Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

«ҚҰТЫДАҒЫ ҚУАНЫШ»

Бүгінгі күні әрбір алтыншы отбасында бөбектің былдыры, сылдырмақтың сылдыры естілмейді. Өйткені, бедеулік пен белсіздік бас ауруға айналып, он мыңға жуық әйел табиғи жолмен бала көтере алмайтындардың тізімінде тұр.
Осылай деген Президент «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Енді бала сүю бақытын сарыла күткендерге экстракорпоралдық ұрықтандыруға арналған квота жеті есеге ұлғайды. Бедеулікті емдеу мүмкін еместей көретін кешегі күн артта қалды. Бүгін медицина барлық мүмкіндікті қолданып, амалы таусылған талай жанның арманын орындап, мыңдаған шаңырақты шаттыққа бөлеп келеді. Алайда қыруар қаржы тұратын «құтыдағы бақыттың» бал дәмін сезіну үшін сарыла кезегін күтетіндер көп. Кейбір кездері келіп болмайтын кезектен жүйкесі жұқарған жас отбасылардың жолы екіге айырылады.

Арманына жеткен аяулым
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Аяулым сегіз жылдан кейін көрген бақытты сәтін сөзбен жеткізе алмаса да, квота алудың қиындығын бір кісідей біледі. Баланың жоқтығынан шаңырағымыз шайқалып, жолымыз екі айырылып кете жаздады. Әйел болған соң ана атанғым келді, ал күйеуім тезірек ұрпақ сүюді армандады. Бастапқы жылдары бұл мәселеге бас қатырмайтын біздің бес жылдан кейін бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Елдегі емшілердің барлығын түгендеп, ең мықты деген дәрігерлердің қабылдауына кірдік. Бала сүю бақыты он пайыз екенін естігенде, жолдасыма ажырасуға ұсыныс тастадым. Ол түбегейлі қарсы болды. Бала асырап алсақ деген ойымыз да болды. ЭКҰ процедурасына квотаға кезекке тұру үшін біраз тер төктік десек болады. Екі жылдан кейін кезегіміз келді. Қазір Айсұлтан атты ұлымыз бар. Біз секілді балалы болғысы келгендерге темірдей төзім тілеймін», – дейді Аяулым. Қазір ерлі-зайыптылар екінші рет кезекке тұрудың қамына ерте кіріскен.

Төртінші талпыныс
Тұңғышын табиғи жолмен көтерген Балым он жылдан кейін екіншісіне аяғы ауыр. «Бірінші балам үшке келгенде екіншісін көтеруді жоспарладым. Тұрғылықты жердің емханасында ұзақ емделдім. Қаламыздағы мықты дәрігерлерге қаралып, қыруар қаржы да жұмсадым. Ешбір нәтиже болмаған соң, жолдасым екеуіміз ақылдасып, Алматы қаласындағы репродуктивті медицина институтының мамандарынан кеңес алдық. Ол жердегі маман табиғи жолмен балалы болудың мен үшін мүмкін емес екенін ескертіп, жасанды ұрықтандыру жасату туралы ұсыныс жасады. ЭКҰ процедурасын алу
үшін толық тексеруден өтіп, кариотип қан сараптамасын тапсырдық. Бұл адамның генетикасын, хромосомаларының ауру не сау екенін білуге арналған сынақ. Нәтижесінде мәселе менде емес, жолдасымнан екенін білдік. Түрлі сараптамалар мен гормондарды ретке келтіруге, пункция, эмбрионды қондыру жұмыстарына төрт ай жүгірдік», – дейді сол кездегі қиындықтарын күрсіне есіне алған Балым. Бір емес, бірнеше талпыныстан
соң ғана құрсақ көтерген ол: «Бірінші рет жасатқанда бар жиған-тергенімізді бердік. Өйткені, ақылы ЭКҰ аз ақша емес. Гармоналдық дәрілерден бастап анализдерді тапсырудың өзіне біраз ақша кетеді. Түрлі дәрумендер қабылдау тағы бар. Барлығын қосқанда 1 миллионнан астам ақша кетті. Мәселе, ақшада емес, ұрықтандырудың сәтсіз болғандығы жаныңа батады. Бір жылдан соң туыс-туғандар ақша жинап, бауырларымыздың қолдауының арқасында екінші рет жасаттық. Ол кезде де уақыт пен қаржымызды бір шақалақ үшін сарп еттік. Бірақ, ол кезде де бала көтере алмадым. Отбасымыздағы кішкентай реніштің соңы айғай-шуға ұласатын. Күйеуім екеуміздің де депрессияға түскен кезіміз көп болды. Психологиялық орталықтарға жүгініп, үлкендердің жол көрсетіп, ақыл-кеңесіне құлақ асуымыздың арқасында бар қиындық артта қалды. Жасанды ұрықтандыруға ақша таппай жүргенде, квотаның кезегі келгенін естіп төбеміз көкке көтерілді. Алайда қуанышымыз көпке ұзамады. Өйткені, үшіншіміз де сәтсіз болды. Бауырлардан да қашанғы көмек болсын, әркімнің өз өмірі бар. Барымызға қанағат етейік дедік. Бірақ, баламызға бауыр керек болды. Астымыздағы көлікті сатып, жетпегенін ата-енемізден алдық. Төртіншісіне тәуекел еттік. Аллаға шүкір, төртінші талпынысымыз текке кетпеген
екен. Қазір тәп-тәтті баламыздың қылығына тоймай отырмыз», – дейді.

2 миллиондық бақыт
Тұрмыс құрған соң балалы болып, ана атанғысы келген Перизат Әлірахымованың да арманы он жылдан кейін орындалыпты. Алғашқы жүктілігі жатыр сыртында біткендіктен дәрігерлер бір трубасын алып тастауына тура келген. Кейін екінші трубасын да алып тастаған мамандардан табиғи жолмен бала көтерудің мүмкіндігі аз екендігін естіген ерлі-зайыптылар ЭКҰ жасату үшін квота кезегіне тұрған. Алайда емхана әкімшілігінің қателігінен бірінші рет тегін квотаға ілінбей қалғандықтан, олар екіншісінде 2017 жылы қайтадан квота кезегіне жазылған. Ұзақ күттірген тегін квота тек осы жылдың басында бір-ақ келіпті. Ол кезде Перизат перзентін қолына алып, аңсаған арманына қол жеткізген. «Биыл қаңтарда кезегіміз келгенін айтты. Төрт жыл дегенде келген квотамыз күйіп кетті. Өйткені, ол кезде өз қалтамыздан қаржы шығарып, «Нұрай» клиникасында жасанды ұрықтандыру жасаттық. Дәрігерім Анар Жоламанқызына алғысымыз шексіз. Басаяғы 2 миллионға жуық ақша шығардық. Сөйтіп он жыл сарыла күткен баламды қолыма алдым. Сол кездегі сәтімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мүмкін, кезегім ерте келгенде қыруар қаржы шығарып ақылы қызметке жүгінбес едім. Дегенмен, барлығына шүкіршілік қыламын. Бұйырса, екінші рет квота алуға үміт көп. Өйткені, биылдан бастап жаңа бағдарлама бойынша 7 мың квота бөлініп жатыр екен», – дейді Перизат Қойшыбайқызы.

Тізім дұрыс жасалуы керек
Кейіпкерлеріміз секілді қаржы тапшылығынан тегін квотаның кезегінде тұрған мыңдаған отбасы бар. Сарыла күткен квотадан бірінші мүмкіндік сәтсіз шықса, тауы шағылатын ерлі-зайыптылар жетерлік. Сондықтан квотаны жеті есеге дейін көбейту туралы ұсыныс ұрпақ сүюге үміттілерге қуаныш сыйлады. Бұл жаңалық болашақ ата-аналарды ғана емес, репродуктолог дәрігерлерді де қуантты. Дегенмен, бедеулік мәселесімен айналысып жүргеніне 32 жыл, оның ішінде экстракорпоралды ұрықтандыру әдісімен 25 жылдан бері айналысып келе жатқан репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова тегін квотаның тізімін дұрыс жасамаса, бала сүю бақытын аңсағандардың үміті аяқ асты болуы мүмкін екенін айтады. «Ең басты мәселе – елімізде бедеуліктің тізілімі жоқ. «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асырмас бұрын көмекке мұқтаж отбасылардың санын анықтап алу қажет. Бала сүйе алмай жүрген отбасылардың нақты статистикасы жоқ. Оны тіркейтін мемлекеттік орган да құрылмаған. Қоғамда бала сүю бақытына жете алмай жүрген жұптар қаншама?! Сондықтан бағдарламаны жүзеге асырмас бұрын бедеулік пен белсіздік статистикасын жасап алу маңызды. Нақты деректер жоқтықтан әрбір 6-шы отбасы перзентке зар болып жүреді, жалпы, отбасылардың 15-20% осындай қиындықтармен бетпе-бет кездеседі деген халықаралық статистиканы айтамыз. Рас, мұндай деректердің нақтыланбауының өзіндік себебі бар. Бедеулік өмірге тікелей қауіп төндіретін, аз уақытта емделетін ауру болмағандықтан осы уақытқа дейін статистикасы жасалмады. Оның үстіне емделушілер бірнеше дәрігерге, мемлекеттік немесе жекеменшік мекемелерге қаралады. Сол себепті науқас туралы ақпараттар бір жерге жинақталмайды. Елдегі бедеуліктің масштабы да белгісіз. Алдымен осыдан бастау керек. «Бедеуліктің жол картасын әзірлеп, әрбір жұпты цифрлық технологиялар арқылы ортақ базаға енгізу керек» деп министрлікке ұсыныс жасағанбыз. Мәселенің шынайы көлемі қандай екенін білгеннен кейін мемлекеттік бағдарламаны толықтыруға болады. Маман ретінде осы бағдарламаның арқасында квота кезегінде тұрған мыңдаған әйелдің 60-70%-на көмек көрсетуге болады», – дейді Салтанат Байқошқарова.

Квота кімге беріледі?
Бір квотаға үкіметтен 1 млн теңге шамасында қаржы бөлінеді. Оның жартысы медициналық технологияға, жартысы дәрі-дәрмекке жұмсалады. Сондықтан мамандар экстрокорпоральды ұрықтандыруға бала сүю мүмкіндігі жоғары жұптарды алуға мәжбүр. Ондай отбасылардың өзі нәтижелі және нәтижесіз болып бөлінеді екен. «Нәтижелі топқа аналық ұрығы бар әйел, аталық ұрығы бар ер адам жатады. Егер оларда ұрық болмаса, әрине, нәтиже болмайды. Біз маман ретінде болжам жасап, бұл жұптың бала сүю көрсеткіштеріне қараймыз. Мемлекеттік квотаның сұрауы қатты болғандықтан нәтижесіз топтағы адамды ЭКҰ-ға ала алмаймыз. Онда ақшаны желге шашқандай боламыз. Меніңше, нәтижесіз топқа да мүмкіндік беру керек. Жасы 40- тан асқан отбасылардың мүмкіндігі аз. Сондықтан оларға сақтандыру аясында мүмкіндік беру керек. Олар нәтижелі топқа жатпайды. Алдын ала маман ретінде барлығын қараймыз. Мүмкіндіктерін бірден айтамыз. Мұндай жұптардың мүмкіндіктері 10-15%. Квотаның ережесі бойынша біз оларды ала алмаймыз. Мемлекет оларға ең болмаса жылына бір рет міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі аясында мүмкіндік берсе деймін. Мәселен, Ресейде сақтандыру жүйесі іске қосылған кезде әрбір әйел жылына бір рет ЭКҰ жасау мүмкіндігіне ие болды. Ол жерде жасы мен нәтиже тобы маңызды емес, барлығына мүмкіндік береді. Қазір Ресейде жылына екі рет ЭКҰ және 3 рет крио-цикл (қатырылған эмбрионды жібіту арқылы экстрокорпоральды ұрықтандыру) жасауға болады», – дейді репродуктолог-эмбриолог. Бұдан бөлек, мамандар 35 жасқа дейінгі келіншек бір жылдың ішінде жүкті болмаса, ал 35-тен асқандар жарты жылдың ішінде бала көтере алмаса, уақыт оздырмай репродуктолог-дәрігерге жүгінген жөн деп отыр. «Әр адамның ағзасы әртүрлі. Бедеуліктің себебі анықталғаннан кейін ғана емдеу тәсілі таңдалады. Көпшілігіне қабыну процестерін емдеу, гормондық стимуляция, кей кезде жатырішілік инсеминация, кейде ота жасалады», – дейді сарапшы. Квота әділ бөліну үшін барлығы электронды түрде жүзеге асуы керек. Қазір елімізде ЭКҰ-ға квота беру бойынша біркелкі кезек жоқ. Әр облыстың Денсаулық сақтау департаменті арқылы тізім жасап, жолдаманы бөледі. Ол көбінесе қағаз жүзінде жасалатын тізім. Ал қағазға жазылған тізімді білесіздер. Жасыратыны жоқ, таныстар арқылы өтіп келдік деп жататын жағдайлар да баршылық. Бұл жерде жемқорлықты жойып, квотаны шынайы әрі әділ бөлу үшін барлығын электронды түрде жасау керек. Барлық тізімдегі адамдар қанша орын алдыға жылжығанын, кімнен кейін тұрғанын көріп отыруы керек. Тек сонда ғана барлығы әділ болады. Бұған қоса, әрбір адамға ЭКҰ жасататын мекемені өзі таңдайтындай мүмкіндік беру керек», – дейді Салтанат Байқошқарова.

Аңсап күткен сәбиін қолына алып, ұрпақ сүю бақытына бөленген ата-анада арман жоқ. Өйткені, бақыттың бастысы – бала сүю. Осындай бақытты сезінуге мүмкіндік берген бағдарламаның соңы сиырқұйымшақтанып кетпесе екен дейсің. Ал мамандар бедеулік пен белсіздікке шалдықпау үшін ішімдік пен есірткіден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Болашақ аналарға ар-ұятын сақтап, ерте жастан жасанды түсік жасатудан аулақ болу керектігін айтады. Өйткені, ЭКҰ жасатуға жүгінетін әйелдердің 70-80% бұрын жасанды жолмен түсік тастағандар.
Жадыра МҮСІЛІМ

Комментарий