Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

АНАСЫ ЖАҚСЫ ҚАНДАЙ-ДЫ…

Қазақ танымында аса құдіретті, өте қадірлі «тектілік» дейтін ұғым бар. Адам бойындағы тұлғалық қасиеттерді оятатын тектіліктің атаның қаны, ананың сүтімен дарып, сүйекке бітетін асыл қасиет екені анық. Филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, ғалым Омар Жəлелұлының пайымдауынша, тектің берілуі жағынан əйел адамның маңызы өте зор екен. Атам қазақ та «Алып анадан туады», «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деген мақалдарды тегін айтпаса керек. Көгілдір көктемнің алғашқы лебімен жеткен əйелдердің халықаралық мерекесі күні қарсаңында əділет майданында, ақиқат жолында талмай еңбек етіп жүрген сот төрағаларынан аналары туралы айтуын өтінген едік. Төрағаларды тəрбиелеп өсірген аналардың асыл қасиеттері мен бала тəрбиесіндегі ұстанымдары, өмірге азық болар ақыл-кеңестері туралы бауыр еті балаларының жүректерін жарып шыққан ой-пікірлерін оқырман назарына ұсынамыз.

Нұржан ҚАРАБАЕВ, Алматы қаласы Алатау аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы: ТЕКТІЛІКТІҢ ТӘБӘРІГІ

Ананың ризашылығын алған, ананың алғысына бөленген бала бақытты. Себебі, жұмақтың кілті ананың табанының астында демей ме? Біз үшін түн ұйқысын төрт бөліп, тәрбиелі ұрпақ өсіруді өмірінің мәніне айналдырған ата-анамыздың орны әрқашан бөлек. Әкем Ерубай мен анам Шарипаның мейірім мен шуаққа шомылған шаңырағында бес бала өстік. Ата-анамның өзара сыйластығы, бір-біріне деген құрметі керемет еді. Айтарын қабағымен ұқтырып, жанарымен жеткізетін үлкендердің терең ұстанымына кейде таңғаласың. Менің анам «Балаң хан болсын десең, күйеуіңді патшадай күт» деген тәмсілмен отағасын пір тұтқан данышпан әйел. Ерінің атына кір келтірмеуді, сөз тигізбеуді мақсат еткен ол бізге ойын зекіп, ұрсып емес, ақылмен жеткізетін. Баланың тілінде сөйлеп, ұл-қызының ойындағысын айтқызбай ұғатын бір жан болса, ол – анам. Қазір анамыз сексеннен асты. Өзі өсірген ұрпақтан 12 немере, 9 шөбере көрген бақытты әже. Қара шаңырақтың ырыс-құты болып, төрімізді толтырып отырғанына шүкір етеміз. Бар ғұмырын біздің болашағымызға арнаған анамызды қуантқымыз, жүзін нұрға бөлегіміз келеді. Сол себепті әр жыл сайын 8 наурызда анамның туған күнінде қара шаңыраққа жиналу әдемі дәстүрімізге айналған. Балаларын айналып-толғанып, немере-шөберелерін бауырына қысқан анамыздың сол сәттегі қуанышты жүзін көру біз үшін үлкен мәртебе. Өмірден көргені мен түйгені көп анамыз әулеттің алтын қазынасы іспеттес.
Қазақ ырымшыл халық. Жақсылыққа қашан да жаны құмар. Содан болар, қамқор ана, адал жар, жанашыр жан бола білген анамыздың жасы мен жолын берсін деп тілек айтатындар аз емес. Ақ батасын алып, ақ жаулығын ырымдап сұрайтындарда да есеп жоқ. Өнегелі өмірі үлгі болсын деген ниетпен анамыздың 80 жасын осыдан бірнеше жыл бұрын ерекше атап өткен едік. Немере-шөберелерінің ортасында, тектіліктің тәбәрігіндей
болған анамыздың сол сәттегі тебіренісін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Көпшіліктің есепсіз құрметіне бөленген анамыздың жанарынан сол сәтте өткенге шүкір айтып, тәубә етіп тұрғанын аңғарғандай болғанбыз. Бұған қоса, бар ғұмыры от басы, ошақ қасында өткен анамызды екі рет Меккеге апарып, қасиетті мекенге табанын тигізудің сәті түсті. Жетпіс жылда бір келетін үлкен қажылыққа бару да анамыздың маңдайына жазылғаны қуантады. Балалары үшін бұл да бір бақыт. Міне, сұлу көктемнің жаршысындай болып әйелдер мерекесі келе жатыр. Барлық аналарды, қыздарды әдемі мейраммен шын жүректен құттықтаймын! Қазақтың барша аруларына ақ тілегі алғаусыз орындалған өз анамның жолын берсін!

 

Раушангүл БАЙЖҰМАНОВА, Шығыс Қазақстан облысының №2 кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: ӘУЛЕТТІҢ БЕРЕКЕСІ

Биыл біздің отбасымыз үшін мерейлі жыл болмақ. Өйткені менің ардақты әкем Байжұманов Зәки 85 жасқа, аяулы анам Байжұманова Кəкіш Мырзағұмарқызы 75 жасқа, ал екеуінің отау құрып, шаңырақ көтергендеріне 55 жыл толады. Алты баланы дүниеге əкеліп, тəрбиелеп өсірген ата-анам – бүгінде төрт ұл, екі қызынан өрбіген 16 немере мен 6 шөберенің қызығына бөленіп отырған бақытты ата-əже.
Əке-шешем қарапайым отбасынан шыққан. Мал шаруашылығын дамытуға үлес қосып, ұзақ жылдар шопандықты кәсіп еткен жандар. Біздің адам болып қалыптасуымыз осы кісілердің арқасында. Анам өте сабырлы, үлкен əулетіміздің берекесін кіргізіп отырған, он саусағынан өнері тамған ісмер адам. Қыздарының, немерелерінің жасауын өзі дайындап берді. Қолы ашық, дастарқаны берекелі, өте қонақжай, ұлттық тағамның түр-түрін дайындайды, тіпті бұл жағынан жас қыз-келіншектерге шеберлік сағатын өткізсе де болады. Көп сөзге жоқ, айтқанын орындайды, тазалықты сүйеді. «Əке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, анамызға қарап бой түзеп өстік. Өзіміз көрген асыл қасиеттерін бойымызға сіңіруге тырыстық. Балаларының құлағына «Біреудің ала жібін аттама», «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді құя отырып, өтірік айтпауға, бастаған ісін аяғына жеткізуге, айтқан сөзін орындауға үйретті.

Асланбек ДЮСИНГАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық сотының төрағасы: АДАЛДЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ

Менің анам Дюсингалиева Салтанат Тасқалиқызы 68 жаста. Батыс Қазақстан облысы Қазталов аудандық кітапханасында табан аудармастан 38
жыл қызмет етті. Еңбек жолын қарапайым кітапханашы болып бастап, директор лауазымына дейін көтеріліп, сол жерден зейнетке шықты. Отбасында бір ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірді, оқып, білім алуына бар жағдайын жасады. Анамның бойындағы тектілік, қарапайымдылық, кішіпейілділік, ұяңдылық, инабаттылық сияқты асыл қасиеттерін жоғары бағалаймын. Саналы ғұмырында қанағат пен шүкіршілік етуді өмірлік ұстанымы санаған анам перзенттеріне асқар таудай әкемізді сыйлауды үйретуден, əулетке, отбасына, ата-анаға кір келтіретін әрекеттерге бармауды айтып отырудан еш жалыққан емес. Қай жерде жүрсем де, қандай қызметте болсам да, аяулы анашымның «Адам бол, кішіпейілдік таныт және иманыңды сақта»,
Азамат деген атыңа кір келтірме» деген сөздерін əрдайым есімде сақтап, жадымнан шығармаймын.

Комментарий