Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

БИЛІКТЕГІ ӘЙЕЛДЕР

ҚАЗАҚСТАНДА ӘЗІРГЕ МЕМЛЕКЕТ ПЕН ҮКІМЕТ БАСҚАРҒАН АДАМДАРДЫҢ ТІЗІМІНДЕ БІРДЕ-БІР ӘЙЕЛДІҢ АТЫ-ЖӨНІ ЖОҚ. ТЕК 2019 ЖЫЛҒЫ ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУДА «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ АТЫНАН ҰСЫНЫЛҒАН БІРІНШІ КАНДИДАТ РЕТІНДЕ ДАНИЯ ЕСПАЕВАНЫҢ ЕСІМІ ҒАНА ТАРИХҚА ЖАЗЫЛДЫ.

Тәуелсіздік шежіресіне көз жүгіртсек Қазақстанда 30 жылда Мемлекет басшысы – 2, Үкімет басшысы – 11 рет өзгерген. Осыған қарамастан мемлекеттік биліктің жоғарғы атқару органындағы әйелдер үлесінде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Мәселен, 1991–1994 жылдары Сергей Терещенко Үкіметті басқарған кезде З.Қадырова әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігіндегі жетекшілігін 1992 жылдың ақпанына дейін жалғастырып, одан кейін Халықты әлеуметтік қамтамасыз ету министрі қызметін атқарған жалғыз әйел болды. Әкежан Қажыгелдиннің (1994–1997) премьерлігі кезінде Б. Әйтімова Жастар ісі, туризм және спорт министрлігін (1994–1996), Н.Коржова (1996–1997) Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарды. Билік тізгіні Нұрлан Балғымбаевқа (1997–1999) тиген кезде Н.Коржова өз қызметін жалғастырып, А.Самақова 1999 жылы ҚР Президенті жанындағы отбасы істері және әйелдер ұлттық комиссиясының министр-төрайымы болды. Үкіметті Қасым-Жомарт Тоқаев (1999–2002) басқарғанда А.Самақова өз қызметін жалғастырып, М.Омарова Денсаулық сақтау істері агенттігін (1999–2000), Г.Қарағұсова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне (2001–2002) жетекшілік жасады. Иманғали Тасмағамбетов (2002– 2003) билік басында тұрғанда Г.Қарағұсова өз қызметін жалғастырып, А.Самақова Қоршаған ортаны қорғау министрі болды. Үкімет тізгіні Даниал Ахметовке (2003–2007) тиген кезде А.Самақова мен Г.Қарағұсова өз орнын сақтап қалды. Ал З.Балиева 2005 жылдан Әділет министрлігін, Б. Әйтімова 2006 жылдан Білім және ғылым; Н.Коржова Қаржы министрі атанды. Кәрім Мәсімов бірінші рет (2007–2012) үкімет басына келгенде С.Қайырбекова 2010 жылдан Денсаулық сақтау, Г.Әбдіқалықова 2009 жылдан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін, Ж.Айтжанова 2010–2011 жылдары Экономикалық даму және сауда, ал 2011 жылдан Экономикалық ықпалдастық министрлігінің жетекшісі атанды. Серік Ахметовтің (2012–2014) премьерлігі кезінде С.Қайырбекова мен Ж.Айтжанова өз орнын сақтап, Т.Дүйсенова 2014 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы атанды. Кәрім Мәсімов (2014–2016) екінші рет үкімет басына келгенде Ж.Айтжанова мен Т.Дүйсенова өз орнын сақтаса, С.Қайырбекова министрліктегі қызметін (2014) көп атқарған жоқ. Ал Бақытжан Сағынтаев (2016–2019) Үкіметті басқарғанда ел үкіметінде Т.Дүйсенова 2017 жылға дейін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігін, 2017–2018 жылдары Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігін басқарды. Одан кейін бұл қызметті М.Әбілқасымова жалғастырды. Асқар Мәмин (2019 жылдан) Премьер-Министр болған кезде К.Шәмшидинова 5 ай Білім және ғылым министрі атанып, А.Райымқұлова Мәдениет және спорт министрлігінің, ал А.Балаева 2020 жылдың мамырынан бастап Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тізгінін ұстады. Яғни 30 жыл бұрын 34 министрдің біреуі ғана әйел болса, қазіргі таңда 18 министрдің екеуі ғана әйел. Сондай-ақ
Ақпарат және қоғамдық даму; Ауыл шаруашылығы; Сыртқы істер; Ішкі істер; Қорғаныс; Экология, геология және табиғи ресурстар; Төтенше жағдайлар; Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріндегі орынбасарлардың бәрі ер адамдар. Сауда және интеграция (6), Денсаулық сақтау; Бiлiм және ғылым (5), Әділет (4) министрліктері аппаратындағылардың екеуі әйел. Индустрия және инфрақұрылымдық даму (7), Энергетика (6); Ұлттық экономика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау (5), Қаржы (4) министрліктер аппараттарындағылардың біреуі ғана әйел. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттіктерінің; Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің басшылары мен ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі әйелдер. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл; Бәсекелестікті қорғау және дамыту; Стратегиялық жоспарлау және реформалар; Қаржылық мониторинг агенттіктері мен ҚР Мемлекеттік күзет қызметі; Бас Прокуратура, Жоғарғы Сот төрағалары ер адамдар. ҚР Жоғары Сот Кеңесінің 11 мүшесінің төртеуі әйел. Бұдан бөлек 3 қала мен 14 облыстың тізгінін ұстаған әкімдердің тек біреуі (Қызылорда) ғана әйел. Олардың тапсырмасын орындап, жұмысын жеңілдететін орынбасарлардың ішінде де әйелдердің үлесі төмен. Мысалы, орынбасарлардың Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Қостанай, Маңғыстау облыстарында біреуі, Атырау мен Павлодар облыстарында екеуі ғана әйел болса, өзге 11 аймақта орынбасардың бәрі ер адамдар.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий