Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ХАНЫМДАР РӨЛІН ҚАЛАЙ БАҒАЛАЙСЫЗ?

Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, Үкіметтегі әйелдердің үлесіне қатысты ең жоғары көрсеткіш 2006 жылы тіркелген. Ол кезде елдегі 17 министрдің бесеуі әйелдер болған. Республика тұрғындарының жартысынан көбін әйелдер қауымы құрайтындықтан, біз бұл мәселеге қатысты сарапшылардың пікірін сұраған едік.

Әлихан БӘЙМЕНОВ, Астана мемлекеттік қызмет хабы (ACSH) Басқарушы комитетінің төрағасы:
– Әр мемлекет өз азаматтарының білімін, білігін, ынтасын, еңбегін еркін, әділ бәсекелестік жағдайында пайдаланатын жүйе құрса, онда ол мемлекеттің бәсекелестікке қабілеттілігі жоғары болады. Бұл мемлекеттік қызметке де қатысты. Егер біздің елде шын мәнінде министрліктерді басқаруға лайық, өздері сол саланың мәселесін толық түсінетін, халыққа саясатты дұрыс түсіндіре алатын және сол саясатты қалыптастырып, халықтың сеніміне ие бола алатын тұлғалардың ішінде әйел азаматтар болса, олардың Үкіметте жұмыс жасағанынан мемлекет ұтады. Ал қазіргі  заманда әлемде күрделі өзгерістер жүруде. ХХ ғасырда егер менеджерлердің көбісінің қолында тұрақты қалыптасқан құралдар, шешімдер жиынтығы болса, қазір менеджерліктен бөлек көшбасшылық деген ұғым алға шықты. Себебі, құбылмалы өмірде тезірек шешім қабылдап және бір мәселенің түйінін тауып қана қоймай басқа үдерістерге кері әсерін тигізбеу керек. Сондықтан да қазір бойында көшбасшылық қабілеті бар азаматтар болса оны еркек, әйел деп бөлмей қайсысы болмасын елдің, ұлттың мүддесіне жұмыс жасайтын болса олардың әлеуетін пайдаланған жөн.
Қоғамдық пікір алмасуда бір мәселе бар. Әр салада жетістікке жеткен- дерді өмірін отбасына арнап, дүниеге перзент әкеліп, тәрбиелеп отырғандарға қарсы қоймау керек. Белгілі бір кәсіппен тұрақты айналыспай тек бала тәрбиелеп, өсіріп отырғандар ұлттың дамуына айрықша орасан зор үлесін қосып жүр. Олар ұлттың болашағын қамтамасыз етіп отыр. Ендеше олардың ұлттың болмысын да, мәдениетін де, құндылықтарды да қалыптастыруда ерекше тұлға екенін ескеруіміз керек. Сондықтан олар да өздерінің лайықты бағасын алуы қажет.

Дания ЕСПАЕВА, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Тәуелсіздік жылдары Қазақстан гендерлік теңдік көрсеткіштерінің жақсаруына қол жеткізді. Алайда, Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) гендерлік теңдік туралы баяндамасына сәйкес, экономикалық қатысу, білім деңгейі, медицинаға қолжетімділік және саяси құқықтар мен мүмкіндіктерді кеңейту сияқты төрт негізгі көрсеткіштің арасында ең әлсізі әйелдердің саясатқа жеткіліксіз қатысуы болып табылады. Ал мен бұған мемлекеттік басқаруға қатысуды да қосар едім. Өкінішке қарай, ҚР Министрлер кабинетіне екі-ақ әйел ұсынылған және әйел вице-министрлердің саны да шектеулі. Өткен жылы ғана әкім болып алғаш рет әйел адам тағайындалды. Әйелдердің Парламенттегі қатысу үлесінің жағдайы жақсырақ. Соңғы 3 шақырылымда тұрақты өсу үрдісі байқалады. Егер 2011 жылғы сайлау қорытындысы бойынша әйелдердің қатысуы 19%-ды құраса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 22%-ды құрады. Осы жылғы сайлау қорытындысы бойынша депутат әйелдердің саны 27%-ға дейін артып, 29 депутатты құрады. Бұған, әрине, әйелдерге арналған сайлау квоталарын көздейтін «Сайлау туралы» заңның қабылдануы ықпал етті. Бұл депутат әйелдердің мәслихаттар мен Мәжілістегі өкілдігін арттыруға септігін тигізгені сөзсіз.Үкіметте, соттарда 1/3 бөлігі әйелдер болуға тиіс деп заң жүзінде бекітуді одан арғы бастама деп есептеймін. Әйелдер мен ерлердің билік құрылымдарына теңдестірілген қатысуына қол жеткізу, тең экономикалық мүмкіндіктерді, бизнесті дамыту және қызметте өсу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет. Бізде білімді әрі кәсіпқой әйелдердің табылатынына сенімдімін.

Комментарий