Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЖаңалықтар | Новости

Назгүл РАХМЕТУЛЛИНА, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы: «СУДЬЯ БОЛМАҒАНДА ЖУРНАЛИСТ БОЛАР ЕДІМ»

– Назгүл Мәуліханқызы, мерекеңізбен! Бұл мейрамның сіз үшін маңызы қандай? Кімдерді құттықтайсыз?

– Сізді де 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Бұл мейрам әйел адамның қоғамдық, отбасылық, тәрбиелік рөліне назар аударады, әйелді, қыз баланы құрметтеуге
шақырады. Гендерлік теңдіктің бір белгісі. Әрине, мерекеде біріншіден, анамды, қыздарымды, туысқандарымды құттықтаймын. Ал өзімді, әрине, сүйікті жолдасым, ұлдарым құттықтайды. Туысқандар, әріптестер де құттықтауға қосылады.

– Жоғарғы Сот судьясы болу кез келген жанның маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Бұл деңгейге қалай жеттіңіз? Сіздің жолыңыздың осы екенін қашан және қалай түсіндіңіз?

– Жоғарғы Сот соттар қараған істер бойынша соңғы нүктені қояды. Сондықтан, Жоғарғы Соттың судьясы болу, жалпы, судья болу – үлкен жауапкершілік, себебі судья адамның тағдырын шешеді. Алғашқы еңбек жолым адвокаттың көмекшісі болудан басталды. Одан соң компанияда заңгер болып, одан соң сотқа қатардағы маман ретінде келіп, бас маман деңгейіне көтерілдім. Жоғарғы Соттың судьясы болудың алдында 15 жылдан астам уақыт судья болып жұмыс істедім. Азаматтық, қылмыстық істерді қарадым, бірінші сатыдағы сот судьясы, тергеу судьясы да болдым. 5 жылдай апелляциялық сатыдағы судья ретінде қызмет атқардым. Судьялардың процестерді жүргізгендерін өз көзіммен көріп, сот істерін бірінші рет қолыма алдым. Бұл қызметтің адам тағдыры, әділдік үшін қаншалықты маңызды екенін осы кезеңдерде айрықша зерделедім. Осы жолда өмір тәжірибеден түйгендерім, бәлкім, судьялықтың менің кәсібім екенін ұқтырған болар. Бүгінде өмірді, адамдарды тануым, жинақтаған тәжірибем, өсу жолым, жетістіктердің дәмін сезінуім – бәрі осы қызметпен
байланысты.

– Судья ретінде алғаш жүргізген ісіңіз есіңізде ме? Қандай процестер ауыр деп ойлайсыз?

– Алғаш рет мен азаматтық істі қарадым. Бірақ қатты қобалжығаным жадымда қалды. Процеске, әрине, алдын ала дайындалдым, сот өндірісіне қатысты заң нормаларын бірнеше рет
оқыдым. Қанша іс жүргізгенім жайлы қазір нақты айта алмаймын. Азаматтық істерді қараған кезде бір уақытта өндірісімде 150-180 іс болған. Істердің қайсысы маңызды деген
сұраққа былай жауап берейін. Істің әрқайсысы маңызды, себебі, сот шешімі адамның өміріне, тағдырына әсер етеді. Десе де, бұл ретте ең ауыр өндіріс деп қылмыстық істерді айтуға болады. Өйткені, қылмыстық іс жәбірленушіге, оның өміріне, денсаулығына зиян келтіру жағдайына орай қозғалады. Процесте қайтыс болған жәбірленушінің туыстарының қайғырғанын, сотталушының өз әрекетіне өкініп жылағанын көресің. Сотталушы үлкен мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілген жағдайда оның туыстары қайғырып
жылап жатады. Сондықтан, қылмыстық процесс психологиялық тұрғыдан ең қиын деп айтуға болады. Мұны көру, процеске қатысушылардың жан азабын сезіну өте ауыр.

– Судьяның әдеттегі бір күнін суреттеп беріңізші. Процесс алдында әріптестеріңізбен кеңесесіз бе?

– Әрине, сот процестеріне алдын ала дайындаламын. Іс материалдарын мұқият оқимын. Процесс алдында, ол басталмай тұрып, тағы бір рет материалдарды қарап шығамын. Процесс өткізгеннен кейін шешім қабылдау керек, оның дәлелдерін толық негіздеу керек. Бір күнде әртүрлі құқықбұзуышылық бойынша бірнеше процесс жүргіземіз. Олардың әрқайсысына мұқият дайындалу қерек. Одан да басқа жұмыстар бар. Жаңадан түскен істерді, шағымдарды, арыздарды оқу керек, олар бойынша шешім қабылдау керек. Және де әрбір судья өзінің
кәсіби деңгейін көтеруге міндетті. Яғни заңға енгізілген өзгерістерді, сот практикасын талдау нәтижелерін үнемі қадағалап, оқып отыруымыз тиіс. Әрине, әріптестеріммен кеңесетін жағдайлар да болады. Себебі, апелляциялық, кассациялық сатыдағы соттарда көпшілігінде шешім алқалы кеңесте қабылданады.

– Сот шешімін қабылдау – үлкен жауапкершілік. Өз болмысыңызда қатардағы адам мен кәсіби судьяны қалай бітімге келтіре аласыз?

– Судья өз шешімін тек қана заңның негізінде қабылдайды. Заң кейде қатаң, кейде жұмсақ болады. Бірақ судья басқа шешім қабылдауға құқылы емес. Әрине, шешім қабылдау үшін қиналған жағдайым да болады. Іс бойынша жиналған дәлелдемелерге баға беру оңай емес. Мүмкін, шынында да сотталушы кінәлі емес шығар деп ойлайсың. Қандай шешім қабылдау қажет деп бірекі ай ойланып жүрген де жағдайлар болған.

– Сауатты әрі әділ шешім қабылдау үшін өзіңіз қаншалықты деңгейде ішкі түйсігіңізге сенесіз?

– Сауатты әрі әділ шешім қабылдау үшін біріншіден білім керек. Сонымен қатар, судьяның әділеттілікті жоғары қоятын ұстанымы, адамдарға деген жанашырлық сезімі болуы керек. Мен өз ішкі түйсігіме сенемін, сондықтан шешімді қабылдаудың алдында көп ойланып, оның барынша заңға сәйкесті гінің сыртында, әділ болуының барлық мүмкіндіктерін қарастырамын.

– Әділ шешім қабылдауға заңдарымыз қаншалықты мүмкіндік береді?

– Заң тақыр жерден пайда болмайды. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесетіндей» ыждағаттылықпен дайындалады. Сондықтан елдегі заң нормалары әділ шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Әрине, барлығы бірдей мінсіз деуден аулақпын. Кемшіліктің бәрі тәжірибе кезінде айқындалып жатады. Кейбір заңнамаларды қолдануда қиындықтар туады. Осы үрдісті жеңілдету үшін Жоғарғы Сот тарапынан нормативтік қаулылар қабылданатынын білесіздер. Көптеген заңнамалар жыл сайын қайта толықтырылып, өзгертіліп жатады. Мұның бәрі әлемдік тәжірибеде қалыптасқан әдеттегі үрдіс. Заңдар да өмірдің ағымына, қоғамдық қатынастардағы өзгерістерге қарай жетіліп тұруы қалыпты жағдай. Бізге қажеті оларды дер кезінде зерделеп, дұрыс қолдана білу.

– Судьяның қызметі қандай құжаттармен реттеледі? Жалпы, осы шешімім әділетсіз болды-ау деп өкініште қалатын кезіңіз болды ма?

– Судьяның қызметі «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңымен, Сот Әдебі кодексімен реттеледі. Олардың ережелерін, талаптарын сақтамағаны үшін тиісті шаралар қарастырылған. Мәселен, судьялар тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Менің қызметімде мұндай жағдайлар әзірге орын алған жоқ. Әрине, қабылдаған шешімдерімді апелляциялық, кассациялық сатыдағы соттардың өзгерткен кезі болған. Бірақ, менің тарапымнан шығарылған бірде-бір айыптау үкімінің негізсіз деп күші жойылған кезі жоқ.

– Судьялық қызмет несімен ұнайды? Жалпы, бұл қызмет қауіпті емес пе?

– Судьялық қызметтің жауапкершілігі жоғары болғанымен, өте қызықты жұмыс. Сот процесінде әртүрлі адамдармен кездесесің, түрлі тағдыр иелеріне жолығып, әртүрлі оқиғаларға
куә боласың. Қызметті қауіпті деп те санауға болады. Мен судья ретінде түскен материалдарды қарау үшін түзеу мекемелеріне де көп рет барамын. Қатаң режимдегі мекемеге де, туберкулезбен ауыратын науқастарға арналған мекемеге де бардым. Сол жерлерде кейде ешқандай күзетшісіз тек хатшымен бірге жұмыс істеуге тура келген жағдайлар болды.
Бұл әрине, қауіпті. Бірақ кәсібіңе сүйіспеншілік, қызметтік парызға деген адалдық бар жерде мұның бәрі қорқынышты емес.

– Бүгінде судьяларға қойылатын талап көп өзгерді. Талаптың күшейтілуі білікті мамандардың сотқа келуіне кедергі келтіріп отырған жоқ па?

– Дұрыс айтасыз, қазіргі таңда судья қызметіне талап күшейді. Қазір белгілі бір өмірлік тәжірибесі бар ересек адам ғана судья қызметіне тағайындалуы мүмкін. Сонымен қатар, күрделі көп сатылы іріктеуден өту қажет. Бұл талаптар да дұрыс деп санаймын, себебі судьяның жауапкершілігі үлкен.

– Судьялық қызмет мансаптың ең биік шыңы ма әлде заңгердің бұл тұрғыда мүмкіндігі шексіз бе?

– Барлық қызмет маңызды, қажетті. Судья, дәрігер немесе мұғалім болсын қай-қайсысының қоғам үшін маңызы зор. Олардың бәрі адамның өміріне әсер ететін әрекет жасайды, шешім
қабылдайды. Сондықтан, бір қызметтің екіншісіне қарағанда маңызы немесе мансабы биік деп айта алмаймын. Әйел адамға судья болу қиын деп санамаймын. Әйел адамның шыдамдылығы, ұстамдылығы осындай қызметті мінсіз атқаруға көмектеседі. Сот саласында әйел адамдар өте көп. Қылмыстық істерді қарайтын соттардың көпшілігінде қыз-келіншектер отыр. Өз қызметіме байланысты ешқандай қысым көрген емеспін. Мұның өзі сот саласында айымдардың алаңсыз еңбек етуіне толық жағдай жасалғанын көрсетеді.

– Судья болмасаңыз кім болуыңыз мүмкін еді?

– Судья болмасам, мүмкін журналист болар едім.

– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий