Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Түзеу жұмыстары – жаза түрі

Түзеу жұмыстары – Кодексте көзделген шекте, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндіріп алу.

Түзеу жұмыстары еңбекке қабілетсіз деп танылған не тұрақты жұмысы жоқ немесе оқу орындарында өндірістен қол үзіп оқитын адамдарға тағайындалмайды. Түзеу жұмыстары сот үкіміне сәйкес жаза мөлшерін толық өтегенге дейін жәбірленушілерге өтемақы қорына жалақының (ақшалай үлестің) жиырмадан қырыққа дейінгі пайызын ай сайын аудара отырып, сотталған адамның негізгі жұмыс орны бойынша орындалады. Ұстап қалу негізгі жұмыс орны бойынша, сотталған адамға наразылықтардың бар-жоғына қарамастан, жалақы төлеу кезінде әрбір жұмыс істеген ай үшін атқарушылық құжаттар бойынша жалақысының барлық түрінен жүргізіледі.

Түзеу жұмыстарына сотталғандар сот үкімнің көшірмесімен бірге соттың тиісті өкімі пробация қызметіне келіп түскен күннен бастап он бес күндік мерзімнен кешіктірілмей жазаны өтеуге тартылады. Пробация қызметі сотталғандарды есепке алуды жүргiзедi;

сотталғандарға жазаны өтеу, сондай-ақ жазаның өтелуін бақылау тәртібі мен шарттарын түсіндіреді;

сотталғандардың жалақысынан ұстап қалудың дұрыстығы мен уақтылығын және ұстап қалынған сомалардың жәбірленушілерге өтемақы қорына аударылуын бақылауды жүзеге асырады;

сотталған адаммен айына бір рет профилактикалық әңгімелесу жүргізеді;

қажет болған кезде сотталғандарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыспен қамту орталықтарына жібереді;

жазасын өтеуден жалтару мақсатында жасырынып жүрген сотталған адамға қатысты бастапқы iздестiру iс-шараларын жүзеге асырады және сотқа iздестіруді жариялау туралы ұсыну енгiзедi.

Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеуден жалтарып жүрген не жұмысынан айырылған немесе еңбек шарты бұзылған күннен бастап үш ай бойы жұмысқа орналаспаған сотталған адамға қатысты пробация қызметі сотқа қылмыстық теріс қылық үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігін қоғамдық жұмыстарға тартумен не қамаққа алумен, ал қылмысы үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігін бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы ұсыну енгізеді.

Түзеу жұмыстарына сотталған адам:

Кодексте белгіленген жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын сақтауға;

айына бір рет пробация қызметіне профилактикалық әңгімелесуге қатысу үшін келуге;

пробация қызметіне жұмыс орнының және (немесе) тұрғылықты жерінің өзгергені туралы жазбаша хабар беруге міндетті.

Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу орнындағы ұйым әкімшілігінің міндеттері; сотталған адамның жалақысынан ұстап қалуды Жәбірленушілерге өтемақы қорына уақтылы аударуға, бұл жөнінде айына бір рет пробация қызметіне растайтын құжаттарды ұсынуға;

үш жұмыс күні ішінде пробация қызметін сотталған адамның жазасын өтеуден жалтаруы туралы хабардар етуге;

пробация қызметін сотталған адамның басқа лауазымға ауысуы немесе жұмыстан шығарылуы туралы алдын ала хабардар етуге міндетті.

Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу орнындағы ұйым әкімшілігінің осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттерді орындамауы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

ҚР ІІМ Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД

Мұғалжар аудандық №1 Пробация қызметі бөлімі

Комментарий