Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЖаңалықтар | Новости

«ЕҢ ЖАҚСЫ МОТИВАЦИЯМ – БАЛАЛАРЫМ»

Ақнұр Жұмабаева, Халықаралық құқық қорғау орталығының Алматы қаласындағы медиация орталығының жетекшісі, көп балалы ана:

– Қызметте мықты әйел, үйде көп балалы ана, қамқор жар, қоғамда іскер ханым болу оңай ма?

– Әрине, көп балалы ана бола отырып, өз кәсібін жүргізу оңай деп айта алмаймын. Бірақ, адам өз-өзіне нақты мақсат қойып, көзделген жолдан ауытқымаса, және қандай да бір қиындықтарға төзімді болса мақсатына жетеді деп ойлаймын. Және қоғамда белсенді болу үшін іс-әрекетін алдын ала жоспарлау да көп көмектеседі. Оның үстіне, қазір қыздарым да өсіп қалды. Менің бес қызым бар ғой. Үлкендері маған көп көмекші, қолғанат болып жүр.

– Отбасыңыз туралы айтып беріңізші…

– Менің жолдасым үйдің жалғыз еркесі болғандықтан, кішкентай кезінен үлкен отбасы болуды армандайтын. Сондықтан, қандай да бір қиындықтар туындаса да, төзімділік танытып, көп балалы отбасы болуды қалап, өзіміз үшін саналы түрде шешім қабылдадық. Жолдасым – тіс дәрігері. Ал мен қазір заң саласында кәсіби медиатор, сарапшы мен бағалаушы болып жұмыс жасаймын. Байқап отырсам әр баламен жаңа кәсіп ашып, өзімнің кәсіби қызметімнің ауқымын кеңейтіп келеді екенмін. Яғни «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген сөзді ата-бабамыз бекер айтпағанына көз жеткізуге болады. Өзімнің екі жоғарғы білімім бар – заңгерлік және экономика саласында, сосын экономика саласының магистрімін. Сондықтан, мақсат пен жігер болса – бәріне қол жеткізуге болады деп санаймын. Балаларыма келсек, 3 ұл мен 5 қызым бар. Үлкенім Заңғар 20 жаста, одан соң Ғазиза 17 жаста, Кәмила 15 жаста, Малика 13 жаста, Санжар 11 жаста, Жәңгір 8 жаста, Данеля 4 жаста,  кішкентайымыз Хадиша 2 жаста.

Медиация арқылы қаралатын істер қатары артып келеді. Жалпы отбасылық кикілжіңдерде медиация жүйесі қаншалықты сәтті жүзеге асып жатыр?

  • Отбасылық медиацияны қолдануда ерлі зайыптыларды ажырасудан сақтап қалу мен үшін үлкен жетістік деп санаймын. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға және сол салада «Берекелі шаңырақ» атты жобаны жүзеге асыруға бел будым. Карантин салдарынан ерлі-зайыптылар бір бірінің мінез құлқына шыдай алмай, қоғамдағы қалыптасқан ахуал психологиялық, материалдық тұрғыдан ауыр тиіп, зорлық-зомбылыққа тап болған қыз келіншектер аз емес. Соның  салдарынан өткен жылы ажырасулар да көбейіп кетті. Пандемия кезінде бәріміз үйден шықпай отырғандықтан, көп ойлануға уақыт болды. Сол кезде – қызметтің бірнеше бағытын таңдау алдында болдым, және карантин кезінде отбасыммен бірге тәулік бойы үйде болып, барлық басымдықтарды қайта қарастырып, қайта бағалайтындай мүмкіндік туды. Сонда көзімнің жеткені өмірдегі ең құнды нәрсе – отбасы. Мен отбасы институтын нығайтуға және әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған қызмет саласын таңдадым және кәсіби медиациямен айналысамын деп шештім. Отбасылық және тұрмыстық кикілжіңдерде медиация өте сәтті және тиімді жүйе деп айтар едім. Себебі, медиация рәсімі негізгі бес қағидаға табан тірейді. Ол тараптардың еріктілігі мен теңдігі, медиация рәсімінің құпиялығы және де медиацияға араласпау қағидасы, медиатордың бейтараптылығы. Сондықтан, отбасында орын алған кез-келген кикілжіңдер туралы ақпарат еш жерде таратылмайды да, медиация тараптары қарастырылған дау туралы тіс жармауы тиіс. Медиацияда тек ғана татуластыру мақсаты ғана емес, оған қоса отбасылық қатынастарды нығайтуға бағытталған, жастарды отбасында берік және үйлесімді қатынастар орнатуға бағытталған моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттауға бағытталған іс-шаралар өткіземіз. Жұмыс барысында біз отбасылық проблемалары және олардың негізгі түрткі болған себебін анықтау, кикілжіңдік жағдайды талдау мақсатында сауалнама жүргізу және отбасының психологиялық портретін құру, отбасылық құндылықтар бойынша және де жастарға отбасы бақыты мен әл-ауқатының негіздерін, саналы және жауапкершілікті ата-ана болуды, отбасында сау үйлесімді қарым-қатынас құруға және қоғамның қуатты, бақытты жасушасын құруға бағытталған тренингттер мен семинарлар өткіземіз. Отбасылық медиацияның мақсаты – қоғамдағы отбасылық құндылықтарды танымал ету, отбасының қоғамдағы рөлін арттыру, саналы ана, әке және балалық шақ пен отбасылық қолдауды қамтамасыз етуге негізделген. Мен Халықаралық құқық қорғау орталығының Алматы қаласындағы медиация орталығының жетекшісімін, Алматы қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі мен Қоғамдық кеңестің сарапшысымын. Сондықтан өз басым, көп балалы ана болғандықтан отбасыларды, әсіресе ортақ балалары бар отбасыларды, ажырасудан сақтап қалу және де отбасыларда кездесетін келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында жұмыс атқарып, үлесімді қосуға әрқашан дайын екенімді сезіндім. Сондықтан осы жолды таңдадым.
  • Елімізде аналарға жасалып жатқан жағдайды жеткілікті деп санайсыз ба? Алтын алқалы ана ретінде қандай жеңілдіктерді пайдаланасыз?
  • Елімізде аналар үшін жасалып жатқан игі іс-шаралар аз емес. Мысалы, көпбалалы аналарға 2020 жылдың қаңтар айынан бастап, ешқандай шартсыз түрде, әр балаға 11 мың теңге шамасында жәрдемақы тағайындалып төленіп жатыр. Және мүлдем жұмыс жасамаған аналарға да баланы дүниеге әкелгенде, ай сайын бала күтіміне арналған, бала 1 жасқа толғанша тұрақты төлемдер бекітілген. Одан бөлек, мектеп тарапынан жағдайы төмен отбасы балаларына киім-кешек және де мектепке қажетті заттар алуына жалпы білім беру қорынан ақшалай қаражат беріледі. Жақында Күміс және Алтын алқа иегерлеріне қоғамдық көлікте тегін жүруіне мумкіндік берілді. Оған қоса, көпбалалы жанұялар үшін балабақшаға екінші баладан бастап тегін баруына жағдай жасалуда. Көпбалалы жанұяларға арналған «Бақытты отбасы» атты несие бағдарламасы да бар. Мұның бәрі айтарлықтай көмек. Дегенмен, жалғызбасты аналардың қиын жағдайын ерекше атап өту керек. Балаларына сот шешімімен бекітілген алиментті де ала алмай, ешкімге тәуелді болмай, жұмысқа шығайын десе, екіге толмаған сәбиімен қызметке араласа алмай материалдық тұрғыдан қиналып отырған жалғызбасты аналар да бар. Сол себепті елімізде Үкімет тарапынан алименттік қор ашылса, аналардың жағдайы дұрысталар еді. Еш нәрсеге алаңдамай ай сайын балаларына арналған алиментті алып,  сол қаржыға балаларына қажетті заттар мен киім кешек, тағам алып, баласының тәрбиесімен алаңсыз айналысып отырар еді. Сондықтан қоғам жалғыз басты аналарға қамқор болуды ұмытпаса екен деймін.

–        2015 жылы Президентпен кездескен санаулы әйелдің бірісіз.  Өзіңіз заңгер, өзіңіз экономист, сурет салып, тігіншілік өнерден де құралақан емес екенсіз.  2011 жылы «Қазақстан ханшайымы» байқауында бірінші орын алған, одан соң 23 мемлекеттің ару аналары қатысқан халықаралық жарыста «Әлем патшайымы» атағын иеленген жан ретінде айтыңызшы, осының бәріне қалай үлгересіз? Елімізде қыз келіншектерге мотивация болар не айтар едіңіз?

– Кішкентай кезімнен жанжақты ізденімпаз бала болып өстім. Ата-анам менің барлық бастамаларымды қолдайтын, соның арқасында өз-өзіме деген сенім, өз өзімді жоғары бағалау жақсы қалыптасқан секілді.  Сөйтіп, «мүмкін емес, орындалмайтын мақсаттар жоқ» деген ұстаныммен, «кез келген бағытта жеңіс пен жетістікке жетуге мүмкіндік бар» деген ұғым менің өмірлік ұраныма айналды. Соның көмегімен ешқандай қиындықтардан мойымайтын болдым. Аналарға арналған сайысқа да қызушылық танытып қатыстым, бірақ жүлделі орынға ие боламын деп  ойламаппын. Сондықтан, бала тәрбиесіне аса мән беріп, оларды жан жақты етіп өсіру керек деп ойлаймын. Мен үшін ең жақсы мотивация менің балаларым.  

– Қоғамда нені өзгерткіңіз келеді?

– Сегіз баланың анасы болғандықтан, әрине мен балаларымның жарқын болашағын тілеймін. Сол үшін қоғамда қатыгездікті, немқұрайдылықты, зорлық пен зомбылықты, зұлымдықты жою – әр адамның қолынан келеді деп сенемін. Барша қоғам осы бағытта әрекет етсе екен деймін. Егер  адамдар кез-келген зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік танытса, және бір-біріне деген әлеуметтік ынтымақтастықты нығайтып қамқорлық танытса, сонда жарқын бақытты қоғамда өмір сүрер едік.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Комментарий