Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

БАҚЫЛАУСЫЗ БАЛА БӘЛЕГЕ ҰРЫНАДЫ

МЕКТЕП ЖАСЫНДАҒЫ ЖАСӨСПІРІМ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚЫЛМЫС ЖАСАУЫНА НЕ СЕБЕП? ОЛАРДЫ МҰНДАЙ ІСКЕ ИТЕРМЕЛЕЙТІН НЕНДЕЙ ТЫЛСЫМ КҮШ? ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚЫЛМЫСЫ ҚОҒАМДАҒЫ ӨТКІР, ӘРІ КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕ ЕКЕНІ БЕЛГІЛІ.

Әлеуметтік желідегі сауалнамаға жауап бергендердің сексен пайызы жасөспірімдер арасындағы қылмыстың орын алуына ата-ананы кінәлі деп тапса, ал қалғандары мектеп мұғалімдері мен баланың араласатын ортасының кері әсері деген тұжырымға келіп отыр. Ересек адамдардың жасаған қылмысын, бала да жасай беретін болды. Бала кезінен осындай теріс жолға түскен жасөспірім, өскенде түзеліп кетуіне кім кепілдік береді?! Қылмыс жасап сотталған баланың, ертеңгі тағдыры қалай болмақ? Әр баланың психикасы әртүрлі. Біреуі бұл сынға шыдаса, енді бірі шыдай алмай өзіне қол жұмсауы да мүмкін. Қарап отырсақ, сан мыңдаған тағдыр да, есебі жоқ, ойға сыймайтын мәселелер де кездеседі. Жас жеткіншектерді қылмысқа итермелейтін әлеуметтік желідегі ойындар емес пе?
Психолог мамандарының сөзіне сүйенсек, бала осы виртуалды ойынның ішінде жүргендей күй кешеді екен. Ойын кейіпкерінің образынан шыға алмай қалатын жеткіншектер де болады. Әрине, осының салдары баланың психикасының бұзылуына әкеліп соғады. Өзіне қол жұмсаған жасөспірімдердің басым бөлігі осындай виртуалды ойындардың құрбаны екен. Сонымен қатар, ақпараттық заманда жасөспірімдердің әлі қалыптасып үлгермеген психикасына зорлық-зомбылыққа толы фильмдер, ойындар, түрлі ақпараттар да әсер ететінін мамандар жоққа шығармайды. Осы виртуалды ойындардың қол жетімді болуына тосқауыл жасай алмай отырғанымыз қынжылтады. Көпшілікті мазалаған бала қылмысы жайында көкейде жүрген сауалымызға жауап іздеп Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сауал жолдаған едік. Департамент қызметкерлерінің айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылып келеді екен. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, олардың жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғушылық, қорқыту, қоғамға қарсы іс-әрекетке тарту, қоғамдық орындарда, жолдарда және бейтаныс адамдармен қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын оқыту мақсатында жыл басынан бері мүдделі мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес ұйым бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе отырып көптеген шаралар ұйымдастырып келеді. Осындай шаралардың және алдын алу профилактикалық кеңестердің арқасында 2020 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар саны 26,2 пайызға, яғни 214-тен 158-ге төмендеген. Әрине, бұл қуантарлық жайт екені анық. Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қылмыстардың саны – 19,0%-ға немесе 189- дан 153-ге төмендеп отыр. Бұл көрсеткіш осы сала мамандарының тиісті жұмыс атқаруының нәтижесі десек артық айтқандығымыз болмас.
Сонымен қатар, қазіргі таңда негізгі алаңдатып отырған мәселе ол қылмыстарды бұрынғыдай жағдайы нашар отбасынан шыққан жасөспірімдер немесе толық емес отбасының балалары ғана жасамайды. Бір қынжылтатыны, толыққанды отбасының балалары да қылмысқа бой алдыруда.
Әрине, баланың шалыс басуына бірінші кезекте ата-ана кінәлі?! Десек те, өзінің отбасылық қамымен немесе күнкөрістің күйбеңімен қарбаласып жүрген әке мен ананың бала тәрбиесін мүлдем ұмытып кетуіне де болмайды. Қазақта жақсы сөз бар, «Балам үйде, қылығы түзде» деген. Үйде
отырған баланы да қадағаламаса, ойына келгенді жасары анық. ҚР ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің инспектор-психологы,
полиция капитаны Мақпал Оңдасынованың айтуынша қазіргі уақытта балалар арасындағы қылмыс ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. «Олар әртүрлі қылмыс жасайды. Атап айтар болсақ, вандализм, қатыгездік, ұрлық, тонау, қарақшылық, ұлтшылдық пропагандасы, зорлық-зомбылық, қоғамдық орындарда психотроптық немесе алкогольдік ішімдіктің кесірінен\ қылмыс орын алуы мүмкін. Мұның салдары бала тәрбиесіне аса қатты мән бергенімізде. «Бала тәрбиесі бесіктен» демекші, ең бірінші баланың отбасындағы тәрбиесіне аса қатты мән берген дұрыс. Ал, екіншіден ақпарат құралдарында көрсетілетін жантүршігерлік оқиғалар, сонымен қатар балаларға әлеуметтік желі де кері әсер етеді. Үшіншіден, баланың араласатын ортасы, достары да әсер ететіні анық. Сол үшін баланың бос уақытында немен шұғылданып, кімдермен араласатынына жіті мән берген дұрыс. Балалар арасында қылмыстың алдын алу және жол бермеу үшін бала тәрбиесін біз өзімізден бастауымыз керек. Ересек адамдар құқық бұзбай заңға бағынып, заңға қайшы келген адамның қандай қателікке ұшырайтынын баланың құлағына құйып отырғаны абзал. Балалар өте сезімтал және
оларға әсер ету оңай болғандықтан, оларға тұлға ретінде қарауымыз керек. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген өлеңін негізге ала отырып, жастарға сеніп, олардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етіп, өзіміз үлгі көрсетуіміз қажет», – деп психолог Мақпал Тоқашқызы ой бөлісті.
Мамандардың айтқаны рас. Қазіргі заманда ата-ананың жұмысбасты болып, балаларының тәрбиесіне қарауға мүмкіндігі де болмайды. Балалардың ермегі – ұялы телефон. Ғаламторды қарап отырып, әртүрлі және анайы қылмысқа толы фильмдерді көреді. Еріккен бала ғаламтордан көргенін жасайтыны анық. Немесе, көшеге шығып өзі секілді бос сенделіп жүрген балаларға қосылып ақшасы болса ойын залға барып, қалтасында қаржысы таусылса ұрлыққа бел буады. Достарынан қалмауға тырысып, қатарының алдында абыройлы болуы үшін қандай қылмысқа болса да барары анық. Сөйтіп, сол топтың айтқанымен жүруіне тура келеді. Оқушылардың бірін-бірі пышақтап, тапа-тал түсте оқ жаудыруы да жантүршігерлік оқиға. Мыңдаған оқушыны инспектор күндіз-түні күзетсе де, бақылауында ұстай алмасы белгілі. Дегенмен де, инспектордың мектеп өміріне араласқаны біраз қылмыстың алдын алатыны да анық. Сөзімді түйіндей келе, бала тәрбиесі ананың құрсағынан басталады. Баланы дүниеге алып келгеннен кейін оның тәрбиесі біздің басты назарымызда болуы қажет. Себебі, бала тәрбиесі керегі мен тамағын алып берумен шектелмейді. Балаға мейірім, жылылық, «айналайын» деген сөз де керек. Баланың күнделікті жасайтын ісінің күнтізбесі болғаны абзал. «Менің балама сөйледі» деп мұғалімді жерден алып, жерге салмайық, кеңес заманында мұғалімнің айтқаны заң еді. Білім нәрімен сусындатқан мұғалімдерді қараламай, аз да болса өзіміздің кінәмізді де мойындағанымыз жөн болар. Ешкім бетінен қақпай өскен жасөспірім бәлеге ұрынады.
Раушан НАРБЕК

Комментарий