу жоспарлануда. Соған байланысты азаматтық қорғау органдарындағы штаттық қызметкерлер санын кезең-кезеңмен көбейту туралы ұсынысымыз қолдау тапты. Бүгінде біз əр елді мекенде өрт сөндіру депосын аша алмаймыз, өйткені бұл қыруар қаржыны қажет етеді. Сондықтан шалғайдағы жəне халық саны аз елді мекендерде (5000 тұрғыннан аз) өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін өрт сөндіру бекеттері жүзеге асырады. Бүгінгі таңда республикада 1200-ден астам елді мекенде өртке қарсы қауіпсіздікті 409 бекет қамтамасыз етеді. Дамудағы оң өзгерістерді ескере отырып, облыс əкімдіктері 221 бекеттің ашылуын қарастыратын 2021–2023 жылдарға арналған жоспарлар жасап, бекітті. Сондай-ақ еліміздің елді мекендерінде құрамында 42 мың волонтер мен 8 мың бірлік техникасы бар 4 106 ерікті өрт сөндіру құрылымдары жасақталды. Бұлар өрттің алдын алу жəне сөндіру шараларын жүргізу үшін құрылған қоғамдық бірлестіктер. Жаңадан құрылған министрлікке мынадай міндеттер мен өкілеттіліктер берілді:
– төтенше жағдайларды ескерту жəне жоюдың мемлекеттік жүйесін дамыту, төтенше жағдайларды ескерту жəне жою, Азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі, қызметін жəне əрі қарай қамтамасыз ету;
– өндірістік қауіпсіздік саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру жəне жүзеге асыру;
– мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру жəне дамыту. Осыған байланысты аталған мемлекеттік органдардағы тиісті штаттық қызметкерлер саны ТЖМ-не берілді (ІІМ шамамен 24 мың (23 932) бірлік, ИИДМ 449 бірлік, ҰЭМ-де 31 бірлік, «Резерв» РМК есептемегенде). Біздің қызметкерлер жыл сайын өңірлік оқу орталықтарында, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жəне оның филиалдарында, Азаматтық қорғаныстың республикалық оқу-əдістемелік орталығында, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында, Тұңғыш Президент атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде кəсіби біліктілігін арттырады. Қазіргі таңда білім жəне ғылым, ұлттық экономика жəне қаржы министрліктерімен бірлесе отырып, Азаматтарды табиғат құбылыстары мен техногендік апаттардан қорғайтын кадрлардың кəсіби біліктілігін арттырудың 2020–2024 жылдарға арналған шаралар жоспары бекітілді. Оны жүзеге асыру үшін 4,3 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Болашақта кəсіби біліктілікті арттыру саласында Беларусь Республикасының ТЖМ-мен халықаралық əріптестікті қалпына келтірмекпіз. Бұған қоса өрт сөндіру-құтқару спортын дамытуды жалғастырамыз.
– Полицейлердің немесе «ұландықтардың» қызмет барысындағы батыл əрекеттері туралы БАҚ-та жиі жазып жатады, ал өз парызын ерлікпен атқарған өрт сөндірушілер немесе басқа да құтқару қызметі өкілдері туралы ақпараттар неге аз? Бұған не кедергі? Кəсіби байсалдылық па əлде алдын алу жұмыстарындағы мəселелер ашылып қалады деп қорқа ма?
– Құтқарушы – ең алдымен өз өмірін қатерге тіге отырып, басқаларды құтқару үшін көмекке келетін адам. Төтенше жағдайдың басты себепкері – адам, оның жауапсыздығы мен бейқамдығы. Ал ТЖМ құтқарушысы – тəуліктің кез келген уақытында жəне кез келген жағдайда көмекке келетін маман. Көмек шұғыл әрі кəсіби тұрғыдан жоғары болады. Адамдарды құтқару кезінде біздің қызметкерлердің болған жайдан есінен танып, не істеп, не қойғанын білмей, қауіпсіз жерге көшіруге кедергі келтіріп, кейде тіпті құтқарушылардың да өміріне қауіп төндіріп жүретін жандармен жиі кездесетін сəттері болады. Құтқарылған соң, олармен апатты медицина орталығының психологтары жұмыс істеп, шұғыл көмек көрсетеді. 2020 жылы Президент Жарлығымен ТЖМ-нің 22 қызметкері, соңғы 5 жылда 117 қызметкер мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың төртеуіне марапат өмірден өткен соң берілді.
– Жыл сайын сіздің ведомствоның өкілдері су тасқыны қауіптерінен сақтану туралы айтып, ескерту жасап жатады. Жер-жерде штабтар құрылады, оқу-жаттығулар жүргізіледі. Соған қарамастан, төтенше жағдайлар орын алып жатады. Мұндай жағдайлардың алдын алуға кім немесе не кедергі? Табиғаттың дүлей күші ме əлде жергілікті қызметтің салғырттығы ма немесе өңірлердегі қызметкерлердің кəсіби біліктілігі төмен бе?
– Су тасқынына қарсы күресте бірқатар өзекті мəселе бар. Олардың ішіндегі ең бастысы – тұрғын үйлер мен нысандардың су қорғау белдеулері мен аймақтарында орналасуы, жөндеу немесе қайта құруды талап ететін ГТСтің жұмыс істеп тұруы (мерзімі өткен жəне қауіптілігі жоғары нысан болып табылады), қорғаныстық дамбалардың жеткіліксіздігі, өзен салаларын қайта құру, көпірлерге ағымдағы жəне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, автокөлік жолдарында жəне теміржол магистральдарында су өткізгіш құрылғыларды орнату. Бұған еріген қар суы мен жаңбыр суын ағызып жіберетін жол жиегіндегі арықтардың болмауы немесе өткізу қабілетінің төмендігін де қосып қойыңыз. Сонымен қатар жергілікті атқару органдары алдын алу шараларын уақытымен орындап тұру қажеттігін де ұмытпағаны абзал. Мысалы, өзеннің сағаларын, арналарды, арықтарды, су өткізгіш ғимараттар мен көпірлерді, теміржол жəне автокөлік жолдарын тазарту, аулалар мен ауылдардағы қарды тазалап, шығарып отыру қажет. Бұдан басқа жер қабатының қатуы, күзде сіңіп қалған мол су, қардың көп түсуі, күннің бірден көтерілуі сияқты табиғат құбылыстары да жағдайды қиындата түсуі ықтимал. Бұл елді мекендердің суға кету қатерін арттыра түсетін, дер кезінде жəне қажетті қаржыландырусыз шешілмейтін өзекті мəселелердің бір
парасы ғана. Су тасқыны кезінде төтенше жағдайлардың болуы қаупін төмендету мақсатында тасқынға қарсы шаралардың Жол картасы жəне өңірлік бағдарламалардағы шаралар жоспарлы түрде уақытымен жүзеге асырылуы қажет. Оларда өзеннің сағаларын қалпына келтіру мен тазартуға, ГТС жəне қорғаныстық дамбаларды салуға жəне жөндеуге, нөсер суы ағатын арық жүйесін дамытуға, көлік магистральдары мен көпірлерді жөндеуге бағытталған шаралар қолға алынуы тиіс. Мысалы, Жол картасы шараларын орындау 2017–2020 жылдары 315 (34,8%) ауылды суға кетуден сақтап
қалса, су басу қаупі бар 905 елді мекеннің 314-нде (34,7%) қауіп-қатерді барынша азайтуға мүмкіндік берді.
Сіздің ойыңызша, заманауи құтқару қызметінің мүлтіксіз жұмысы қандай болуы тиіс жəне ол үшін не істеу қажет? Министрлік бөлімшелерінің даму бағытын айқындаған кезде қай елдің тəжірибесіне сүйенесіз?
– Азаматтық қорғауды дамытудың 2030 жылға дейінгі басым бағыттары:
– азаматтық қорғау жүйесінің дайындығын арттыру, оны еліміздің жаңа геосаяси жəне əлеуметтік-экономикалық жағдайына сəйкестендіру;
– ТЖ тиімді басқару механизмдерін жасап шығару, мемлекеттік басқару деңгейінің арасындағы жауапкершілік пен құзыреттілікті тең бөлу;
– азаматтық қорғау жүйесін аумақтық-салалық принципі бойынша ұйымдастыру;
– азаматтар мен қоғамның төтенше жағдайдың тигізетін шығыны мен қаупін барынша азайту;
– азаматтық қорғаудың күші мен қаржысының ТЖ жедел əрекет етуге, əскери жəне бейбіт заманда апаттан құтқару жəне басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізуге тұрақты дайындығы;
– апаттан құтқару жəне басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
– азаматтық қорғаудың күшін жасақтау, оларды дайындау жəне қолдауды ұдайы дайындықта ұстау;
– азаматтық қорғау саласындағы шараларға халықтың неғұрлым көп қатысуының шарттарын қамтамасыз ету.
– болжалдаған немесе болған ТЖ туралы, олардың алдын алу жəне қабылданғаны туралы хабарландыру мен ашықтықты қамтамасыз ету.
– Министрліктің алдағы жоспары қандай?
– Қазіргі таңда министрліктің қарап тексерілген басым бағыттары мен міндеттері Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің
барлық үш деңгейінің құжаттарымен кірігіп жатыр. Министрлік Азаматтық қорғауды дамытудың тұжырымдамасын, 2025 жылға дейінгі ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, министрліктің стратегиясын жасап жатыр. Бұл маңызды құжаттар қызметтің негізгі бағыттары бойынша басымдықтарды қамтиды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында соңғы жылдары табиғи жəне техногендік апаттар санының өсіп кетуіне байланысты министрлікті қайтадан құруға тапсырма берді. Əрине, біз сөзсіз төтенше жағдайлардың алдын алу жəне зардаптарын жою жолындағы жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз. Бірінші кезекте біз қызмет көрсету сапасын арттыруға тырысамыз. Азаматтардың өтінішіне тез əрі жедел əрекет ететін боламыз. Екіншіден, біз азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін қайта қарауды, яғни басқару органдарының бірқатар міндеттерін, халықты, нысандарды жəне еліміздің аумағын ТЖ кезінде туындайтын қауіп-қатерден қорғау мақсатындағы жалпы мемлекеттік шаралар кешенін жүзеге асыруға арналған азаматтық қорғаудың күші мен қаржысын қайта қарауды жоспарлап отырмыз. Жобада, сондай-ақ республиканың автокөлік жолдарының апаттық қаупі жоғары бөліктерінде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін құрылған жол бойындағы медициналық-құтқару бекеттерін дамыту қарастырылған. Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының 237-238 км,
Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар «Самара – Шымкент» тас жолының 613-ші шақырымында қосымша екі медициналық-құтқару бекетін ашу қарастырылуда. Бүгінде Ресей, Беларусь мемлекеттерінің төтенше жағдайлардың алдын алу жəне зардаптарын жою саласындағы тəжірибелерін зерттеудеміз. Апаттар тəуекелін азайту мақсатындағы Сендай жиектік бағдарламасы аясында Қазақстанда тəуекелдерді басқару бойынша жұмысымызды жалғастыра түсуді жоспарлаудамыз. Сонымен қатар, бір мезетте Азаматтық қорғау органдарын дамытудың 2030 жылға
дейінгі тұжырымдамасын да жасап жатырмыз. Бұл құжатта дамудың бағыттары мен жай-жапсары анықталады. Хабарлау жүйесіне де айрықша
көңіл бөлудеміз. Бүгінде кейбір өңірлердегі хабарлау жүйесінің əбден тозығы жеткен, заманауи технологияларға сай келмейді. Осыған орай өңірлерді
дамыту аясында хабарлау жүйесін жаңарту жəне жетілдіру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мысалы, Алматы қаласында жəне Алматы облысында хабарлау жүйесі 100% жаңартылды. 2019–2024 жылдар аралығында Түркістан облысындағы хабарлау жүйесін жетілдіру жұмысы біртіндеп, кезең-кезеңімен жүргізілуде. Атап айтсақ, екі жылдың ішінде 268 электрлі дабыл орнатылды. Болашақта жергілікті бюджеттің есебінен Шымкент қаласына, Қызылорда жəне Шығыс Қазақстан облыстарына осындай электрлі дабылды көп мөлшерде сатып алып, орналастыру жоспарлануда. Жаңадан құрылған Өндірістік қауіпсіздік комитеті қауіпті өндірістік нысандарда жұмыс жүргізудің қыр-сыры мен ерекшеліктерін бүге-шігесіне дейін көрсетіп берген салалық ережелерді бекіту құзыретіне ие. Бұл, сөзсіз, өндірістік қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай көтеретін болады. Бұл мəселе жөніндегі заң жобасы бүгінде Парламенттің Мəжілісінің қарауына жіберілген. Құтқарушы бөлімшелердің материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі аса жоғары деңгейде емес (47%). Аталған мəселе республикалық жəне жергілікті бюджет есебінен кезең-кезеңімен заманауи құтқару техникасын сатып алу арқылы өз шешімін табуда. Сондай-ақ тікұшақ қызметін көрсетуші жалғыз оператор «Казавиаспас» АҚ үшін де əуе кемелерін біртіндеп сатып алып жатырмыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Н.ЖОРОВ,
А.АХМЕТОВА

Комментарий