Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

АҚИҚАТ АЛАҢЫНДАҒЫ АЙЫМДАР

Сот жүйесінде еңбек етіп жүрген айымдар аз емес. Ал сол шоғырдың ішінде біліктілігімен көзге түсіп, соттың төрағалығы жүктелген қыз-келіншектердің табандылығына еріксіз таңқаласың. Аналар мерекесі қарсаңында еліміздің әр өңірінде тура төреліктің үлгісін көрсетіп жүрген осындай әйел төрағаларға бірнеше сауал жолдаған едік. Айымдарға жолданған сауал мынау:

1. Қыз-келіншектерге қазылық ету қаншалықты қиын?
2. Төраға болу сізге нені үйретті?
3. Әлі күнге дейін облыстық сот төрағалығына әйелдердің тағайындалмауына не себеп?

Лариса ШАМГУНОВА, Маңғыстау облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы
«Ең қиыны – ювеналды сотта жұмыс істеу»

1. Сырт көзге оңай көрінгенімен, әйел адамға судья болу, төрелік ету өте қиын. Сотта әділ төрелік етсек, ал үйде ас әзірлеп, балалардың тәрбиесімен айналысатын қарапайым әйелміз. Бір өкініштісі, жұмыста жүріп отбасы, балаларымен қарым-қатынасқа уақыт жеткізе алмайтынымыз жасырын емес. Соған қарамастан, балаларым мектепте үздік оқиды, жолдасым да барлық жақтан қолдау көрсетеді. Ең бастысы, мен бұл мамандықты таңдаған кезде қандай құрбандыққа баратынымды жақсы білдім.
2. Судьяға қойылатын талап күнделікті өмірде де, жұмыста да жоғары, қазы қай жағынан алсақ та мінсіз болуы тиіс. Ал, сот төрағасына жүктелген жауапкершілік одан екі есе артық. Төраға соттың барлық жұмысына жауап беріп, іс жүзінде азаматтарды қабылдап, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, бір сәтте бәріне үлгеру керек. Қызмет болғасын, қатаң талап та бар, бәсекелестік те бар. Осы уақытқа дейін Батыс Қазақстан облысында мамандандырылған әкімшілік сотта, одан кейін Бөрлі аудандық сотында сот төрағасы қызметін атқардым. 2017 жылы Маңғыстау облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына төраға болып тағайындалдым. Ең қиыны – ювеналды сотта жұмыс істеу. Өйткені, даудың көпшілігі – отбасы, балаға, жыныстық зорлық-зомбылыққа байланысты болады, мұның бәрі жүректе жазылмас із қалдырады. Екінші жағынан, біз мамандықтың беделі туралы айтқан кезде судьялардың беделін түсірмеуге тиіспіз.
3. Адам құқығының маңыздылығы – гендерлік теңдікпен өзектес. Нәзік жандылардың қоғам өміріне араласуы еңбек өнімділігі мен экономикалық өсімнің артуына алып келетіні дәлелденген. Бірақ, гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін көп нәрсе жасалуы керек. Еліміздің сот төрелігінде әйелдер басым болғанымен, ер адамдар басшылық қызметке жиі тағайындалады. Мұны адам баласының мансаптық өсуінің шыңы 35-45 жаста орын алатынымен түсіндіруге болады. Ер адамдар бұл жаста нағыз кемел шағына келіп, орнығып, отбасын құрып жайғасып алады. Ал әйелдер бұл жаста нағыз отбасылық қайнаған өмірдің ортасында жүреді. Еркектің бір міндеті болса, әйелдің алдында қырық міндет тұрады. Сонымен бірге нәзік жандылар кейбір мәселелерді шешуде әлсіздік танытса, кейбірі принципшіл келеді. Ал ер адамдармен ымыраға келу оңайырақ. Мүмкін, осы себептермен әйелдерге жоғары соттарда басшылық қызметке орналасу кедергі келтіретін шығар. Дегенмен, әйел еркектен жұмысты кем жасайды не төмен жасайды деген ой орынсыз.

Сәуле ТАНИМОВА, Ақтөбе облысы Ойыл аудандық сотының төрағасы «Мамандықты қабілетіңе қарай таңдаған дұрыс»

1. Мансапта жыныстық бөлінушілік болмайды. Мамандықты әркім қабілет-қарымына сай таңдағаны дұрыс. Судьялық лауазымға қатысты да осыны айтуға болады. Ең бірінші кезекте біз нәзік жанды айым емес, судьямыз! Сондықтан, әр істі санаға салып, заң мен арға сүйеніп шешу басты міндетіміз. Судьяның жұмысы өте ауыр әрі жауапты. Ауыртпашылық – көп томдық істерді талдап, ақиқатқа көз жеткізумен шектелмейді. Қазы жұмысындағы басты қиындық соңғы шешім қабылдауда.
2. Төрағалық мені үнемі ізденісте жүруге, сабырлы, иманды болуға үйретті. Ақтөбе облысы Ойыл аудандық сотында төраға қызметін 2017 жылдан бастап атқарып келемін. Бірінші рет төрағалыққа тәуекел еткен кезім де осы жыл. Ұжымға басшылық ету үлкен жауаптылықты, кәсіби біліктілікті талап етеді. Облыс орталығынан шалғай жерде орналасқан соттағы шағын ұжымым өте ұйымшыл. Судья болсын, сот қызметкері болсын, бір-бірінен ақыл-кеңесін, көмегін аямайды. Білгенін үйретіп, жақсы істерден үлгі алуға үндейді және барлық жаңашылдықтар мен өзгерістерді уақытылы қабылдап, заңдарды зерделеп, тиісінше қолданып келеді.
3. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабының 4-тармағына сай облыстық сот төрағасының бос лауазымына, әдетте, облыстық соттың судьялары немесе судья лауазымында кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар адамдар арасынан ұсыным жасалады. Бұл ретте әйел немесе ер адам болу керек деген шектеу жоқ. Әйел судьялардың арасында да облыстық соттың төрағасы қызметіне лайықты судьялар бар. Тек қыз-келіншектердің облыстық сотқа төраға болуға ниеті жоқ болар деп ойлаймын.

Нұргүл ЖӘНІБЕКОВА, Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті аудандық сотының төрағасы «Төраға болу – төрде отыру емес»

1. Көп мамандық арасында екі мамандық иесіне қателесуге құқығы жоқ! Оның бірі –дәрігер болса, екіншісі- судья! Өйткені екеуі де адам тағдырына жауапты. Сондықтан қазылықты таңдағандарда білімнен бөлек ұстамдылық пен байсалдылық, сезімталдық пен жауаптылық қасиеттері болуы тиіс. Әділдік пен туралық та судьяның беделін арттыратын қасиеттер. Ал дауға төрелік етіп, тура сөзді айту үшін ер-азамат болу шарт емес. Бұл қызметті нәзік жандылардың да өз деңгейінде атқаратынын сот тәжірибесі көрсетіп отыр. Қазыр сот құрамында қаншама қыз-келіншек судьялық етуде, сот мамандарының арасында да нәзік жандылар аз емес. Олар да болашағын қазылықпен байланыстырып жатады. Әрине, шешім қабылдағанда барлық іс жүректен өтетіні белгілі. Сот алаңында отбасылық кикілжіңнен бастап, қандықол қылмыскерлердің ісіне дейін таразыланады. Оның барлығы әйел
адамдарға ауыр титетіні рас. Дегенмен, шешім қабылдағанда сезімге орын жоқ. Бүгінге дейін тәжірибем маған осыны ұқтырды.
2. Төраға болу – төрде отыру емес. Оның қатардағы судьядан көп айырмашылығы да жоқ. Төрағаның төрелік етуден кейінгі негізгі мақсаты ұжымды ұйыта білуінде. Бір-бірінің кемшілігіне күйетін, бір- біріне жаны ашитын, бір – бірінен көмегін аямайтын ұжымды қалыптастыру білікті төрағаның ғана қолынын келеді.
3. «Әйелдің қырық жаны бар» дегенді бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Жүрек қалауы болса төрағалық ету талай қыз-келіншектердің де қолынан келеді деп ойлаймын. Аналар мерекесі қарсаңында бізге арнайы көңіл бөліп жатқан «Заң газетінің» ұжымына рақмет! Барлық нәзік жандыларды, соның ішінде, сот жүйесінде қызмет атқарып жүрген әріптестерімді «Халықаралық әйелдер күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық отбасылық бақыт, аналық махаббат, мейрім мен шуақ тілеймін.

Айгүл МАЛИКОВА, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының төрағасы «Табысты болу – отбасы қолдауына байланысты»
1. Қазылық ету қиын деп айта алмаймын, себебі бұл мамандықты өз қалауыммен таңдадым. Сондықтан жұмысқа қуанып келіп, тоқ көңілмен кетемін. Өз мамандығын сүйіп таңдағандар судьялықты бар жетістік, қиындығымен бірге қабылдайды деп ойлаймын. Қазы болу үлкен жауаптылықты қажет ететіндіктен, әйел адамның отбасына уақыты жете бермеуі мүмкін. Жолдасың, бала-шағаң, туған-туысың бар. Оларға көңіл бөлуге кейде мүмкіндік болмай жатады. Күрделі істерді қарағанда жұмыста түнге дейін отыруға тура келеді. Меніңше, сот алаңында жүрген әйелдердің табысты болуы отбасындағы қолдауға тікелей байланысты.
2. Төраға болудың жауаптылығы өте зор. Себебі судьялар сияқты іс қараудан бөлек, төрағаның ұйымдастырушылық жұмысқа көңіл бөлуі керек. Бірінші орында отбасым тұрғанымен, жұмысым келесі кезекте. Екеуін бір-бірімен тығыз байланыстырып, үйлестіруге мән беремін. Бұл қызмет мені белсенді болуға, бастамашылыққа, тапқырлық, батылдық пен дербестікке үйретті. Кез келген мәселеде тез шешім қабылдауға дағдыландым. Алдыма мақсат қойып, соған жету үшін тынбай еңбектенуге ынталандырды. Өйткені, барлық судья сізге қарап отырады. Сіз оларға барлық жағынан үлгі бола білуіңіз керек. Сонымен қатар, белгілі бір шешімдердің салдарын болжай білу, өз әрекеті үшін жауапкершілікті сезіну, жинақылық, сыртқы келбетке, ұқыптылыққа мән беру де маңызды.
3. Облыстық сот төрағалығына неге әйелдер ұмтылмайды? Бұл сұрақ төңірегінде осы күнге дейін ойланбаған екенмін. Дегенмен, біздің сот саласында білімді, табанды қыз-келіншектер өте көп. Биік мақсат қойған қыздар баршылық. Сондықтан, алдағы уақытта облыстық сотқа әйел төрағалардың келеріне сенемін.

Жанна НУСИПОВА, Алматы облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі №1 сотының төрағасы: «Арулардың істі пайымдауы өзгеше»

1. Қыздарға қазылық ету соншалықты қиын деп айтуға болмайды. Қай сала болмасын ол кәсіби құзыреттілікті талап етеді. Өзінің атқаратын жұмысын
жақсы білетін, өз мамандығын толық меңгерген адам қай салада болсын биікке жетеді. Әрине, қазақ қоғамында әйелдер билікке ұмтылмаған. Біздің
менталитетіміз, табиғатымыз сондай. Ерлерге арқа сүйейміз, азаматтардың алдын кесіп өткіміз келмейді. Дегенмен, сол тұстың өзінде Тұмардай
патшаның шығып, Гауһар, Назымдай аналарымыздың ерлермен қатар жауға шабуы қазақ қыздарының да осал еместігін айғақтаса керек. Бүгінгі күні заманауи мамандықтардың басында қыздардың жүргені ешкімге құпия емес. Судья болып, ел алғысына бөленіп жүрген қыз-келіншектер қаншама. Әділ қазылық ету менің кәсіби міндетім болғандықтан, барлық істерге объективті түрде қараймын. Қанша мықтымын дегенмен, алғашқы кездері қиналғаным рас. Әр істі жүрегіме жақын алып, өзімді ұмытып кеткен сәттерім көп болды. Нәзік жанды арулардың бәрібір пайымдауы ерлерге қарағанда өзгеше екенін білдім. Адам тағдырын шешу оңай емес. Ана болғандықтан балалардың тағдырына қатысты сот істеріне келгенде әрине, ақылыммен бірге жүрегімді де тыңдап, шешім шығаруға тырысамын.
2. Төраға болудың қиындығы өзгеше. Басқарып отырған соттың барлық жұмысының заңға сай ұйымдастырылуы мен атқарылуын қадағалау, үнемі қоғамдық ортада белсенділік танытып, байланыста болу, жағдайға сай кейбір мән-жайларды жедел түрде шешу менің төрағалық міндеттерім. Қазіргідей ақпараттық заманда жедел шешім қабылдап, өз бастамасына елді ілестіре алғандардың ғана жеңіске жететінін ұмытпауымыз керек.
3. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Облыстық соттар төрағасына әйелдердің талпынбауының өз себебі бар шығар. Негізі нәзік жандылардың конкурсқа қатысуына ешқандай тосқауыл жоқ. Дегенмен, тарихта ел басқарған әйелдер аз емес. Оның үстіне қазіргі таңда гендерлік саясаттың қолға алынуы болашақта сотта әйел адамның төрағалық етуіне негіз болады деп үміттенемін. Ол уақыт еншісіндегі шаруа.

Ботакоз БАЙМҰХАНОВА, Батыс Қазақстан облысы Сырым аудандық сотының төрағасы «Дайындықта қиын болса, ұрыста жеңіл»

1. Судья лауазымына лайықтылығын тексеру үшін барлық үміткер бірнеше сынақтан өтеді. Бүгінде судьялыққа іріктеу талаптары күшейтілген. Мұндай қатаң сынақты тек судья болуды алдына нақты мақсат етіп қойған, қиындықтан қорықпайтын, ізденуден талмайтын үміткерлер ғана еңсереді. «Дайындықта қиын болса, ұрыста жеңіл» дейтін қанатты сөз бар ғой. Сол секілді көп сатылы сынақтан сүрінбей өткен заңгерге судьялық міндетті талапқа сай атқарып, заңды шешім қабылдау қиындық туғызбайды деп ойлаймын.
2. Төрағаларға артылар міндет жоғары. Өйткені, төраға – өзі жетекшілік ететін соттың айнасы. Сол айнаға қарап өзгелер бет түзейді. Сондықтан, төраға болған судья ең алдымен өзінің іс-әрекетіне жауаптылықпен қарауы керек. Әр қадамын ойлап басуы тиіс. Ұжым жұмысы тапсырылған тұлғаның адамды тыңдай білуі, ұжымда жұмыс істей алуы маңызды. Осы тұрғыдан алғанда төраға болудың бізге берері көп.
3.Облыстық соттың төраға лауазымына лайықты, осы мәртебелі қызметті сапалы атқара алатын білікті, парасатты әріптестеріміз аз емес. Ал енді мұндай қызметке қадам басу – әркімнің өз қалауы. Тәжірибем жеткілікті, үлкен ұжымды басқара аламын деп өзіне сенімді болатын қыз-келіншектер төраға болуға ниеттенсе, ешкім кедергі келтірмесі анық.

Әлия ТҮБЕКБАЕВА, Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының төрағасы «Билік айту оңай, біліп айту қиын»

1. Қазақ ха лқында «Билік айту оңай, біліп айту қиын» деген сөз бар. Менің ойымша, билік айту судьяның жынысына байланысты емес. Себебі, әрбір істің артында адамның тағдыры, болашағы тұр. Сондықтан заң шеңберінде ғана емес, әділдік, адамгершілік, парасаттылық тұрғысынан қазылық ету әрбір судьяның міндеті деп білемін. Дегенмен, әйелдің заты нәзік болғандықтан, әрбір іс бойынша тараптың орнына өзіңді қойып, істің мән-жайын
ой елегінен өткізіп, екі тарапқа да нұқсан келтірмейтіндей дауды шешуге бар-ынта жігеріңді саласың. Кейде жекелеген істерді шешуде тығырыққа тірелетінің соншалықты, түнгі ұйқыңнан шырт оянғанда есіңе түседі. Бұл да әйел судьялардың сезімталдығы, өз өндірісіне түскен істі шешудегі жауапкершілігі деп ойлаймын.
2. Төраға болу ең бірінші сенің ұжым алдындағы жауапкершілігің, командада жұмыс істеу, ұжымды өзіңнің артыңнан ерте білу, оларға үлгі болу, қажет кезінде қамқорлық танытып, сондай-ақ олардан жұмысты талап ете білу. Сот жүйесінің аудандағы өкілі ретінде соттың имиджін қалыптастыру, сотқа
деген халықтың сенімін арттыру, өз аумағыңда сот төрелігінің қалыпты жүзеге асырылуы мен әділдіктің салтанат құруына үлесіңді қосу. Осы орайда айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өзіңе талап қою және кәсіби шеберлігіңді ұдайы арттырып отыру. Бізден кейінгі жас ұрпақтың алдыңғы буын ағаларға қарап бой түзейтінін ескеріп, елге адал қызмет ету арқылы артыңа із қалдыру.
3. Заң бойынша облыстық сот төрағасы немесе аудандық сот төрағасы қызметіне кандидаттардың жынысына қатысты талап белгіленбеген, яғни, қыз-келіншектердің төраға болуына заңмен тыйым салынбаған. Бұл дегеніміз, ер азамат болсын, қыз-келіншек болсын, егер заңда белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда аудандық немесе облыстық сот төрағасы қызметіне тағайындала алады. Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақытта республикамыздың түкпір-түкпірінде ер азаматтармен қатар әйелдер де аудандық сот төрағалығы, облыстық сот алқасының төрағалығының ауыр жүгін өздерінің нәзік иығымен көтеріп, жемісті еңбек етуде. Ендеше олар облыстық сот төрағасы қызметін де абыроймен атқаратынына сенім мол. Дегенмен, облыстық сот төрағасы болып әйел судьялардың тағайындалмауы – ол біздің қазаққа тән менталитетімізден деп ойлаймын. Біз әйелдің орны – отбасы, ошақ қасы, оның міндеті – бала тәрбиелеу деген ұғыммен өскен халықпыз. Сол себепті де ат үстінде жүрген әйел судьялар мансапты кейінгі орынға қойып, өзінің ошағын түтетіп, шаңырақтың ұйытқысы мен берекесі ретінде отбасына қызмет етуді қалайды деп санаймын.

Комментарий