Жаңалықтар | НовостиЭкономика

РАУШАН ГҮЛІНЕ ЖҰМСАЛАТЫН ҚАРЖЫ – 1 МИЛЛИОН ДОЛЛАР

Өзге елдер секілді, Қазақстанда да жыл сайын әйелдердің Халықаралық мерекесі қарсаңында қалалар мен ірі елді мекендердің бәрінде гүл саудасы қызады. Бұл кезде бір емес, бірнеше күн бойы арнайы орындардан бөлек, базарлар мен көше бойындағы жайма базарлардан раушан мен қызғалдақтың түр-түрін көруге болады.
Анасына, әйеліне, қызына, қалыңдығына, әріптесіне, құрбысына деген сияқты әркім өзіне ұнайтын жанға гүл сыйлап, көңілін көтеруге барын салады. Сондай-ақ гүл патшасы ретінде көбінің таңдауы раушанға ауатыны да жасырын емес. Біз осыған орай арнайы Ұлттық статистика бюросының ресми
деректеріне көз жүгірткен едік. Карантин жағдайына қарамастан, өткен жылы Қазақстан көршілес елдерге 40,5 мың доллардың 12,6 тонна раушан гүлін сатса, өзі алыс-жақын 9 мемлекеттен 1 млн 69 мың долларға 108,4 тонна раушан гүлін сатып әкелген. Яғни экспорт пен импорттың арасындағы айырма 8,6 есе болып отыр. Қарапайым адамды бұл сандар онша қызықтырмауы мүмкін, бірақ 1 млн доллардан астам қаржының едеуір бөлігі жұмсалатын бұл мерекеден кейін сатып алынған гүлдің 2-3 күннен кейін еш кәдеге жарамай, әр жерде шашылып жататынын бәріміз жылда көріп
жүрсек те, одан еш түйін шығара алмай жүрміз. Қоқыс салатын контейнерлерде ғана емес, подъездердің алдындағы жәшіктерден бастап, аулаларда, арықтарда үйіліп жататын гүл шоқтарын жинап, оны пайдалы іске жаратуда әзірге дәрменсізбіз. Дегенмен, кейбір тұрғындар сабағы кесілмеген және арнайы ыдыстарда өсірілген гүлдерді сыйлауға тырысып жүргенін де байқауға болады. Бірақ олардың үлесі әлі де төмен. Мамандар үзілген гүлді лақтыруға асықпай, сабағын кесіп, суға не құнарлы топыраққа көму арқылы қайта өсіруге болатынын айтып жүргенімен, оған құлақ асушылар да көп болмай тұр. Сондықтан мереке кезінде біреуге гүл сыйлағыңыз келсе, бұл қуаныштың ғұмыры бір күндік қана болып қалмауын естен шығармаған жөн шығар.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий