Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

“Қарны тойған соң кетіп қалады”: Қазақстандық студент “чайка” қыздардың көбейгеніне алаңдаулы

Жігіттер кейбір қыздарды қарны тойған соң кетіп қалады деп айыптайды. Мұның себебі неде екені отандық бағдарламалардың бірінде айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Пендеміз ғой” бағдарламасына сілтеме жасап.

Бір кесе шай ішіп отырып, жігітпен танысып, сол адамның қаражатына тамақ ішіп, қарын тойдырып қашып кететін қыздар көбейіп бара жатыр дейді студент Шыңғыс Аман. “Чайка” қыздардан жалыққан жігіт мәселесін айтып ашынды. Клубқа жар іздеп баратын жігітті алдап соғып, ақшасына тамақ ішіп, қашып кететін қыздардың қатары көп екен.

Жігіт бірде достарымен клубта арнайы бөлмеде отырғанда қыздар өздері келіп, жігіттерге қосылған. Жігіттер ұялғандарынан қыздарға тамаққа тапсырыс берген. Артынша тамақ ішіп алып, жігіттер есептескенше бойжеткендер қашып кеткен екен.

“Соңғы кездері көп байқайтыным, қыздарымыз жігіттердің қалтасының қалыңдығына, мінген көлігіне көп назар аударатын сияқты. Бәріне топырақ шаша алмаймын. Бірақ қазіргі таңда қымбат ресторандарға барып, шығарып жібермеу үшін кішкене ғана тапсырыс беріп, кеш бойы сүзіліп отыратындары жанымды қынжылтады. Ер азаматтардың ақшасына қыдырып, ар-ұяттарын таптап жүргендері ұят тірлік”, – дейді Шыңғыс Аман.

Жас студенттің мәселесіне психолог та қосылды. Ол кісінің айтуынша, бастапқы кезде қызық көріп, қыздардың уақыт өте келе еті үйреніп кетеді екен.

“Өз бетімен жүрген қыздар отырып алып аңшылыққа шықпайды. Аңқау жігіттер қызық көреді, жалтақтап отырған қыздар пысық жігіттерге жоламайды. Бастапқы кезде тегін нәрсенің дәмін татып алады да қашып кетеді. Артынша сұранысы көбейеді. Олар жеңіл табыс жолын тауып алады, қалталы азаматтардың ойыншығына айналады”, –  дейді психолог Ғалияш Көптілеуқызы.

Дегенмен, журналист Лаура Қуанышқызы студенттің бұл сөзімен келіспейді. Оның өзінің болжамдары бар.

“Меніңше қыз балаға сыйлық жасау заңдылыққа айналуы тиіс. Қазір тіпті парасатты жігіттер азайып бара жатыр. Жатып алып диванда қыздарды сөгесіңдер. Мәселенің бәрі сыйлық сияқты ұсақ-түйектен басталады”, – дейді Лаура Қуанышқызы.

Үлкендер жігіттің өзін кінәлайды. Өйткені қызға тамақ алып беріп, одан ақы талап етудің өзі арсыздық деп біледі. Солардың бірі бір шаңырақтың отанасы Бақтыгүл Кәденова. Ол кісі жар іздесең клубқа барма деп сөкті студентті.

“Қазіргі заманда отбасын құру қыздарға қиын болып бара жатыр. Қыздар іздейді деп айтып отыр ғой. Неге іздемейді, ол болашақ ана, бала-шағасының ертеңін кімге тапсыратынын білгісі келеді. Қыздар азамат іздейді”, – Бақытгүл Кәденова.

Комментарий