Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

АЛЫП САТАРЛАР МЕМЛЕКЕТТІК ТЕНДЕРГЕ ҚАТЫСА АЛМАЙДЫ

Еліміздің экономикалық құрылымының төртінші бөлігін құрайтын өнеркәсіптің дамуы бүгінде кенжелеп тұр. Соңғы он жылдың бедерінде бұл саланы алға жылжытып, тиімділігін арттыру үшін біраз шаруа атқарылып, қыруар қаржы жұмсалғаны белгілі. Тек қана индустрияландыру картасы аясында 38,6 млрд АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылыпты.
Алайда, соған қарамастан Қазақстанның жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі соңғы 5 жылда бір деңгейде шамамен 11 – 12 пайыз көлемінде қалып отыр. Бұл отандық өңдеуші өнеркәсіпті қолдау үшін мемлекет көрсететін шаралардың барынша тиімді болуы қажеттігін көрсететін фактор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында бұл мәселенің себебі ретінде жүйеліліктің, біртұтас тәсілдің жетіспеуі салдарынан ресурстардың тым көп жобаларға шашылып кетуін атап көрсеткен болатын. Осы кемшіліктерден арылып, саланы аяғынан тұрғызу үшін арнайы «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң жобасын дайындауды және жобаларды жүзеге асыру мерзімінде заңнамалық тұрақтылықтың сақталуын тапсырған еді. Сонымен қатар, заңда отандық бизнесті қолдау мен ынталандырудың нақты шаралары, пәрменді тетіктері көзделуі керек деген міндет қойды.Өткен жұмада Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік саясатын заңнамалық реттеу: жай-күйі, проблемалары және шешу жолдары» деген тақырыппен Үкімет сағатында осы мәселе әңгіме өзегіне айналып, жанжақты талқыланды. Сенат төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, қазіргі таңда әлемнің 66 елі, 10 аймағы, 102 қаласы 2050 жылы көміртектен сырт қалуға міндеттеніп отыр екен. Осыған байланысты Қазақстан да өнеркәсіп саласындағы өз басымдықтарын айқындауы қажет. Өкінішке орай, еліміз үшін шикі мұнай өндіру экономикамыздың инвестициялық тартымды саласы болуда. Бүгінгі таңда Қазақстанның Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сынды мұнай-газ жобаларындағы шетелдік инвестицияның көлемі 80 пайызға тең. Еуразия экономикалық комиссиясының соңғы бес жылдағы мәліметі бойынша ЕАЭО елдерінде өндіріс қуатын пайдалану 70 пайыз болса, Қазақстанда оның деңгейі 60 пайыздан аспай отыр. Сыртқа шығаратын өнім көлемі
де аз. Қазақстан бүгінде 180 тауар түрін экспорттайды. Ал бұл көрсеткіш Ресейде – 358, Беларусьте – 690, Қытайда – 1400. Мұның бәрі өндірісті жоғары экономикалық күрделі индексті жаңа тауар түрлерімен кеңейтуді қажет етеді.Өңдеу саласындағы қазіргі жағдай негізгі қордың елеулі деңгейде тозуы, шикізат базасының әлсіздігі және өнім шығару нарығының тарлығы, отандық тауарлардың бәсекеге қабілетінің төмендігі, ішкі нарықтың арзан, сапасыз тауардан тиімді қорғалмауының салдары. Жиында сөз алған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өз кезегінде өндіріске қатысатындардың түгелдей бәсекеге қабілетті болуына жағдай туғызу қажеттігін айтты. Осы тұрғыда заң жобасына экономикалық, әкімшілік, құқықтық, институционалдық тағы басқа жағдайларды қамтитын индустриалды ахуал түсінігі енгізілмек. Сөз алған сенаторлар алыпсатарларға мемлекеттік сатып алуларға қатысуға заңнамалық тыйым салуды ұсынды. Отандық өнімді жеткізу мүмкіндігін өндірушілердің өздеріне беру қажет деді. Бұл мемлекеттік сатып алу шарттарына делдалдар-алыпсатарлар қатыса алмайды, ал ақша тікелей өндірушілерге түседі деген сөз. Осындай шара тікелей өнім өндірушілерді қолдаумен қатар мемлекеттік бюджет шығындарын азайтуға да мүмкіндік береді. Тізбектен шығаруға ұсынылған делдалдар өнім өндірмейді, тек оны сатады. Сол себепті тауар бағасы өсіп кетеді. Сонымен қатар сенаторлар өнеркәсіп орындары өндіріске салынатын инвестиция көлемін көбейткен жағдайда, оларға салықтық жеңілдіктер беру мерзімін де ұзарту керек деп есептейді.
Жалпы, жиында халық қалаулылары тарапынан заң жобасына қатысты 20-ға жуық ұсыныс айтылды. Олардың ішінде минералды шикізаттық саясаттан өңдеуші саясатқа көшуді анықтау, өнеркәсіптік саясаттың міндеттерінің тізбесіне экспортқа бағдарланған және жоғары технологиялық
өнім өндіру үшін жағдайлар жасауды енгізу, өнеркәсіптік саясат қағидаттарының тізбесіне тауарларды бөлініс сатылары бойынша сыныптауды енгізу сынды тағы да басқа саланың тиімділігін арттыруға бағытталған мәселелер қамтылды.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий