Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар сараланды

Өткен аптада «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық Кеңес отырысы өтіп, онда облыс бойынша денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстардың жай-күйі қаралды. Отырыста осы бағыттағы атқарылған жұмыстар бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловтың есебі тыңдалды.
Кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев өңірдің денсаулық саласында сыбайлас жемқорлық мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей отырғанын тілге тиек етіп, басқармаға қарасты мекемелерде бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану мәселелерінің сыбайлас жемқорлыққа жол беріп отырған атап өтті. Одан бөлек, дәрілік затттарды шекті бағасынан жоғары бағада сатып алу, медициналық ұйымдар тарапынан тегін рецепттер жазып беру қағидаларын бұзу, балалар санатына жатпайтын науқастарды тегін медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету фактілері анықтағалғандығын ашып айтты.
Өз кезегінде басқарма басшысы С.Пазылов аталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті медициналық қызметкерлеріне бүгінгі таңда заңға сәйкес шаралар қолданылғанын жеткізді.
Кеңес мүшелері денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысты қатаң күшейту жөнінде, медициналық мекемелердегі ішкі аудит жұмысының төмен деңгейде екенін ескертіп, сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін анықтау бойынша жұмысқа аса мән беру қажеттілігін ұсынды.
Кеңес отырысына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің Превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Ғ. Әлімқұлова, Қызылорда облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ғ.Бәйменова, Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Д. Жаңабергеновалар қатысты.
Гүлбану МАҚАЖАН,
Қызылорда облысы.

Комментарий