Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

МЕРДІГЕРГЕ ЖЕТКЕН ҚАРАЖАТ ЖОЛДАРҒА НЕГЕ ЖЕТПЕЙДІ?

Мемлекет республикадағы барлық жолдардың заманға сай жөнделіп, халықаралық стандартпен ел игілігіне еңбек етуіне жыл сайын қыруар қаражат бөледі. Алайда, қарапайым халық әлі күнге дейін бұл игіліктің нәтижесін көре алмай отыр.
Көктем мен күздегі жауыншашын мен қар суы бұл ахуалды тіпті ушықтыра түседі. Сметасы есептеліп, жергілікті билік тарапынан бөлінетін қаражат неге межелі жолдарға жетпейді? Мәселен, Ақтөбе облысында Ембі қаласының әкімі көшелерге тротуарлар мен су ағатын каналдар толықтай салынбаса да, мердігерге бюджет қаржысын аударып жіберген. Мұғалжар ауданында прокурорлар «Жұмыспен қамтудың 2020–2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылуына талдау жүргізді. Тексеру кезінде өңірде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кейбір
нысандарда кемшіліктер анықталды. Мәселен, Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай атқарылмаған жұмыс үшін мердігер компанияға мемлекеттің қаржысын аударып жіберген. Ол мұндай әрекетке қаржыны игеру үшін барған.
– Ембі қаласындағы Есет батыр, З.Бралов және Ж.Амиров көшелерінің бойында тротуарлар мен су ағатын каналдарды салуға 58 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Мердігерге жұмысты орындауға 2,4 ай уақыт берілген. Көп ұзамай әкімдік «KND Construction» ЖШСне 22 млн теңгеден астам қаржы аударған. Соңыра жұмыстарды қабылдау туралы актіде арық блоктарының 100% орнатылғаны көрсетіліп, тағы 3 млн 416 мың теңге аударылған. Алайда, 2020 жылдың шілде айында атқарылған жұмыстарды қарау барысында оның толығымен жүргізілмегендігі анықталды. Арық блоктары Есет батыр көшесінің бойында З.Бралов көшесінің қиылысынан бастап А.Құнанбаев көшесінің қиылысына дейін ғана орнатылған. Яғни, «KND Construction» ЖШС-і актіде көрсетілген жұмыстың тек 60%-ын ғана орындаған», – дейді прокурор.
Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай шілде айында А.Құнанбаев көшесі мен «Домат» дүкеніне дейінгі аралықтағы жұмыстың орындалмағанын мойындады. Өйткені, осы уақытта бұл аумаққа «Қазақтелеком» АҚ-ның кабельдерін орналастырыпты. Дегенмен ол дәлел ретінде прокурорларға ешқандай құжат ұсына алмаған.
Жансая ЕСМАҒАМБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий