Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ЭКОЛОГИЯ ЭКОНОМИКАНЫҢ КӨЛЕҢКЕСІНДЕ ҚАЛДЫ

Бүгінде әлемде адам аяғы баспаған құрлық қалған жоқ. Тау мен тасты, ой мен қырды, орман мен тоғайды тауысқан жұрттың біреуі әуестікпен, екіншісі, зерттеу жұмысымен, үшіншісі, атын шығару үшін мұз құрсауында жатқан Антарктидаға дейін сапар шеге бастады. Зерттеушілердің жазбаларына қарағанда бұл құрлыққа да климаттың өзгеруі өз әсерін қатты тигізіп жатыр. Мұз қабаты жұқарып, аумағы соңғы жүзжылдықта жылдам кішірейе бастаған.

Егер бұл қарқынмен жалғаса берсе мұхиттардың суы көтеріліп, жүздеген мың аралдар мен 5 құрлықтың біраз жері су астында қалу қаупі бар. Оған әлемдік қауымдастық дабыл қағып, сақтандырғанына қарамастан орман-тоғайдың оталуы мен түрлі көздер арқылы ауаға таралатын зиянды көмірқышқыл газының ғана емес, құрлықтан, судан өзге планеталарға ұшырылып жатқан ұшу аппараттарының да әсері мол. Зиянды заттардың көлемін азайтуға қатысты түрлі конвенция, келісімшарт талаптарын орындауда да әлі күнге дейін бүкіл адамзат бірауызды бола алмай жүр. Экологиялық ахуалды жақсартуда дамыған елдер мен дамушы және артта қалған өзге мемлекеттер арасындағы алшақтық азаймай отыр. Бұған «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегендей АҚШ, Қытай сияқты әлемдік ірі державалардың өзі бұл бағыттағы кейбір келісімдерді толық мойындамай отырғаны да өз әсерін тигізуде. Сондықтан 2008 жылы басталған қаржы дағдарысынан кейін «жасыл» экономиканың маңыздылығы бүкіл әлемде айқын сезіле бастады. Бұл әсіресе, бюджеттік түсімі шикізат экспортына тәуелді Қазақстанға қатты әсер етуде.

Тығырықтан шығар жол қайсы?
Қордаланған бірқатар проблемаларды шешуге жол ашатын жаңа Экологиялық кодекс жобасын Парламенттің жыл аяғына дейін қарап, қабылдауын мемлекет басшысы қатаң тапсырған. Сондай-ақ ол, биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн екенін айтып, 5 жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатынын жеткізді.

– Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек. Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық
акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн. Ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту – маңызды міндетіміз. Орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімі мейлінше «жасыл экономика» жағдайында ілгерілеуге тиіс. Сондықтан қазірдің өзінде көміртегінің үлесін барынша азайтуға бағыт ұстаған жөн. Үкіметке ғылыми қауыммен және жеке сектормен бірлесіп, «жасыл өсім» жөніндегі ұсыныстар жиынтығын әзірлеуді тапсырамын. Үкімет азаматтық сектормен бірлесіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі қажет. Жануарларға көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Ал бұл жағынан біздің жағдайымыз мәз емес, – деген Қ.Тоқаевтың сөзінен түйгеніміз жаңа кодекс тығырықтан шығар жолды сілтемек.

Экологиялық кодекс үмітті ақтай ма?
2 қаңтарда қабылданған жаңа Экологиялық кодекстің 1-бабында оның адам мен табиғаттың өзара іс-қимылы саласында жеке және заңды тұлғалардың қоршаған ортаға әсер ететін немесе әсер етуге қабілетті қызметті жүзеге асыруына байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтіні жазылған. 2-бапта Қазақстанның экология заңнамасы Конституцияға негізделетіні және осы кодекс пен өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұратыны, егер Қазақстан ратификациялаған халықаралық шартта осы кодексте қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады. Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттар, халықаралық шарттан оны қолдану үшін Қазақстанның заңнамалық актісін шығару талап етілетін жағдайларды қоспағанда, экологиялық қатынастарға тікелей қолданылады. Басқа ретте, экологиялық қатынастарды реттейтін нормаларды Қазақстанның басқа заңдарына енгізуге тыйым салынады. Кодекс пен экологиялық қатынастарды реттейтін нормалар қамтылған өзге де заңдар арасында қайшылық болған жағдайда, осы кодекстің ережелері қолданылады. Экологиялық қатынастар осы кодекстің нормаларында реттелмеген жағдайларда оларға Қазақстанның азаматтық заңнамасы қолданылатыны нақты көрсетілген. Бұл заңның қоғамның емес, жеке адамдардың ырқына жығылуына тосқауыл қояды деген үміт бар. Өйткені, өткен 90 жылдары басталып, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығына дейінгі кезеңде тау етегіндегі бау-бақшаның есепсіз оталып, қолында билігі, қалтасында ақшасы бар адамдардың
ұлттық парк аумағына да зәулім үйлер салып тастаған болатын. Тіпті кейбіреуі орман-тоғай, тау-дала демей жүздеген гектар жерлерді жекешелендіріп, айналасын қоршап, жеке қарауылдарын қоя бастады. Оның ішіндегі аң-құспен қатар өсімдіктер дүниесі де мемлекеттің емес, жеке адамның игілігіне айналуы қоғам мүшелері арасында түрлі наразылықтар тудырды. Сондықтан экология заңнамасының басты мақсаты бірыңғай мемлекеттік экологиялық саясатты іске асырудың құқықтық негіздерін, міндеттері мен қағидаттарын, сондай-ақ тетіктерін айқындау болып табылатын (3-бап) жаңа кодекс бұл дауға нүкте қояды деген үміт бар.

«Қызыл кітап» – тұмса табиғат қорғаны
«Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргізу қағидаларын бекiту туралы» ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 2 маусымдағы №734 Қаулысы бойынша:
«Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы (Қызыл кітап) Қазақстан аумағындағы өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерінің жай-күйі туралы мәліметтер жиынтығын, оларды зерттеу, қорғау, өсiмiн молайту және орнықты пайдалану жөнiндегi қажетті шараларды қамтитын сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлері тізбелерінің түрлі-түсті суреттерімен безендірілген басылымы болып табылады. Қызыл кiтап екi томнан тұрады: жануарлар (1-том) және өсiмдiктер (2-том). Әрбір том бiр кiтап немесе бiрнеше бөлiк (бөлiмдер топтары немесе жеке бөлiмдер бойынша) түрiнде шығарылады. Қызыл кітап он жылда бір рет кезеңділікпен қайта басылады». Бюджет қаржысы есебінен басылып шығуы тиіс Қызыл кітаптың 1999 жылдан бері елімізде жарық көрмей жатқанын, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлері толығып, құрып кету қаупі төнген түрлері азайғандықтан деуге болмайды. Мамандар көлемі қалыңдамаса жұқармай тұрған Қызыл кітап қажетті қаржының тапшылығынан шығарылмай тұрғанын айтуда. Бұл тұмса табиғатты қорғау ғана емес, ондағы өсімдіктер мен жан-жануарларды зерттеу жұмысының да жай-күйі анау айтқандай мәз болмай тұрғанының көрінісі деуге болады. Өйткені, марқұм этногороф Жағда Бабалықұлы бір сұхбатында тек Алматы облысының аумағында өсіп тұрған 10 мың өсімдік пен оның атауы туралы айтқан еді. Ал біздегі ресми мәліметтер де бүкіл Қазақстан бойынша оның саны он мыңға да жетпейді және ол сонау кеңестік дәуірде белгілі болғаны ғана. Одан кейінгі кезеңде бұл жұмысқа арнайы көңіл бөлініп, қажетті қаржы толық бөлінбегендіктен ғылыми-зерттеу институттарының оны анықтау, толықтыру жұмысы тасбақаның жүрісіндей боп тұр. Ал заңнамаға қаншама түзетулер жасалып, өзгерістер енгізілгенімен оңай олжа іздегендер өсімдіктерді де, өзге жан-жануарларды да дәрілік мақсатта пайдалану үшін шетелдіктер мен олардың серіктестерінің ұсынған қомақты қаржысы үшін кез келген әлі күнге дейін заңсыз жинап, аулап жатқанын бұқаралық ақпарат құралдары айтып та, жазып та, көрсетіп те жатыр. Бұл мәселені Мемлекет басшысы да, Парламент депутаттары да сан мәрте көтергенімен одан әзірге еш нәтиже болмай тұр.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий