Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

АНАЛАРДЫҢ ҚАЙРАТКЕР БОЛМАСҚА АМАЛЫ ҚАЛМАДЫ

Ана, әйел, ару. Әлемдегі күллі әдемілікті осы сөздер еншілеп тұрғандай. Тілегі де, тілеуі де түзу. Алайда, қай кезеңді, қандай жағдайды алып қарасақ та, ауыр артиллерия секілді барлық қиындықтың алдыңғы шебінде аналардың жүргенін көреміз. Бүгінгі жағдайдағы ананың, әйелдің образы тіпті бөлек. «Бізді аштықтан, дағдарыстан, босып кетуден, гастербайтерлік өмірден аман алып қалған осы қазақ әйелдерінің жанкештілігі» дейтін ағынан жарылулар да ер азаматтардың аузынан тегіннен-тегін айтылмайды. Және бұл сөз барлық кезеңде өзінің өзектілігін жойған жоқ. Яғни, қазақ әйелінің қанатымен су сепкен қарлығаштай қарманып келе жатқан қайраткер бейнесі қай кезең, қай ғасырға болса да ортақ. Бұл ақиқаттың біз әдемілікке, сұлулыққа, нәзіктікке теңейтін ана бейнесін көз алдымызда аласарта беретіні өкінішті.

Мереке қарсаңында әйел жайлы, ана жайлы қалай толғансақ та артық емес. Ендеше, әрқайсысымызға етене жақын, осындай аяулы бейнелеріміздің қалай аласарып, қалай шарасыз қайраткерге айналғанының себебіне үңіліп көрейікші. Дамыған заманда, жаһандық өркениет есігінде тұрғанда қазақ әйелінің образы әлеуметтік жәрдемақыларды сұрап, алақан жайған мүсәпір, шарасыздың бейнесінде қалыптаспауы керек еді. Немесе ол жәутеңкөз боп жалданып ауыр еңбектің, азапты еңбектің соңында еңбектеп жүрмеуі керек. Ащы ақиқат қазақтың қызын, әйелін, анасын қатал қалалар мен қарлы борандарда безек қақтырды. Мереке қарсаңында «әлемді тербейтін – Ана, Ана – біздің барымыз, нарымыз» деген әдемі әңгімелерге бәріміздің сенгіміз келеді. Бірақ әйнектің ар жағындағы ақиқат басқа. Ол бізді әдемі, көркем дүниелерден суырып алып, алаңдарда, әкімдіктердің есігінде шырылдап жүрген аналарға қарай лақтырады. Мұндай жағдайдың ортасында отырып сіз «нәзік жаратылыс иесі» дейтін пафосты сөзді қалай айтар едіңіз? Себебі, арқа сүйер азаматынан бала-шағасын асырауға деген ниетті, қала берді азаматтық жауапкершілікті көрмейтін шарасыз көңілдер билік беретін жалпылама уәдеге қалай жұбансын?! Бүгін ашынған аналар санын жүзбен емес, мыңмен өлшеуге болады. Осыдан кейін ана аяулы ғана емес, алпауыт күш иесі дейміз. Өйткені, үзілуге шақ тұрса да үміттерін ешқашан үзбейтін аналардың қайраткер болудан басқа амалы қайсы?Қоғамдағы ер-азаматтардың жауапкершілігін әлсіреткен не кұдірет? Көпбалалы аналардың көлеңкесінде өмір сүріп жатқан азаматтардың адами өлшемі қандай? Баласының бойындағы кемістігі үшін жарынан теріс айналатын ерлердің теңеуі не? Отбасындағы адами, азаматтық институттардың әлсіреуі бүгінгі қоғамдағы адам сапасының нашарлауына, азаматтық мінездің, ұстанымның осылай төмендеуіне себепкер болды. Перзент алдындағы, ана, әйел, ару алдындағы парыз бен қарызға айтылған ауыр да анық теңеу – масыл, намыссыз, жатыпішер секілді түсініктерге алмастырылғаны өкініш.

ЖАЗУШЫ КӨЗІМЕН
Жадыра ШАМҰРАТ, жазушы:
«Ауру бала әкеге керек емес»
Газет тілшісі болған соң, мүгедек бала бағып отырған аналар келіп, газеттен көмек сұрайтын кездер болады. Тыңдап көрсеңіз, олардың әңгімесі әртүрлі. Мысалы, сондай ерекше баласы бар бір ана өзі басқа шаруамен айналысқанда баланы уақытша қалдыратын орталықтар болса деп ұсыныс білдіреді. Енді бірі «ерекше баласы бар аналарға қосымша жәрдемақы қарастырып, зейнетке ерте жіберу керек деп неге жазбайсыңдар?» деп келеді. Көбіне сырқат баласының ем-домына демеуші іздеп, жәрдем сұрап келетіндер көп. Олардың көпшілігі жалғыз басты аналар екенін байқадық. Баланың әкесі қайда?– деп сұрау ыңғайсыз. Әйтеуір, шырылдап жүрген шешелер. Мұң-мұқтаждарын тыңдайсың. Мақала жазасың, басқа қолдан ештеңе келе бермейді. Сосын… өзіңнің жүрегің ауырады. «Серіктің батпырауығы» деген новелланы осындай бір көңіл-күйдің әсерімен жаздым. Мұндағы кейіпкер ана Айым бастапқыда депрессияға түсіп, уақыт өте өзін іштей басқарып, әрі қарай жүруге күш табатын қаһарман әйел. Ол бір өзі – ана, тәрбиеші, дәрігер, психолог рөлінде, бұл үшін жалақы алмайды. Дүниеге сәби келді деп қуанған ата-ана үшін баласының «ерекше» екенін естудің азабын тек Айым сияқты аналар біледі. Бұл жүрекке түскен жарақат қана емес. Жарақат болса уақыт өте жазыларын білесің ғой, бұл – адамның өмірін 180 градусқа өзгертіп жіберетін қиын жағдай. Ерекше баласы бар аналардың көбіне жалғыз қалатынын, өз мұңымен, қиындығымен жалғыз күресетінін статистика да растайды. Егер қасында түсінетін, қолдайтын, көмектесетін адам болса оңайырақ болар ма еді. Ауру баланы қабылдай алмаған Серіктің әкесі үйінен кетіп қалды. Ол аздай көп ұзамай үйленіп алды. Және Айымға телефон шалып, «егер менің әйеліммен кездейсоқ кездесіп қалсаң оған біздің ауру баламыз бар екенін айтпай ақ қой» дейді. Оған бүкіл қоғам оның ұлынан бас тартатындай, ұлы өмір-бақи
бақытсыз болып өтетіндей көрінген шығар. Бұл жерде қоғамның да кінәсі бар. Бізде көп адам әлі күнге дейін мүгедектерді төменгі сатыдағы адамдар деп есептейді. Сөйтіп Серіктің әкесінің қиындықтан қашуға деген ұмтылысы, келешектің алдындағы қорқынышы жеңді. Мүмкін ол «бар өмірім енді осылай… ауру баламен өтетін болды, енді қалғаны көндігу мен кемтар баланы көріп азап шегу ғана» деп іштей күйзеліске түскен болар (ер адамдар үшін ұрпақ жалғастыру өте маңызды. Сонымен бірге «табиғаттың қателігі» сияқты баланың тууы ер адамның өз «менін» түсіруі де мүмкін). Сонымен
бірге бізде қиындықтан қорқатын әкелерге психологтың кәсіби көмегі жоқ екені де бір мәселе. Ал шетелдерде мұндай жағдайда баланы әкеге, ал әкені балаға бейімдеу жұмыстары жүргізіледі екен. Оларда «ерекше қажеттілігі бар» бала – қатал үкім сияқты қабылданбайды. Әкесі анасына «баланы арнайы интернатқа өткізейік» деген ойын айтады. Бұл шешім Айымға ауыр тиеді. Осы кезге дейінгі ерлі-зайыптыны байланыстырып тұрған
сүйіспеншілік күл-талқан болады. Бұл жерде Айымның да кінәсі бар, ол әкесіне баласын жақсы көруге және өзінің қалауынша отбасылық өмірге үлес қосуға мүмкіндік бермейді, ерекше баланың өміріне қатысуға оған орын қалдырмай, Серікке қатысты барлық шешімдерді өзі қабылдауға тырысады. Осы жерде өзіміз байқаған жайттарды да беруге тырыстық. Кейде Айым сияқты аналар баласын артық өбектеуге бейім, көбіне олар өзін баладан бөліп қарай алмайтын болып қалады. Бұл шектен тыс мейірім кейде баланың дамуына тежеу болуы да мүмкін. Айымның сегіз жылы бір орында тұрып қалғандай қиындықта өткенінің себебі осында болуы мүмкін. Ал егер әкесі қасында болса, баласынан бөлектенбей оған жақын болса, керісінше бұл Серіктің дамуына жақсы әсер беруі мүмкін еді. Осылайша өзін толығымен ұлына арнаған Айым күйеуіне аз көңіл бөледі, ол екінші орынға ысырылып қалады. Мүмкін Серіктің әкесі өзін керексіз, артық сезінген де шығар. Осындай мұңы бар аналардың әңгімесін тыңдағанда кейбіреуінің баласының саулығын жақсартуға кететін уақытты жіберіп алып өкінгендерін де көрдік. Біраз уақыт емшілерге барып уақыт жоғалтқандары да бар. Ал Айым болса дәрігерлерге сенеді, қанша қиналса да әрекет етуге күші жетеді. Кішкентай Серік анасының өмірге көзқарасын өзгертті, енді Айым ерекше баланың анасы ретінде қоғамның бейтарап көзқарасына және «ерекше қажеттілігі бар» балаларға қатысты орныққан пікірлерге қарсы тұруы керек болды. Баласын қатарға қосу үшін ізденді, талаптанды. Ол күрескер анаға айналды. Амалсыздан. Новелланың соңында
Айымның жетістігіне куә боламыз. Ұлы құлан-таза сауығып кетпесе де даму жағынан нәтиже бар. Айым бұл жеңіске аналарда ғана болатын махаббатпен, баласымен эмоционалды байланыс пен сүйіспеншілік орнату арқылы келді. Автор ретінде Серіктің келешегіне сеніммен қарай аламын. Оның өмірінде бәрі жақсы болуы керек.

ПСИХОАНАЛИТИК ПІКІРІ:
Жұлдыз ТӨЛЕУ, журналист, психоаналитик:
«Қазір нарциссизм ғасыры»
Адамзаттың дамуы жайында ежелгі мифологияда түрлі аңыздар бар. Оның ішінде ер адамның психологиясының дамуы екі мифологиялық аңызға ұқсас болады. Бірі ежелгі грек мифологиясындағы «Эдип патша» жайында аңыз, екіншісі Фирдоусидің «Шахнама» шығармасы. «Эдип патша» туралы аңызда оның әкесі Лай патшаға оракул «әйелің екіқабат, ұл туады. Бірақ ол ұл түбі сені өлтіреді, өзінің анасын әйелдікке алады» деп болжам айтады. Одан қорыққан Лай патша ұлы дүниеге келгенде, оны өлтіруге бұйрық береді. Бірақ қарамағындағылары сәбиді өлтірмей, басқа елге апарып тастайды. Кейін түбінде сол ұлы Эдип өзі өскен елде патша болып, соғыс кезінде туған әкесі Лайды өлтіреді де, туған шешесі Иокастаны әйел етіп алады. Ал «Шахнамада» керісінше. Әкесі Рүстем патша туған ұлы Сухрабты өлтіреді. «Эдип патша» туралы аңыз батыс өркениетіне тән, ал «Шахнама» шығыс мәдениетіне тән. «Эдип патшада» табиғи даму процесі бар. Бұл әкенің орнын ұл басады деген сөз. Бұл қоғамның дамуына да қатысты. Үлкендер зейнетке кетіп, жастарға орын беру, мүмкіндік беру деген мағынада түсінуге болады. Ал «Шахнамаға» келетін болсақ, өсіп келе жатқан ұлын әкесі «өлтіреді». Бұл табиғаттың даму процесіне қайшы. Мұндай жағдайда, отбасылық даму да, қоғам дамуы да тұралап қалады. Қазір шығыс пен батыстың даму процесі де осы екі аңызға өте ұқсас. Біздегі қазіргі Орталық Азия елдеріндегі даму процесі де өкінішке қарай, «Шахнама» аңызына ұқсас. Екіншіден, қазақ тарихын алып қарайтын болсақ, көшпенділер мәдениетінде де жеке тұлғалық даму деген болмады. Ру, тайпа, әулет,
ауылды басқаратын ақсақалдар болды. Бәрі соған бағынды. Яғни сол кезде ер азаматтар бағынатын «қаһарлы әке» образы қалыпты жағдай болды. Енді сол әулеттік дамудан тұлғалық дамуға қарай бет бұрылған сәтте, қазақ халқы өте ауыр қасіретті бастан кешті. Тұлға болып, топ жарған ер азаматтарымыздың дені атылып, қудаланып кетті. Бұл процесс те индивидтің дамуын кешеуілдетті. Негізінде кез келген қоғамның дамуына ықпал ететін жеке тұлға ғой. Көшпенділер дәуірі жүріп жатқан кезде, бір Абайдың тұлғалық дамуы тұтас қоғамның дамуына ықпал етті. Әлі күнге дейін Абайдың өлеңдері, қара сөздері жайында түрлі ғылыми еңбектер жазылып, әр адам өзіне тың дүниелер ашып жатады. Мұның бәрін айтып отырған
себебім, қоғамда жеке тұлғалық даму болмаған жағдайда, масылдық психология басым болып, адамдар психологиялық тұрғыдан инфантилді күйде қалып қояды. Инфантилді адамда ешқашан жауапкершілік болмайды. Ер азаматтардың өзіне жауапкершілік алмай, туған балаларын тастап кетіп жүре беретіні де сондықтан.
Инфантилді ер адамдар іштей «қаһарлы әкеге» зәру болып тұрады. Мысалы, біздің қоғамда радикалды діни ағымдарға бет бұрған ер азаматтар да осындай «қаһарлы әкеден» «пана» табушылар. Олар «ұстаздарын» «әке» ретінде қабылдайды ғой. Бұларға әйелдің үстінен әйел алып, оны «талақ» етіп тастай салу жауапкершілік емес, «әкенің» айтқанын бұлжытпай орындау «Құдайдың бұйрығын» орындаумен тең болады. Сосын бір отбасында оза шыққан ұл болса, соған салмақты көп салатын жағдай жиі кездеседі. Мысалы, мен бір жігітпен жұмыс істеп жатырмын. Өте білімді, еңбекқор жігіт. Өз күшімен ең үздік оқу орнын бітірген. Бірнеше тілді жақсы біледі. Оның арманы, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып, ел көріп, жер көріп, өзін әрі дамытсам деген. Бірақ әке-шешесі оқуды бітірген соң, біз сені оқыттық, енді жұмыс істеп, бізге үй салып бер дейді. Ол жұмыс істеп, ауылында кең сарайдай үй салып береді. Одан соң, ініңді ойла, ол әлсіздеу, соны үйлендіріп, оған да үй салып бер дейді. Оны да үйлендіріп, үйін соғып береді. Енді өзіне келгенде, ол депрессияға түсіп кеткен. Ешнәрсеге зауқы жоқ. Содан бәрін тастап, ішкілікке салынып кеткен. Біздің қоғамда бір әулеттің жауапкершілігін бір ер адамға жүктеп қоятын мысалдар өте көп. Ер адамды әлсіз ететін тағы бір жағдай, анасының шектен шыққан «махаббаты». Психоанализ тілінде «Эдип патша» туралы аңыздағы шешесі Иокастаның өз ұлына үйленуі деп аталады. Бұл процестер әрине бейсаналы түрде жүреді. Анасының махаббаты шексіз ұлдар өмір бойы бейсаналы түрді анасымен күресіп өтеді. Ол үйленгенде де, бейсаналы түрде әйелінен анасының образын көреді. Өзінен туған науқас баланы тастап кететін ер азаматтардың денін нарцисс деп айтсақ болады. Қазір нарциссизм ғасыры. Олар өздерін «Құдайға» теңейтін адамдар. Бұл өте қауіпті. Ал «Құдайдан» әрине тек «алып батырлар» туылуы керек қой. Сол себептен науқас баланы «құбыжық» ретінде көреді. Оған әрине әйелін кінәлайды.
Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ
«Заң газеті»

Комментарий