Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ҚЫЛМЫСТЫҚ ТЕРІС ҚЫЛЫҚ БОЙЫНША АРНАЙЫ КОДЕКС КЕРЕК

2014 жылы қабылданған Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процессуалдық кодекс өзгертулер мен толықтырулардан көз ашпай келеді. Соның әсерінен қылмыстық, қылмыстықпроцессуалдық заңнамадағы кемшіліктер қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді қылмыстық қудалау органдарының тергеуі мен соттардың қарау мəселелерінің шешілуін одан əрі алшақтата түсуде. Мұндай кемшіліктердің бар екеніне 12 жəне 15 ақпанда Жоғарғы Сот пен Бас прокуратураның қатысуымен өткен кеңесте Мемлекет басшысы арнайы назар аударып қылмыстық жəне қылмыстық-процессуалдық заңнаманы жетілдіру бойынша нақты тапсырма жүктеген болатын.

Қолданыстағы қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық заңнамадағы кемшіліктер көбінесе қылмыстық заңға түзетулердің жүйесіз енгізілуі, көптеген жаңа өзгерістердің қылмыстық жəне əлеуметтік негізінің болмауы, заң шығару процесін ғылыми тұрғыда түсіндірудің жеткіліксіздігі, заң жобасына берілетін сарапшылардың бағалау жүйесінің болмауы, қоғамдық қарым-қатынастарды жетілдіру барысында қылмыстық қудалау ролінің артуы салдарынан орын алған.
Мысалы, қолданыстағы қылмыстық процесс жəне мұндағы тергеу, сот барысындағы былық-шылықтың болуы аясында қылмыстық теріс қылық
туралы істерді қылмыстық қудалау органдарының тергеуі мен соттардың қарауының тиімсіздігінің себебін ашып қарайтын болсақ, мынадай тəжірибе айқындалып шығады. Бұған дейін белгілі болғандай, «қылмыстық теріс қылық» деген түсінік енгізілгенге дейін қылмыстық-құқықтық сипаттағы ұсақ құқық бұзушылықтар əкімшілік санатына жатқызылатын жəне мұндай істер, ƏҚБтК қарастырылған ережелерге сəйкес, тез қаралатын жəне сот ешқандай басқалай құқықтық зардап шектірмейтін əкімшілік жазаға тарту туралы шешім шығаратын. Əкімшілік жазаға тартылғандарды қоғам да қылмысы мойындалғандар сияқты аса қатты жазғыра қоймайтын. Əкімшілік құқық бұзушылықтарды қылмыстық теріс қылық санатына
ауыстыру жəне оларға қатысты қылмыстық процесс принциптеріне сəйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізу, бір қарағанда, халықаралық стандарттардың талаптарына сай жəне адамның, азаматтың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету, оны негізсіз айыптаудан қорғауға бағытталған дұрыс қадам сияқты көрінеді. Өкінішке орай бұл саладағы заңнаманы реформалау тым қарапайым жүргізілген: қылмыстық теріс қылығы үшін ҚК пен ҚПК-тің барлық ережелерін автоматты түрде кеңейтіп, қылмыстық құқық пен криминология институттарын жəне принциптерін, басқа да субъективті факторларды ескерместен, Қылмыстық кодекстегі «қылмыс» сөзін «құқық бұзушылық» деп ауыстыра қою арқылы қылмыстық теріс қылығы үшін жауапкершілік институтын енгізе салған. Атап айтқанда, ҚК-гі қылмыстар мен қылмыстық теріс қылықтың жиынтығы, қылмыс пен қылмыстық теріс қылықтың жиынтығы бойынша ортақ қылмыстық жаза тағайындау нормаларын бекіту, қылмысқа шығарылған үкім мен қылмыстық теріс қылыққа шығарылған үкімнің жиынтығы бойынша ортақ қылмыстық жаза тағайындау, тағы басқалары ойланбай қабылданған шешім болып табылады. Қылмыстық заңның бұл ережелері қылмыс пен қылмыстық теріс қылық деген түсініктердің айырмашылығын жойып, қылмыстық теріс қылықты қылмыс түрі ретінде көрсетіп тұр.
Қылмыстық теріс қылық туралы істер бойынша сот өндірісі де қылмыстық істі тергеу мен қарауға жақындатылған. Сонымен, қылмыстық теріс қылық бойынша сотқа дейінгі тергеу (хаттамалық нысан) формальды түрде алдын ала тергеуден (жауап алу) бөлектенсе де, ҚПК қылмыс пен қылмыстық теріс қылық туралы істерді қосуды қарастырады жəне олар бойынша сотқа дейінгі тергеу əрі қарай жауап алу немесе алдын ала тергеу түрінде жүргізіледі. Осы жəне сотқа дейінгі тергеудің жалпы ережелерін қолдануға қатысты басқа да жағдайларға байланысты көп жағдайда қылмыстық теріс қылық туралы істер ұзақ тергеледі. Бұл өз кезегінде ұсақ құқық бұзушылықтар үшін шұғыл жауапкершілікке тарту туралы заңның мақсаттары мен маңызын төмендетуге, сондай-ақ тергеу жəне сотқа қатысты əуре-сарсаңға алып келеді. ҚК мен ҚПК-нің жоғарыдағы ережелерімен қолданыстағы қылмыстық теріс қылық үшін қылмыстық жауапкершілік институтын қоғам, жалпы алғанда, жазалаушы ретінде қабылдауда. Егер бұған дейін əкімшілік құқық бұзушылықтың айтарлықтай құқықтық салдары болмаса жəне қоғам бұл үшін аса жазғыра қоймаса, қазір сот үкімімен қылмыстық кінə ретіндегі дəл осы əрекет үшін қылмыстық сотты болып, ал жауапқа тартылған тұлға қылмыскер болып танылады. Құқықтық статистиканың сот үкімімен қылмыстық теріс қылық үшін сотталғандарды ескере отырып беретін ағымдағы есебінің жазалау сипаты басым. Тек 2019 жылдың өзінде 7 246 тұлға (бұл барлық 27 160 сотталғандардың 26,7%) сот үкімімен қылмыстық теріс қылық үшін сотталып, қылмыскер атанған, 2020 жылы бұл көрсеткіш 5 981 тұлғаны (бұл барлық 29 911 сотталғандардың 20%) құрады. Осыған байланысты аталған мəселе бойынша қылмыстық жəне қылмыстық-процессуалдық заңнамаға елеулі түзетулер енгізу ұсынылады. Айталық, қылмыстық теріс қылық бойынша сот өндірісі жекелеген нормалармен реттеліп, мынадай принциптер орнатылуы тиіс: қылмыстық теріс қылық үшін тұлға сот үкімімен сотталмайды, тек сот шешімімен жауапқа тартылып, қылмыстық жаза тағайындалмайды, қылмыстық жаза қолданылады; қылмыс пен қылмыстық теріс қылық туралы істерді қосуға жол берілмейді, қылмыстар мен қылмыстық теріс қылықтың жиынтығын, сондай-ақ қылмыс пен қылмыстық теріс қылықтың жиынтығы бойынша ортақ қылмыстық жаза тағайындауды алып тастау керек. Қылмыстық теріс қылық бойынша сотқа дейінгі тергеу (хаттамалық нысан) алдын ала тергеуден (жауап алу) бөлектенуі тиіс жəне неғұрлым қысқа мерзімде, мысалы, 3 тəуліктен көп емес, өндіріске алынуы керек. Сотта қаралуы да осылай тез жүргізіліп, қылмыстық жаза қолдану туралы сот шешімі материал түскен күні шығарылуы тиіс. Осы орайда құқық бұзушыларды қылмыстық кінə үшін сот үкімімен емес, сот қаулысымен қылмыстық жауапкершілікке тарту тұлға кінəлілігі заңды күшіне енген сот шешімімен дəлелденбейінше, қылмыс жасағаны үшін кінəсіз деп есептеледі деген Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасының талаптарына сай болады. (Көрсетілген конституциялық ереже сот үкімі тек қылмыстық істер бойынша ғана шығарылады дегенді білдіреді). Қылмыстық теріс қылық үшін жауапкершілікті реттейтін қолданыстағы заңнаманы жетілдіру нұсқасы ұсынылады, яғни материалдық жəне процессуалдық құқық нормалары бар бөлек Қылмыстық теріс қылық туралы Кодекс (ҚТҚтК) қабылдау керек. ҚТҚтК-де қылмыстық теріс қылық үшін жауапкершіліктің мақсаттарын, міндеттерін, түсініктері мен принциптерін айқындайтын жалпы нормалары, қылмыстық теріс қылық үшін жауапкершілікті қарастыратын баптар тізімі, сотқа дейінгі тергеудің процессуалдық тəртібі жəне осы санаттағы істердің соттағы өндірісі туралы нақты айтылуы тиіс.
Өмірсерік ҚОЖАБАЕВ,
«Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының отставкадағы
судьялары» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы

Комментарий